«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІБІ ӨРГЕ БАСЫП, ТАБЫСЫ АРТТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қарызсыз қоғам” жобасы аясында білім алып, бизнес-жоспарын сәтті қорғаған Мамлютка қаласының тұрғыны Әлфия Бекчентаева қазіргі таңда бизнесін кеңейтіп, табысын екі есеге арттырған.

2021 жылдан бастап ет өнімдерін сатумен айналысып келе жатқан кәсіп иесінің бұған дейінгі орташа табысы шамамен 300 мың теңгені құраған. Кәсібін әрі қарай дөңгелету үшін шағын ғимаратты жалға алғанымен, ай сайынғы шығындары және жеткізушілермен есеп айырысу кәсіпкердің қалтасына біраз салмақ түсіреді. Толғандырған мәселенің шешімін іздеген Әлфия ізденуден еш жалықпай, нәтижесінде әлеуметтік желі арқылы “Қарызсыз қоғам” партиялық жобасы туралы біледі. Жеке кәсіпкер жоба арқылы өзін мазалаған сұрақтарына жауап алып, бизнес жүргізудің қыр-сырын үйренеді.

– Алдымен қаржы сарапшысының екі консультациясынан өттім. Содан соң, кәсіптен түскен пайданың 20 пайызын айына 2 рет депозитке саламын деп шештім. Нәтижесінде бизнесім өрге басты. Негізі мен бұған дейін супермаркетте 5 жыл жұмыс істеген едім. Тәжірибем бар. Ет нарығын зерттеп, өз дүкенімді аштым. Тұтынушыларды қызықтыру үшін түрлі жарнамалар жасадым, – дейді Әлфия Бекчентаева.

Арнайы оқудан өткеннен кейін жеке кәсіпкер күн сайын бизнестің кірісі мен шығысын есептей бастайды. Осылайша түрлі талдаулар жасап, теориялық білімін іс жүзінде жүзеге асырып отырады. Кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама туралы біліп, 5 миллион теңгелік грантқа конкурсқа қатысуға шешім қабылдап, сарапшымен бірге бизнес-жоспар құрады.

Қаржылық сауатын да, табысын да екі есеге арттырған кәсіпкер “Күміс жас” бағдарламасы бойынша бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.

Мамандардың айтуынша, биыл “Қарызсыз қоғам” жобасы бойынша екі мыңға жуық солтүстікқазақстандық қаржылық сауатын арттырған. Жыл соңына дейін тағы екі жарым мың адам оқу курсына қатысады. Аталған жоба бойынша берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқудан өте алады.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp