«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұстаздарыммен мақтанамын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұл оқиға осыдан 70 жыл бұрын болған. Маған 1954 жылдың маусымында Смирнов орта мектебін үздік аяқтағаным туралы кәмелеттік аттестат пен күміс медаль табысталды. Оқу жылын мектептің бір қазақ және бес орыс сыныбы ( 140 тан астам бала арасында 10 шақты қазақ баласы да болды) бітірді. Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғалы бірінші рет орта білімді түлектерді шығарып салуға арналған салтанатты жиынға мектеп директорының шақыруымен аупартком, ауатком басшылары ата-аналармен бірге қатысты. Орта білім алып, оқуды аяқтаған оқушылардың қуанышында шек жоқ, ата-аналармен бірге мәре-сәре. Бір өкініштісі, екі жылдан соң қазақша оқыту мүлде тоқтатылды.

Алты жасқа толмаған кезімде 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Алғашқы шақырылымда біздің Маңғұл ауылынан Отан қорғауға 47 азамат аттанды, олардың екеуі мүгедек болып оралды, (біреуі қолсыз, екіншісі бір аяқсыз) 5 шаңырақтың түтіні өшіп, мектеп жабылып қалды. Ауылда кәрі-құртаң шал-кемпір мен бала-шаға қалды, колхоздың шаруашылық тауқыметі ауылдағыларға жүктелді.

Сол кездегі билік басындағы партия саясатына сәйкес 1944 жылдың 5 желтоқсаны – Конституция күні ауылда бастауыш мектеп ашылып, мен 9 жасымда бірінші рет мектеп табалдырығын аттадым. Маңғұл бастауыш мектебінің алғашқы мұғалімі Күлшәрә Мақанқызы Мұқышева бізді 4 жыл бойы оқытты. Қолымызға алғаш қалам ұстатқан ұлағатты ұстазымыз еді. 1948 жылы мамыр айында емтихан тапсырып, 5-сыныпқа көштік. Төрт оқу жылы бойы сабақтан босаған сайын колхоз жұмысынан қол үзбедік.

Бұл Ұлы Отан соғысынан кейінгі 1948 жыл еді. Бастауыш мектепті бітіріп, мемлекеттік емтихан тапсырып, бұрынғы Совет ауданының орталығындағы Смирнов орта мектебінің 5-сыныбына оқуға түсу үшін Маңғұл ауылынан келген кезім. 31 тамыз болатын, алдымызда бір қабатты, көлемді де көркем қарағай ағашынан қиылған мектеп ғимараты. Бұл ғимарат 1939-1940 жылдары бұрынғы Бейнетқор ауданының орталығы болған Шолақ Досжан ауылынан көшіріліп әкеліп орнатылған (бұл үшінші орны екен, әуелгі құрылысы отызыншы жылдардың орта шенінде Аяқкөлдің жағасындағы Үлгі ауылында болған). Смирнов маңайындағы ауыл мектептерінен келген балалар жинала бастадық, бір мезгілде қасымызға емтихан кезінде танысқан Кәрәш (шын аты Мұқатаев Қали) деген бала келіп “Тілек, сәлем, ана тұрған кісіні танисың ба?” – деп бір азаматты меңзеді. Жалт қарасам, мектеп ішіне кірер есіктің дәл алдында 4-5 сатылы тақтай табалдырықтың ең үстіңгісінде орта жастағы, орта бойлыдан жоғары, үстіне китель мен галифе шалбар, аяғына қара хром етік киген, қою мұртты, қалың қара шашты, өте келбетті ағай тұр екен. Кәрәш: “Мынау бізге мұғалім болса қатырар” деді де “жүріңдер, алаңқайға доп ойнайық” деп қасымдағыларды ертіп әкетті, мен жалғыз тұрып қалдым. Біраз уақыт өткенде әлгі жеке тұрған кісі мені қасына шақырды. “Мектепке оқуға келдің бе, әлде жәй тұрсың ба, оқуға келген болсаң қай тілде қандай класқа барушы едің, атың, фамилияң кім?” – деп сұрады.

– Ағай, менің атым Тілек, фамилиям Әбдірахманов, Смирновтан 5 шақырым қашықтықтағы Маңғұл (Мөжікбай) ауылынан қазақша оқуға келіп тұрмын, – дедім. Ол жүзі жылы, мейірімді адам сияқты көрінді.

– Қарағым, Тілек, есімің сүйкімді екен, ендеше сен осында қазақ тілінде бесінші класқа баратындарды жиып әкел,– деді.

Ағай бәрімізді ертіп “5 А” деген тақтайшасы бар бөлмеге алып кірді.

– Құрметті оқушылар, мен Игібай Әлібаев деген қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі және сіздердің класс жетекшілеріңіз боламын. Қазақша оқитындарыңа қуаныштымын. Жаңа 1948-49 оқу жылына сіздерге жақсы үлгерім мен сәттілік тілеймін. Ертеңге дейін боссыңдар, сау-саламат болыңдар, – деп бөлмеден шығып жүре берді.

Келесі күні оқу басталып кетті. Бірінші қыркүйек күнгі сабақтар аяқталғанша оқушылар келіп қосыла берді. Келесі күні класқа балалар сыймай кетті. Бірақ мектеп басшылығы қанша оқушы болса да бір ғана қазақша класс болатынын ескертті.

Келіп жатқан оқушылар Маңғұл, Көктерек, Айбас, Қызылағаш, Ойшілік, Амангелді, Игілік, Жаңақоныс, Қаратомар, Еркіндік, Аралағаш, Дайындық, Үшқызыл, Қызыл Жұлдыз, Баянды, Үшқұдық, Қарағайлы, Қамыстау, Қанжығалы, Шолақ Досжан, Өрнек, Теңелдік, Үлгі, Үміткер т.б. қазақ ауылдарынан. Оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталғанша оқушылардың кейбірі оқуды тастап, ауылдарына кетіп қалды.

Оқу басталғаннан бері бізге Рахима Елеусізова (кейін Аюпова), Сапура Әбдіқалықова-Есентемирова, Мәстура Мукашева, Жұмабике Иманжанова-Ертаева, Иван Кондратович Сагань, Глукерья Никитична Кузьменко, Татьяна Яковлевна Савченко, Михаил Ефремович Жиляев, Сергей Михайлович Мукатаев (Қазақ ССР оқу-ағарту саласының үздігі, ҰОС ардагері) сынды ұстаздар сабақ берді.

Айта кетерлік бір жайт, Мұқатаев пен Михаил Жиляев жетімдер үйінде бірге өскен, соғысқа бірге аттанған, Михаил Жиляев соғыста жарақаттанып елге ерте оралған, мектепте дене шынықтырудан сабақ берді. Ол жылдары мектепте спорт зал жоқ, пән мектеп дәлізінде өткізіледі. Соғыстан оралған Зейнел Мұқатаев Совет аудандық оқу бөлімінен келе жатып “Мен жетімдер үйінде Сергей болдым, әскерде де Сергей болдым енді қазақ болатын уақыт жеткен шығар, мектепте Зейнел болуым керек” деген ойға кетеді. Осындай оймен келе жатқан Зейнел ағаның алдынан дәлізде сабақ өткізіп жүрген Жиляев шыға келіп: “Дорогой Сергей Михайлович, ты оказывается живой”, – деп құшақ жайып қарсы алады. Ағайымыз сол күннен бастап мектептегі мұғалімдер мен оқушылар арасында “Сергей Михайлович болып кеттім” деп өкінетін еді.

Қыркүйек айының бір аптасынан кейін Игібай Әлібаев келіп:

– Балалар, сендерге жаңа бекітілген класс жетекшілеріңді таныстырғалы келдім, ол Рахима Елеусізова тәтелерің. Сіздерге тәтелеріңмен жақсы жетістіктерге жете берулеріңді тілеймін, қош-сау болыңдар, – деп шығып кетті. Игібай Әлібаев ағай облыстың басқа ауданына ауыл мектебінің директорлығына тағайындалғанын кейін естідік, бұл жаңалықты біз қуанышпен қабылдадық.

Сегізінші сыныптың оқу жылы басталарда біздің мектепке Алматыда жоғары оқу орнын тамамдаған, министрліктің жолдамасымен 4 мұғалім келді, олар: Өміржан Зікрин, Фаина Зікрина, семейлік Әли Мұсаханов және Гурьевтің тумасы Махмут Тасымов. Сегізінші кластан бастап бізге Өміржан Зікрин жетекшілік етті. Біз 10 жылдықты 1954 жылы тамамдадық. Сол жылғы түлектердің 9-ы медаль иегері, олардың 8-і күміс, 1-і алтын. Жағыз алтын медаль иегері Александр Блиновсий – ғарыш ғылымдарының докторы, мектебіміздің түлегі Беркетов Сапарбек Сұлтанұлы – химия ғылымдарының докторы, КСРО химиялық әскерінің генерал-лейтенанты, Павлодар химзауытының бас директоры атанды. Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Октябрь (қазіргі Шал ақын) ауданының тумасы Әлімбек Салықов – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы. Рощинский совхозында директор қызметін атқарып жүріп, отбасылық жағдайлармен Алматыға қоныс аударды.

Өкінішке қарай біз оқып жүрген жылдары азық-түлік пен киім-кешек қана емес, қағаз-қалам, оқулықтар, көрнекі оқу құралдары қат еді. Кей жылдары бір сыныптағы 30-35 оқушының ортасында бір пәннің 1 оқулығы болатын. Жоғарыда жазғанымдай мен бірінші класқа қыстың күні оқу жылының ортасында бардым, дәптер болмағандықтан алғашқы әріптермен цифрларды ескі газет беттеріне жазып үйрендік, кейін колхоздың мұрағаттағы керексіз, сақтау мерзімі өткен іс қағаздарының сыртына жаздық, қарындаш, қаламсап тапшы, сия мүлде жоқ. Ұстазымыздың айтуымен сияны қолдан жасадық.

Біраз оқушылар интернатта жатып оқыдық. Мұнда көп ұлттың балалары бірге тұрдық. Тату тәтті, ынтымақ – бірлігіміз жарасымды бір үлкен отбасының балаларындай болып өстік. Алғашқы интернаттағы тәрбиешіміз Халасова Мәриям апай кейінірек келген бұрынғы офицер Егоров Павел Андреевич. Соғыстан кейінгі жылдардың жетіспеушіліктерімен қиыншылықтары біздің паналап және білім алып жүрген ұяларымызды да айналып өткен жоқ. Біздің жатын орнымыз жалаң қабат терезелі саман балшықпен салынған үй, ортасында отынмен жылытатын пеш, үш тақтайдан шегемен қосып жасалған тапшан, үстіне сабан толтырған матрас, ол біраздан соң үгіліп қалады.

Асханамыз тар, ыдыс-аяқ та жетіспейді, үш рет кезектесіп тамақтанамыз, бір бала тамақтанып жатқанда екі бала күтіп тұрады, әркім 13-15 минутта тамақтанып болып, тұрып кетуі керек. Кейде тәулігіне бір рет қана тамақтанған күндер де болды. Соғыстан кейінгі жылдары қысқы күндері 40-45 градус суық болды. Мектеп басшылығы қысқа дайындаған отын жетпей қалар деп, 9 пештің 4-іне ғана от жағып сабақты 3 ауысыммен оқытты, интернат балалары жылы бір жұп аяқ киімді үш бала кезектесіп киіп мектепке барып жүрдік. Осындай қиыншылықта интернатта тұрып оқу оқыған Амангелді ауылынан келген 4 жетімнің үшеуі бізбен бірге интернат қамқорлығында болды (Иван Иоган, Павел, Роберт Фрейлер). Бұл балаларды оқытқан ұстаздардың еңбегі далаға кетпеді: Иван жоғары білімді педогог – шет тілдер маманы, Павел – Омбы ауылшаруашығы институтының түлегі, осы саланың ғылым докторы, Роберт – әскери саланың қызметкері.

Осының бәрін жазып жатқаным өткен ғасырдың орта шенінде, ел әлеуетінің төмен, қиыншылыққа толы кезеңдерінде біздің оқытушыларымыз жан аямай үлкен жауапкершілік, адалдықпен бізге білім нәрін сіңіруге тырысты. Қазақ ауылдарынан келген балалар ата-әжелерден ұлтымыздың тәрбиелік мәні терең салмақты ұғымдары – ұят болады, жаман болады, обал болады деген тәмсілдерді естіп өскендіктен тапсырмаларын екі етпедік, оларға мың да бір рақмет.

Біздің мұғалімдеріміз бізге мектеп қабырғасында жүрген жылдардың өзінде бос уақыттарыңды текке өткізбеңдер, мектеп бағдарламасы деңгейінде шектеліп қалмай, әдеби шығармаларды оқуға ден қойыңдар, қолдарыңа түсе қалса газет-журнал беттерінен қажет деп тапқан дүниелер көңіл көкжиектеріңді кеңейтері сөзсіз дейтін.

Аудан орталығы Смирновта бізден кейін қазақ тілінде оқыту мүлде тоқтап қалып еді. Тәуелсіздігіміздің арқасында құдайға шүкір қазақ мектебі ашылды, бірақ әртүрлі себептермен көптеген қазақ балалары аралас мектептерде орысша оқиды. Біздің облыс орталығы Қызылжар қаласында қырықтан астам мектептің алтауы ғана ұлттық тілде білім береді, көптеген қазақ балалары не орыс, не аралас мектепте оқуға мәжбүр, мұндай жағдайда қазақ тілінің көркеюі неғайбыл. Бұл жағдайды түзету үшін облыс басшыларының ынталы іс жігерлері керек әрі әрбір қазақ отбасының қазақ тіліне деген қажырлы, шынайы шұғыл бет бұрысы қажет.

Жаңа салынып іске қосылатын жайлы мектептер өз тілімізде оқытатын мектептер қатарын толықтырса құба-құп.

Құрметті ата-әжелер, ардақты ата-аналар алдағы оқу жылында әрбір қазақ баласы қазақ тілді мектеп табалдырығын ат-тауына үлес қосайықшы, келешегіміз үшін ұлттық ынта-жігерімізді нығайтайықшы. Ұрпағымызға дұрыс, түзу жолды нұсқайықшы, ел ертеңі олардың қолында болатынын түсінгеніміз абзал.

Мен өз мектебіммен, ұстаздарыммен мақтанамын және әрбір оқушы мұғалімдердің шексіз қамқорлығын уақытылы түсініп, бағалай білсе екен деп тілеймін.

Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

СУРЕТТЕ: К.Мұқышева (сол жақтан екінші) балаларымен.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp