Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің төралығымен облыстық әкімдіктің отырысы өтті. Жиында екі мәселе талқыланды. Алғашқысы – елді мекендердегі автожолдарды жөндеу болса, екіншісі – шомылу маусымындағы тұрғындардың қауіпсіздігі. Мемлекет басшысының нормативті жағдайдағы автожолдардың үлесін 95 пайызға жеткізу тапсырмасын орындау мақсатында облыста кешенді шаралар қолға алынған.
Бүгіндері Еленовка-Арықбалық-Чистополье-Есіл тас жолының Салқынкөл ауылы маңында көпір құрылысы жүріп жатыр. Андреевка-Бостандық, Покровка-Ильинка-Мектеп, Дәуіт-Ленинградское ауылдары арасындағы жолдарды күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Саумалкөл мен Новоишимское ауылдары арасындағы жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Ленинградское-Алқатерек және Григорьевка-Токуши жолдарын жөндеу аяқталған. Жалпы облыстағы автомобиль жолдарын жөндеуге 48 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Соның ішінде аудандық маңызы бар жолдарды жөндеуге 23,3 млрд. теңге бағытталды. Бірақ бүгінге дейін бұл қаражаттың тек 18 пайызы яғни 4,2 млрд. теңгесі ғана игерілді. Жалпы қазір 145 жоба іске асырылып жатыр. Оның 16-сы облыстық және 49-ы аудандық маңызы бар жолдарға қатысты. Бұдан бөлек, елді мекендердегі көше жолдарын жөндеуге қатысты 57 жоба қолға алынған. Бұған қоса Петропавлда 23 жоба жүзеге асады. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерден Шортыбаевтың айтуынша, облыстық маңызы бар жолдарды жөндеуге 11,6 млрд. теңге бөлінді. Қазір 8 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Ондағы жөндеу тамыз айында аяқталады. Сондай-ақ, Андреевка-Бостандық ауылдарының арасындағы 11 шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. Өткен жылы 4 километрі жөнделген. Биыл 3 шақырымы қалпына келтіріледі. Республикалық маңызы бар жолдардың биыл 385 шақырымы жөнге келтірілмек. Дәуіт пен Талшық ауылдары арасындағы және Кішкенекөл ауылына баратын жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақмола облысының шекарасынан бастап Бескөл ауылына дейінгі 7 учаскеде Жезқазқан-Петропавл республикалық жолын орташа жөндеу жалғасуда. Мамлютка-Қостанай республикалық тас жолы да жаңартылады, мұнда 10 учаске жөнделмек.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов отырыста кейбір аудан әкімдерінің жұмысын сынға алды. Себебі жолды жөндеуге бөлінген 15 млрд. теңге игерілмей қалған. Мемлекеттен қаржы бөлінгенімен, сапалы жолға әлі қол жеткізе алмай келеміз. Биыл жолдарды қайта қалпына келтіруге, жаңартуға, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарына барлығы 22 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бүгінде оның 41 пайызы, яғни 9,3 млрд. теңгесі игерілді.
“Челябі-Новосібір автожолының 18 шақырымына асфальтбетон төселді. Жобаны аяқтау үшін тағы 12 шақырым жол төсеу керек. Биыл 6,1 млрд. теңге қаржы бөлініп, оның 2,2 млрд. теңгесі игерілді. Жолдарды күтіп ұстау үшін 3 млн. 536 мың теңге қарастырылған. Оның 2 млн. теңгесі игерілді”, – дейді “Қазавтожол” ҰК” акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Қанат Өсербаев.
Өкінішке қарай кейбір жөнделіп жатқан жолдардың сапасы сын көтермейді. Облыс әкімі Ғауез Торсанұлы жауаптыларға жобаларды сапалы әрі мерізімінен кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Жол мәселесін шешу үшін мемлекеттен бөлініп жатқан қаржы қыруар, сондықтан нәтиже де жақсы болуы тиіс.
“Жамау-жамау жолдардың кесірінен апат жиі болып, көліктер жол жиегіне шығып кетеді. Өйткені шұңқырларға асфальт дұрыс төселмейді. Қаржы бөлінді. Жұмыстың уақытында әрі сапалы орындалғанын қадағалайтын боламыз”, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өңір басшысы тиісті басқармалар мен аудан әкімдеріне барлық процедураларды жеделдетіп, жөндеу жұмыстарын дер кезінде жүргізуді, жолдарды жөндеу сапасына тиісті бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Әкімдік отырысында суға шомылу маусымында адамдардың өліміне жол бермеу үшін қолға алынған шаралар жайы да талқыланды. Оған себеп те жоқ емес, маусым айы басталғалы өңірде үш жасөспірім суға кетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, әкімдік инспекторлары халық шомылуға көп баратын орындарды тексеріп шықты. Есіл, Қызылжар, Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда, Петропавлда арнайы жарақтандырылмаған шомылатын орындарда қауіпті ескертетін бір де бір белгі болмаған. Жергілікті атқарушы органдар бұл жерлерде мобильді құтқару бекеттерін ұйымдастырмаған.
“Балалар суға кеткен соңғы үш жағдайда да өзен-көлдің басында суға шомылуға тыйым салынатындығы туралы ескерту болмаған. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның екі жағажайында қауіпсіз демалыс үшін жағдай жасалмаған. Яғни олар демалушыларды қабылдауға дайын емес, мұнда суға шомылу қауіпті. Петропавлда екі арнайы орын белгіленген. Соның бірі – Есіл өзенінде қауіпсіз демалыс үшін қандай да бір инфрақұрылым жоқ. Сондай-ақ бұл жағажайдың айдынын тексерген кезде, жағадан 1,5-2 метр қашықтықта су астындағы топырақты тасқын 6 метр тереңдікке дейін шайып кеткендігі анықталды. Сол себепті бұл шомылатын орынды белгіленген нормалар мен талапқа сай келтірілгенше жабу қажет”, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Дмитрий Растихин.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта өңірде суға шомылуға арналған 60 орын бар, оның 50-і ғана қауіпсіз. Айыртау ауданындағы демалыс орындарының 6 жағажайы әзірге жабық, ал төртеуі: Есіл өзеніндегі қалалық жағажай, Абакшино демалыс орнындағы және Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның екі жағажайы адамдардың қауіпсіз демалысына дайын емес.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.