Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында 5 жасар бала ойнап жүріп, үйден алыстап кеткен. Әке-шешесі өздігінен таба алмағандықтан, полицейлердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болыпты.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ауыл тұрғыны “102” телефонына қоңырау шалып, 5 жасар қызының жоғалғанын хабарлады. Ата-анасы, туғандары төңіректі қарап шыққан, бірақ баланы таппаған.
Аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы дереу іздеуге кірісті. Ауыл ішін аралау нәтиже бермеген соң, полицейлер іздестіру аумағын кеңейтті. Нәтижесінде жоғалған бүлдіршін Жезқазған – Петропавл тас жолының бойында Подгорное ауылы бағытында шамамен үйден 5 шақырым жерден табылып, аман-есен ата-анасына қайтарылды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.