Ғабит Мүсіреповтің музей-үйіндегі қастерлі жәдігерлердің бірі – домбыра. Музей директоры Клара Кашаеваның айтуынша, Ғабең қалың ойға шомып отырып шығармашылықпен айналысқанды жақсы көрген. Жазу үстелінен босағанда қолына домбырасын алып, әртүрлі әуендерді салады екен.
Домбыраның қақпағында “Халықты ғажайып шығармаларымен сусындатып отырған қадірлі Ғабеңе! 70 жасқа толған торқалы тойыңызға тарту. КСЭ коллективінен. Март 1972 жыл” делінген жазу бар.
“Домбыра сен де мін бар ма,
Мінсіз болсаң – тіл бар ма,
Тіл жоқ деуге бола ма,
Тілден асқан үн барда”, – деп ұлт қайраткері Ілияс Жансүгіров айтқандай, домбыра – әр қазақтың шаңырағында төрде ілулі тұратын киелі аспаптың бір түрі. Жазушы атымен аталған мәдениет ошағының мамандары осынау төл аспабымызға төрден орын беріпті.
Руханият ордасына келушілердің басым бөлігі Ғабеңнің домбырасына тамсана қарап, әдебиет пен мәдениеттің қадір-қасиетін жете түсінеді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.