Өңірде былтыр 6 мыңға жуық әйел босанса, соның 46-сы – кәмелет жасына толмағандар. Биылғы бес айда 7 жасөспірім қыз өмірге нәресте әкелген.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде халықтың репродуктивті денсаулығын қорғау апталығының басталуы туралы баспасөз конференциясы өтті. Облыстық перинаталдық орталық директоры Елена Калюжнаяның айтуынша, қазіргі уақытта облыста 15-49 жас аралығында шамамен 116 мыңнан астам әйел тұрады. Олардың жартысына жуығы түрлі аурулар бойынша есепте тұр.
“Бүгінгі күні перинаталдық орталықта денсаулығында кінәраты бар, салдарынан іштегі баланың шетінеп кету қаупі жоғары 25 жүкті әйел тіркелген. Олар Астана қаласындағы Ана мен бала орталығында босанады деп жоспарланған. Өңірде отбасын жоспарлау бойынша 18 кабинет жұмыс істейді. Сондай-ақ, перинаталдық орталықта пренатальды скрининг арқылы ұрықтың даму ақаулары анықталады, бұл жүктіліктің уақытылы үзілуіне ықпал етеді”, – дейді орталық директоры.
Облысқа “Аңсаған сәби” бағдарламасы аясында 3 жыл ішінде экстракорпоральды ұрықтандыруға 608 квота бөлінген, 194 жағдайда нәтиже оң болды. Соның ішінде 25 егіз дүниеге келді. Биыл өңірге 189 квота бөлінді, оның 84-і мақұлданды, бағдарламаға қазір 67 ерлі-зайыпты қатысып жатыр.
“Өткен жылы 2 188 жасанды түсік жасалды. Жүктілікті жасанды жолмен тоқтатқандардың ішінде 14 жасөспірім бар. Бүгінгі таңда облыста жасөспірім қыздардың саны – 10 450, оның ішінде 502 қыздың экстрагениталды патологиясы бар. Жүктілік бойынша 38-і есепте тұр. 2024 жылдың 5 айында 7 жасөспірім қыз босанды, былтыр осы кезеңде 19 жасөспірім қыз дүниеге сәби алып келген болатын. Биыл 5 айда 889 жасанды түсік жасалса, оның төртеуі жасөспірімдерге тиесілі”, – дейді Елена Калюжная.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.