Есімдері елімізге танымал ғалымдардың, әскери тарихшылардың, журналист-жазушылардың, саясаттанушылардың қатысуымен Есіл ауданы, Ақтас ауылында өткен республикалық ғылыми-танымдық конференцияға “Қазақ жауынгерлері Ұлы Отан соғысында” тақырыбының алынуы кездейсоқ емес. Әлемдік, отандық сарапшылар келтірген деректерге қарағанда алты жыл бойы төрткүл дүниенің астаң-кестеңін шығарған екінші дүниежүзілік соғыс қасіреттілігі жағынан бұрын-соңды болмаған орасан ауқымдылығымен сипатталады – үш құрлықты, 40 мемлекетті қамтып, 60 млн.-нан астам адам қаза тапқан.
Ал 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысына келетін болсақ, оның да адамзат тарихында алатын орны бөлекше. Газетіміздің 11 маусым күнгі санында “Тағзым” айдарымен жарық көрген “Қаралы қағаз жіберіп, қаншама қайғы салды оқтар…” атты мақалада бақайшағына дейін қаруланған жаумен шайқасуға Аяған әулетінен аттанған ақтастық жауынгер Қасымның жерленген жері Венгрияда екені анықталып, туған жеріне топырақ әкелінгені жазылған болатын. Конференция алдында тоғыз жылдық мектеп жанындағы мемориал қасында Қасым Сәрсенбіұлының құрметіне орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, капсулаға толтырылған топырақ салынды. Онда сөйлеген сөзінде ауған соғысының ардагері Асхат Қоспанов, тағы басқалары ата-бабамыз аманат етіп қалдырған сара жолды даңқты дәстүрлерге адал жас өскін жалғастырарына үлкен сенім білдірісті.
Алқалы жиынды ұйымдастырушылардың бірі және оны жүргізіп отырған модератор, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяғанның айтуынша, статистикалық мәліметтерде бірізділік жоқ. “Аса құпия” құжаттарға біртіндеп қол жеткізілгеннің өзінде “ақтаңдақтар” әлі аз емес. Мәселен, Сталиннің кезінде адам шығыны 6 млн., Хрущев тұсында 12 млн. деп көрсетілген. 1991 жылы құрылған арнайы комиссия 26,8 млн. адамның опат болғанын есептеген, бұл – КСРО-ның соғыста айрылған адамдар санының ең төменгі шегі ғана. Оған хабарсыз кеткендерді, тұтқынға түскендерді, тылдағы өлім-жітімді, есепке алынбағандарды қосса, жоғарғы шек 40 млн.-ға жуықтайды.
Саналы ғұмырының көп бөлігін педагогика саласына, мемлекеттік қызметке арнаған, зейнетке шықса да, қоғамдық жұмыстардан қол үзбей келе жатқан Бердібек Тоқпановтың баяндамасы әсерлі шықты.
Сөзінің әлқиссасын “Сұм соғысты көз алдымызға елестетсек, жаңғырығы сананы тұмшалап, жүректі сыздатады”, – деп бастаған Бердібек Саттарұлы еншісі бөлінбеген, ошақтың үш тағаны іспеттес Бұлақ, Қарағай, Ақтас ауылдарына қатысты көз майын тауысып жинаған шежіре-жылнама деуге тұрарлық цифрларды жұртшылық алдына жайып салды. Қарауылдың Жақсылық тармағынан тарайтын Шуаш, Төлек, Құлтабар ұрпақтарынан сол кезде 191 шаңырақ болса, олардан 207 азамат қанды жорықтарға қатысып, 117-не топырақ жат жерден бұйырған. Бір ғана Ақтас ауылынан 58 боздақтың 41-і туған жеріне оралмаған. Отан үшін от пен оқтың арасында жүрген, жанын қиған есіл ерлердің есімдері тасқа қашалып жазылып, әр елді мекенде ескерткіш белгі мен тақта қойылған. Тылда қалған шал-шауқан мен шиеттей бала-шаға қол соқаға жегілген сиырмен жер жыртып, тұқым сеуіп, адам айтқысыз ғаламат ауырлықты қара нардай қайыспай көтере білді. Олардың қатарында Күләндам, Бикамал, Зарбап, Ендіғой, Күлпаш, Бәтима, тағы басқа әжелеріміз бар. “Ақтас” ұжымшарында бар-жоғы 2 шөп шабатын шалғы, 2 лобогрейка, 4 тырма болғанына қарамастан 1067 гектар алқапқа астық өсіріп, бидайдың гектар берекілігін – 12,5, арпаны – 13, сұлыны – 13, тарыны – 10, картопты 50 центнерден айналдырған.
Генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы Абай Тасболатов “әскери мекемелердің ресми мәліметтеріне сәйкес, соғыс жылдары елімізде 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық полктар мен батальондар жасақталған. Майданға 1 млн.200 мың адамнан 1 млн. 400 мың адамға дейін аттанған. 600 мыңға жуығы соғыстан оралмаған, олардың 270 мыңына “қара қағаз” келген. Шын мәнінде адам шығыны бұдан да көп болуы ықтимал. Алдағы уақытта ел тәуелсіздігі және ел мүддесі тұрғысынан мұқият зерттеуді қажет ететін кешенді іс-шаралардың бірі осы екені даусыз”, – дей келіп, “қызыл ізшілдердің” тегеурінді де қажырлы жұмыстарының арқасында 30 мың жауынгер сүйегінің табылғанын жеткізді. Абай Бөлекбайұлы өз ойын қазақтың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлының “Біздің халық соғысқа ерлікпен қатысты, бірақ оның құны өте қымбат. Осы күні ауыл толған жесірлер мен жетімдер. Соғысқа барған жүз қазақтың жетпіс-сексені қайтқан жоқ, себебі маған айқын – әскери тәжірибе, әскери тәрбиенің дағдылану нашарлығы”, – деген естелігімен түйіндеді.
Ақиқат алдаспандары Баукең мен Шерхан Мұртаза секілді жерлестерінің даңқын асырып жүрген мемлекеттік қауіпсіздік саласының генерал-майоры Сейітжан Қойбақовтың сөзі де жиналғандарға үлкен ой тастады. Оның отанды қорғау, оған адал қызмет ету – қасиетті де қастерлі борыш. Бүгінгі өскелең ұрпақ Бауыржан атамыздың “Отан үшін отқа түс, күймейсің” деген нақылын басты ұстаным етуі тиіс. Қазір Қазақстанда сарбаздар әскер қатарында бір жыл ғана болады. Осы берілген мерзімді тиімді пайдаланып, әскери өнерге мықтап машықтанудың орнына азаматтық міндетін өтеуден жалтаратындар жоқ емес. 30 мың бозбаланың көктемгі әскери шақырудан қашып жүргені қынжылтады. Бұдан соң қандай патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік күтуге болады?” – деуінде үлкен шындық жатыр.
Қоғам қайраткері, Жазушылар одағының облыстық филиалының төрағасы Жарасбай Сүлейменовтің қан майданда ерлікпен қаза тапқан боздақтарды ұлықтаумен бірге туған жерін түлетуге аянбай қызмет етіп жүрген ауыл азаматтары да ұмыт қалмағаны жөн, сондықтан арнайы бағдарлама болмаса қосымша сабақтар аясында ерен еңбектері дәріптеліп отырса деген ұсынысы жұртшылық тарапынан қолдау тапты.
Басқа да сөйлеушілер жүрекжарды тілектерімен бөлісті.
Қасым әулеті білім ошағына кинопроектор мен интерактивті тақта сыйлады. Осы жолдардың авторы Есқали отбасы атынан бейнекамера тарту ететін болды.
Конференция соңы мектеп оқушыларының концертіне жалғасты. Соғыста шейіт болған боздақтардың рухына құран бағышталып, ас берілді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.