«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақпарат жүгін арқалаған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қиындығы мен қызығы мол журналистиканың есігін екінің бірі еркін ашып кіре алмайды. Ал табалдырығын бір аттаған екенсіз, онда бар болмысыңызбен осы салаға бет бұрып, ақпарат ісі жай ғана кәсіп емес, өмір салтыңызға айналып кетеді. Біздің кейіпкеріміз де жас шағында осы саланың тізгінін ұстап, күні бүгінге дейін медианың маңайында қызмет етіп келе жатқан жан.

Жыл өткен сайын журналистиканың ауқымы кеңейіп, келбеті өзгеріп келеді. Бүгінде журналистиканың жаңа салалары мен жанрлары көп. Әлеуметтік желідегі жаңалықтар парақшасының жүргізушісінен бастап, кәсіби мамандарға дейін осы саланың ауылына кіреді. Осы күні БАҚ өкілдері атсалысып, қатынаспайтын сала жоқ десек, артық айтқандық емес. Әрбір үлкен мекемелерде баспасөз хатшыларының болуы да халыққа жылдам әрі шынайы ақпарат таратудың маңыздылығын көрсетеді. “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының баспасөз хатшысы Сағынгүл Іргебаеваның осы жүкті қайыспай көтеріп келе жатқанына да он жылдың жүзі болыпты.

Жамбыл ауданында дүниеге келген кейіпкеріміз кейін жергілікті университетті журналистика мамандығы бойынша тамамдапты. Біршама уақыт туған жеріндегі аудандық газетте еңбек еткен. Журналистік жол Сағынгүл Іргебаеваны облыс орталығына жетелеп, ол өңірлік басылымда тер төкті. Алғашқы сәттен ол өзінің кәсіпкерлік, құқықтық салада жүйрік жазатын салалық журналистиканың маманы екенін көрсетті. Өндірте жазып, жетістік-кемшілігіне қанық болған журналиске кейін кәсіпкерлер палатасынан ұсыныс түсіп, ол осы мекеменің баспасөз хатшысы атанады. Кейіпкеріміздің алдымен баспасөздің қазанында қайнап барып, кейін осындай қызметке тағайындалғанының да оң әсері болған сияқты. Жаңа жұмысында да ол өзінің кәсіби қасиеттерін жоғалтпай, дер кезінде ақпарат беріп, өзекті мәселелерді көтеруде өзге әріптестерінен ілгері келеді. Әйтпесе журналистік мектептің тәлімін көрмей жатып осындай жұмыстарға орналасып, кейін өзі де сол мекеменің шенеунігіне айналып, қағазбастылық пен біржақтылықтың шеңберінен шыға алмай қалатын әріптестеріміз де жоқ емес. Ондай ұйымдардың жұмысын жұртшылыққа көрсету де кейіндеп, түйткілді мәселелер тасада қалып жатады. Сірә, мемлекеттік мекемелер мен түрлі ұйымдардағы шенеуніктер мен басшылардың ортасында “арпа ішінде бір бидай” сияқты жұмыс істеп жүріп, журналистік жалын мен сыни көзқарас, шығармашылық шеберлікті жоғалтып алмау оңай емес болса керек.

– Баспасөз хатшысы болған соң да жазудан қол үзген емеспін. Алайда мұнда осы ұйымның өкілі ретінде жұмыс істеу керек. Осы саланың қыр-сырын меңгеру қажет. Өзім бұрын журналист болғандықтан БАҚ өкілдерімен қалай жұмыс істеу керек екенін, оларға не қажет екенін, ақпаратты жедел беру қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Әсіресе өткір мәселелер туралы сұрақтарға дер кезінде жауап берілуі керек. Өзім де күнделікті телеарна, газет, интернет басылымдарды шолып шығамын. Ондағы әріптестеріммен байланысым үзілген емес. Кейде журналистер шақырылмайтын шаралар болады. Мұндайда материалды дайындап, ақпарат құралдарында жариялау міндетін өзім атқарамын, – дейді Сағынгүл Іргебаева.

Бүгінде Сағынгүл Іргебаеваның салаға қатысты материалдары өңірлік баспасөзде ғана емес, республикалық газеттерде де жарияланып келеді. Сонымен қатар ол елдегі бизнес пен экономикаға қатысты беделді “Іnbusiness” басылымымен тығыз жұмыс істейді.

Кейіпкеріміз тек өзі жұмыс істейтін ұйым туралы ақпарат таратып, оның беделін көтерумен ғана емес, осы саладағы мәселелердің оң шешімін табуына да ықпал етіп келеді. Жұмысында қойылған шектеуге қарамастан қажетті ақпараттарды жариялап, табандылық танытатын кездер де болады. Ақпарат саласындағы еңбекқорлығы мен жігері үшін өткен жылы ол облыс бойынша үздік баспасөз хатшысы атанған.

Халық пен биліктің арасында көпір болып келе жатқан журналистердің міндеті – тек атқамінерлердің жұмысын көрсету ғана емес, халықтың мұң-мұқтажына жауаптыларды құлағдар етіп, түйіннің шешілуіне әсер ету. Біржақты, есеп-қисапқа негізделген жалаң ақпараттың дәуірі әлдеқашан өткен. Сағынгүл Іргебаеваның бір ерекшелігі – өңірдегі кәсіпкерлікке қатысты мәселелерді ашық көтере білуінде. Сөз арасында ол осындай бірнеше оқиғамен бөлісті. Бірде кейіпкеріміздің облыс кәсіпкерлерінің басындағы қиындығы туралы жазғаны республикалық басылымда жарық көреді. Аталған материал ақордадағылардың да көзіне түскен. Сөйтіп, Мемлекет басшысының шұғыл тапсырмасымен түйткіл өз шешімін тапқан.

– Өңірімізде журналистиканың іргелі мектебі бар. Солтүстікқазақстандық журналистердің кәсіби шеберлігі республика деңгейінде мойындалған. Бүгінде елге белгілі ақпарат құралдарында жұмыс істеп жүргендердің ішінде Қызылжардан қанат қаққан білікті мамандар көп. Алайда сала мамандарының табысы тиісті деңгейде емес екені жасырын емес. Сондықтан да бірнеше жерде жұмыс істейтіндер бар. Алдағы уақытта БАҚ өкілдері еңбегіне қарай жалақы алса екен деймін. Журналистерге жүйрік қалам, ойлы оқырман мен тыңдармандардың көп болуын тілеймін, – дейді Сағынгүл Іргебаева.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

СУРЕТТЕ: С.Іргебаева (сол жақтан екінші).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp