«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әр мұғалім зерттеуші болуы керек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазіргі таңда білім беру жүйесінде педагогтың зерттеушілік қабілеті маңызды рөл атқарады. Заман талабына сай жаңашылдықтар мен өзгерістерге бейімделу, білім беру саласында заманауи әдістемелерді енгізу және оқыту процесін үнемі жетілдіру қажет. Осы тұрғыда педагогтың зерттеушілік қабілеті – өзекті мәселелердің бірі.

Зерттеушілік қабілеттің мәні – педагогтың жаңа білім мен ақпараттарды іздестіру, оларды талдау және қолдану ерекшелігімен сипатталады. Бұл қабілет оқушылардың білім сапасын арттыру, олардың қызығушылығын ояту және шығармашылық әлеуетін дамыту үшін маңызды. Сонымен қатар зерттеушілік қабілет мұғалімнің өз кәсіби дамуына да ықпал етеді, оның педагогикалық тәжірибесін байытады және үздіксіз өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік береді.

Педагог-зерттеуші оқыту процесін тиімді басқару үшін білім беру технологияларын, әдістемелік тәсілдерді және оқу бағдарламаларын үнемі зерттеп, жаңартып отырады. Ол оқушылардың білім алуына кедергі келтіретін мәселелерді анықтап, оларды шешудің жаңа жолдарын іздестіреді. Мұндай педагог оқу материалының мазмұнын жетілдіру, оқу мотивациясын арттыру және білім сапасын жоғарылату үшін инновациялық әдістерді қолданады.

Зерттеушілік қызметтің педагогтар үшін бірқатар артықшылықтары бар. Біріншіден, олардың кәсіби шеберлігін арттырады. Зерттеулер жүргізу барысында мұғалімдер ғылыми әдістерді меңгереді, аналитикалық және сыни ойлау қабілеттерін дамытады. Екіншіден, зерттеушілік қызмет оқыту процесін қызықты әрі тиімді етеді. Оқушылар зерттеу жобаларына қатысу арқылы өздерінің танымдық қызығушылықтарын қанағаттандырады және өздігінен білім алуға ынталанады.

Педагогтың зерттеушілік қабілетін дамыту үшін бірнеше маңызды қадамдар жасау қажет. Біріншіден, кәсіби біліктілікті арттыру курстарына, ғылыми семинарлар мен конференцияларға белсенді қатысу керек. Екіншіден, өз кәсіби қызметінде ғылыми әдістерді қолдану тәжірибесін жинақтау және әріптестермен тәжірибе алмасу маңызды. Үшіншіден, зерттеушілік жұмысты жүйелі түрде жүргізу, нәтижелерін жариялау және оларды білім беру процесінде қолдану қажет. Атап айтар болсақ, 2023 жылы біліктілікті арттыру курстарынан өткен педагогтар Lesson Study зерттеу сабақтарын өткізіп, оқушының оқуына, мұғалімнің кәсіби тәжірибесінің артуына ықпал ететін педагогикалық зерттеуді тиімді жүзеге асыруда. Зерттеу мақсаты, зерттеу мәселесі әр мектепте әртүрлі. Кейбір педагогтар Lesson Study-дың бірыңғай тақырыбына байланысты, кейбіреулері оқыту және бақылау дағдыларын дамытуда біліктерін жетілдіре түседі. Зерттеу нәтижелері бойынша оқытушылармен тығыз байланыста болып, облыстық, аудандық іс-шараларда тәжірибе алмасуға мүмкіндік бар.

Алима КАБДЕНОВА,

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” акционерлік қоғамы облыстық филиалының аға оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp