«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ойыннан өрт шықпасын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өртке қатысты ста­тистикалық мәлімет­терге көз жүгіртсек, адам жанына қаяу түсіре­тін небір келеңсіз фактілерді кездестіруге бола­ды. Тілсіз жау салдарынан жыл сайын елімізде 370 адам көз жұмады екен. Былтыр Абай облысы­ның “Семей-орманы” ре­зерва­тын­да асау аттай бас бермеген өрт 14 ор­маншы мен бір трак­торшыны мерт қылғанын ұмыта қойған жоқпыз. Ор­ны толмас осы­нау зіл­бат­пан қасіретке байла­нысты ел тарихында ал­ғаш рет жалпы­ұлттық Аза тұту күні жария­ланғаны белгілі.

Иә, салдары үлкен өкінішке ұрындыратын табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың бірі – өрт. Тағы да цифрларға жүгінейік. 2014-2023 жылдар аралығында республика бойынша орта есеппен жыл сайын 13 681 өрт тұтанған көрінеді. Соңғы 10 жылда қызыл жалын жыл сайын 371 адамды жантәсілім еткен. Өңірде жыл басынан бері 100-ден астам өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 13 адам қаза тауып, 23 адам түрлі дене жарақатын алған. Келтірілген шығын – 50 млн. теңге. Сондықтан қауіпті кезеңге дайындық барысын жан-жақты ұйымдастырып, толыққанды қауіпсіздікті қамтамасыз ету мемлекеттік органдардың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта аймақтағы орман шаруашылықтары 23 өрт сөндіру техникасымен және 87 трактормен жабдықталған, 16 орман өртін сөндіру бекетінде осыншама интерактивті бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жеті орман шаруашылығына өртті ерте анықтаудың автоматты жүйелерін орнату жоспарланған. Былтыр 30 патрульдік автокөлік, сегіз тіркемелі өрт сөндіру модулі мен қондырғылары сатып алынса, биыл екі өрт сөндіру көлігі, сегіз трактор және 12 квадрокоптер әкелінбек. Осылайша орман шаруашылығын техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші 87 пайызды құрап отыр.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Аслан Ахметжановтың айтуынша, тез арада шешімін табатын проблемалар аз емес. Мәселен, 285 елді мекенде сумен қамтамасыз етудің балама көздерін салу жайы қолға алынбаған. Яғни өрт бола қалған жағдайда су алатын ұңғымалар, қолдан жасалған су қоймалары жоқ деген сөз. Сондай-ақ су алу үшін арнайы пирстер де қойылмаған. Кей ауылдар қураған шөптен, қамыстан, басқа да тез тұтанатын заттардан дұрыс тазартылмаған. Автомобиль жолдарының бойында минералданған жолақтарды орнату жұмыстары баяу.

“Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әлі 2177 шақырым минералданған жолақ салу қажет. Оның 1 678 шақырымында ғана жолақ бар. Орман алқаптарының айналасы да әлі күнге дейін жыртылмаған. Өрт шыққан жағдайда адамдар мен малды эвакуациялау мәселесі де сын көтермейді. Бірде-бір аудан уақытша эвакуациялау орындарын белгілеген жоқ”, – дейді Аслан Ахметжанов.

Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін жыл басынан бері 117 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, орман шаруашылықтарында 14 өрт сөндіру станциясы, 25 өрт сөндіру автомашинасы, тіркемелі құралдары бар 87 трактор, 30 цистерна, 810 радиостанция, 16 интерактивті бейнебақылау жүйесі бар. Бұдан бөлек, орманды бақылау үшін 3 дрон пайдаланылады. 80 тонна көлемінде жанар-жағармай қоры жасақталған .

Жаз маусымының ми айналдырар ыстық күндерінде та­биғи өрттің орын алу қаупі жиі­лейтіндіктен, өрт қауіп­сіздігі ережелерін сақтаудың маңы­зы өте зор. Өрттің басым көп­шілігі көкмайса шабындық, жайы­лымдық жерлерде, орман алқаптарында тұтанып жатады. Техникалардан шық­қан ұшқын, далада от тұтату, сөндірілмеген темекі тұқылы, түрлі қалдықтарды жағу да – басты себептер. Күн күйіп тұрған мезетте жел ұйытқи соқса, жағдайды тіпті күрделендіріп жібереді. Қураған ағаш, шөп, өсімдіктің отқа орануы қазір-ақ.

“Осындай төтенше жағдайларға әзірміз бе?” деген сұрақ туындаса, мүдіреріміз анық. Өртсөндірушілер қызыл жалынды еңсерумен қан­ша алысса да, күштері жетпей қалатын сәттер жоқ емес.

“Жаз мезгілінде тұрғындар орманды жерлерге барып демалғанды жақсы көреді. Ол жерде от жағылады, тамақ пісіріледі. Өкініштісі сол, жаққан оттарын сөндірмей кететін тұрғындар бар. Бұны табиғатқа жасаған қиянат деп түсінуіміз керек. Әр жерлесіміз ойыннан өрт шығып кетуі мүмкін екенін қаперлерінде ұстаса екен”, – дейді Аслан Ахметжанов.

Өрт сықылды тілсіз апат айтып кел­мейді деп қол қусырып отыра берсек, оның келтіретін залалын ешкім де болжап біле алмай­ды. Онымен күресудің ең дұрыс жолы – өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтау. Олардың негізгілері мыналар: жазғы маусымда құрғақ, ыстық және желдi ауа райында ауылдық елдi мекендерде, саяжайда, бақшалық учаскелерде от жағуға жол бермеу, елді мекендер мен ұйымдардың аумақтары, ашық қоймалар мен құрылыстардың, ғи­ма­раттардың өртке қарсы қашық­тығын сақтау, тұр­­ғын үйге, саяжайға және басқа да құ­ры­лыстарға жақын учаскелерді жа­нар­май қалдықтарынан, қоқыстан, құрғақ шөптерден, жапырақ­тардан дер кезінде тазарту, темекі тұқылын және жанып жат­қан отты мұқият өшіру, тағысын тағылар.

Статистикалық мәліметтерден белгілі болғандай, өртке қатысты статисти­калық кешенді іс-шаралар көңіл көншітпейді. Адамның өмірі мен денсаулығына, қоғамға залалын тигізетін, қоршаған ортаға ауқымды материалдық зиян келтіретін шығынын есептеудің өзі қиын. Сондықтан орын алған олқылықтардан сабақ ала отырып, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен өрт сөндірушілердің жауапкершілігін арттыру, кәсіби шеберліктерін жетілдіру жекелеген адамдардың табиғатқа деген ішкі мәдениетті нығайту басты назарда болуы тиіс.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp