Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау – өте көкейкесті мәселелердің бірі. Қазақстан бұл саланың дамуына жүйелі түрде атсалысып, халықаралық ынтымақтастықта белсенділік танытып келеді. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттардың құрылуы ювеналды әділет жүйесін дамытудағы маңызды қадам болып табылады.
Жеткіншектердің құқықтарын қорғау бойынша 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Азаматтық процестік кодекстің 27-ші бабына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Онда былай деп жазылған: “Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу, баланың тұрғылықты жерін айқындау, бала асырап алу және оның күшін жою, бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы арыздар бойынша, алименттердің мөлшерін өзгерту туралы, кәмелетке толмағандардың еңбек, мұрагерлік, тұрғын үй құқықтарын қорғау туралы азаматтық істерді қарайды және шешеді”. Осылайша жасөспірімдер құқықтарының қорғалуы заңнама шегінде кеңейтілді. Бұрын кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу (кәмелетке толмаған балалар болған кезде), еңбек, мұрагерлік, тұрғын үй құқықтарын қорғау туралы істер жауапкердің тұрғылықты жері бойынша аудандық және оған теңестірілген соттарда қаралып келсе, бұдан былай кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот арқылы жүзеге асырылады. Былтыр сот қарауына 1111 талап-арыз түсіп, 642 азаматтық іс қаралса, биыл 456 талап-арыз түсіп, 310 азаматтық іс қаралды. Статистикалық талдауға қарағанда, азаматтық істердің күрт өскені байқалады.
Жаңадан енгізілген өзгертулерге байланысты сотта кәмелетке толмағандар құқықтарының қорғалуының ерекшеліктері жоқ емес. Мәселен, кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу туралы азаматтық істерді қарау кезінде уәкілетті қамқоршылық, қорғаншылық органның ата-аналар арасында баланың әкесімен не анасымен қай күндері қарым-қатынас жасау туралы шешімі сотқа міндетті түрде берілуі тиіс. Бұған қоса ата-анасының тұрғылықты жері бойынша тұрмыстық-үй жағдайын анықтау туралы акт сотта қаралатын болады. Газет оқырмандары тарапынан бұл не үшін қажет деген ой туындауы мүмкін. Қадап айтарымыз, баланың құқықтарын қорғау басты талап болып қала береді. Егер оған тұрғылықты жерінде қалыпты әлеуметтік жағдай жасалмағаны тіркелсе, сот өз тарапынан тұрмысы бақуатты ата-ананың қарамағына қалдыра алады. Тәжірибеден байқалғандай, кәмелетке толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың некені бұзу кезіндегі істерді қарау барысында баланың тұрғылықты жерін анықтауға, ата-анасының біреуімен тұруға қатысты даулар жиі кездеседі. Сондықтан сот міндетті түрде психологты қатыстыра отырып, баланың психикалық жай-күйін, жеке психологиялық ерекшеліктерін, баланың әкесіне не шешесіне және отбасының басқа мүшелеріне қатынасын, қалыптасқан жанжалды ахуалдың психикалық жай-күйіне әсер етуін, ата-анасына бауырмалдық деңгейін және әрқайсысымен қарым-қатынас қажеттілігін анықтау мақсатында психологиялық диагностика жүргізіледі. Әр ата-ананың психикалық жай-күйі, жеке психологиялық ерекшеліктері, ата-аналық ұстанымы мен тәрбиелеу стилі ескеріледі. Психологтың талдау нәтижесі негізінде баланың ата-анасының қайсысына бауырмал, етене жақындығы нақтыланады. Баладан сұрау кезінде әкесі немесе анасынан қорқатын белгілері байқалса (психологтың анықтамасы бойынша), материалдық және психологиялық тұрғыдан бала қай ата-анасына жақын болатын болса, сот баланың тұрғылықты жерін сол ата-ана арқылы анықтайды. Бұдан бөлек, баланың денсаулығы мен өміріне қауіп төнетін жағдайлардың бәрі сотта жан-жақты зерделенеді.
Бұрын аудандық соттарда тек некені бұзу мәселесі бойынша шешім шығарылып келсе, енді қорғаншылық, қамқоршылық органның қатысуымен қаралып, баланың өмірі, денсаулығы мен өсіп-дамуына байланысты барлық мән-жайлар басты назарға алынады. Осындай жаңа пайымдаулар бала құқығын қорғауда маңызды рөл атқарары сөзсіз. Ата-аналарға айтарымыз, бала мүддесін қорғауды бірінші орынға қойыңыздар. Ең бастысы, баланың тұрғылықты жерін анықтауда дау тудырмай, өзара бітімге келудің жолдарын медиация, татуласу тәртібімен шешкен дұрыс.
Арай ӘБІЛМӘЖІНОВА, облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы.