«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Сөздерінде жалын бар”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжардағы екі күнге созылған “Мағжан оқулары” республикалық байқауы Алаш арысының туған күнінде өз мә­ре­сіне жетті. Жер-жерден келген жүйріктер бойдағы бар өнерін ортаға салып, ақын шығармашылығын қан­ша­лықты терең ұғынғанын көр­сетіп бақты. Мағжанның сені­мін арқалаған жастар оның өлеңдерін оқып, зерттеу жұмыс­тарын қорғап, өз өлеңдерін паш етті. Әсіресе ақынның жүздеген өлеңін жаттап, жан-жүрегімен беріле оқыған өрендерге қазы­лар алқасы тәнті болды. Бәйге болған соң көзге түсіп, топтан озған жас жүйрік­тер де, жарыс жолында сүрініп, шабандап қалған қатысушылар да болды.

Елімізде оқушылар арасында өткізілетін екі ауқымды байқау бар. Бірі қазақтың рухани көшбасшысы ұлы Абайға арналған дәстүрлі шара болса, екіншісі жыл сайын Қызылжарда өтетін Мағжан оқулары. Қос тұлға ұлт әдебиетінің айнымас бағдарындай қаншама жасқа жол көрсетіп, үлгі болып келеді. Сәбит Мұқановтың “Абай – ақылдың ақыны, Мағжан – ақынның ақыны” деп қос алыпты бөлекше атауы тегін емес. Мағжан Жұмабаев Абайдан басталған әдеби дәстүрді лайықты жалғастырып, қазақ поэзиясын жаңа деңгейге көтеріп, әдебиетіміздің алтын қорын байытты. Жыл сайын ел бойынша мыңдаған мектеп оқушысы ақын өлеңдерін жаттап, шығармашылығын зерттеп, үлгісімен өлең жазады. Қазақ даласының әр ауданында, әр облысында жыл сайын Мағжан оқуларының іріктеуі өтіп, жүздеген дарын сайысқа түседі. Сол сынның бәрінен сүрінбей өтіп, Алаш арысы дүниеге келген Қызылжарға келетін 50-ден астам қатысушының қатарынан табылудың өзі жеңіс.

Ақыры кіл жүйріктер анықталар сәт те келіп, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталды. “Жасынан оқу оқып, өнер қуған” ақын шығармалары туралы зерттеу жұмыстары номинациясы бойынша жүлделі үшінші орынды қарағандылық Шахтас Есенгелді, Қызылжар ауданындағы “Парасат” мектеп-лицейінің оқушысы Санжар Қонысбаев, қостанайлық Кәусар Егеубай, екінші орынды керекулік Мақсат Құмарбек, маңғыстаулық Арна Қошмұқан, бірінші орынды Мағжан жырға қосқан Түркістан облысынан келген Бейбарыс Ермек иеленді. “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” аталымының үшінші орын жүлдесі ақтөбелік Нұржігіт Орымханға, керекулік Назерке Жұмажанға, Ақжар ауданы, Киев орта мектебінің оқушысы Бақыт Ысқақоваға, екінші орын жүлдесі жетісулық Ақерке Ырысәліқызына, түркістандық Нұрболат Алпамысқа, бірінші орын сыйлығы астаналық Абылай Қайратұлына табысталды. “Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім” мәнерлеп оқу сайысында жетісулық Айару Баяхмет, қарағандылық Әсел Абылай, керекулік Ақбота Аманжол үшінші орын, алматылық Алтынай Әбдіғаппарова, қостанайлық Айсара Өткелбаева екінші орын, Абай облысының оқушысы Ақерке Нұржан бірінші орынды иеленді. 2024 жылғы республикалық Мағжан оқуларының бас жүлдесі ақын өлеңдерін жаттаған Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, М.Горький атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Сымбат Бейсембайға табысталды.

– Мен жеті жасымнан өлең шығарамын. Мағжан Жұмабаевпен туған күніміз бір күн, 25 маусымда. Өзімнің 30-ға жуық өлеңім бар. Ақындық жолда жүргеннен кейін әр оқушы арыс ақынымызды үлгі тұтып, жыр арнайтын шығар. Өлеңнің өзі құдіреті мол, тылсымы көп ерекше күш. Осы жолда Мағжан бабамыз салып кеткен сара жол бар. Бүгінгі жастардың ұмтылатын бағыты да осы жол, – дейді сайыс жүлдегері Нұржігіт Орымхан.

Сайыс жүлдегерлерінің көзінде ерекше жалын, бойында ерекше толқыныс бар. Олардың бәрі бұл байқаудың соңғы емес екенін, керісінше иықтағы жүктің салмағын арттыра түсетінін сезіп тұрғандай. Мағжан оқуларының жеңімпазы болу жастар үшін жетістіктің соңы емес, керісінше келешек әдебиет, ғылым, өнер бәйгесінің басы ғана.

Салтанатты шараға жиылғандарды жазушы-журналист, мағжантанушы Жарасбай Сүлейменов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин құттықтап, батасын берді.

– Мағжанның туған жеріне келіп, шығармашылығын дәріптеп жүрген барша жастарға алғысымды білдіремін. Өкінішке қарай біздің буын ақын өлеңдерін білмей өсті. Көп жыл бойы қазақта мұндай ақын болмағандай Мағжан есімін атауға тыйым салынып келді. Мағжанның данышпан, кемеңгер,түркі әлемінің мақтанышы екенін талай тұлғалар айтып кетті. Біз ақын елінде туғанымызды, Мағжан сенген осындай жастардың ортасында жүргенімізді қуаныш көреміз. Асыл бабамыздың аруағы осы жастарды қолдап жүрсін, – деді Жангелді Тәжин.

Бұл күні облыс орталығындағы Мағжан алаңындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Оған байқау қатысушылары да қатысып, Алаш арысының рухына тағзым етіп, жыр оқыды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp