«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өлеңнен тапқан бақытын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада теріскей өңірде айтыстың дамуына сүбелі үлес қосқан ақын Уахит Темірбековтің туғанына 120 жыл толуына орай “Өмірді өлеңімен өрнектеген ақын” атты еске алу шарасы өтті. Игі іс-шараға ақынның көзін көргендер мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Уахит Әбжанұлы 1904 жылы Петропавл округіне қарасты №12 Қуандық ауылында туған, бұл жерді жергілікті жұртшылық “Бөрілі” деп атап кеткен. Қазіргі Шал ақын ауданындағы Сухорабовка ауылдық округіне қарасты Неждановка мен Шортай ауылының маңында орналасқан. Өкінішке қарай, Шортай да, Қуандық та жоқ, тек жұрты ғана қалған.

Облыстың құрметті азаматы Серікбай Құсайынов ақын шығармаларының өзектілігін айтса, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марал Зейнел-Ғабиқызы ақынның есімдері елге белгілі тұлғалармен шығармашылық байланыста болғанын нақты мысалдар арқылы жеткізді. Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин жерлес ақын-жазушыларымыздың асыл қазынасын ғылыми тұрғыдан зерттеу қажеттігін тіліне тиек етті.

“Уахит Темірбеков жас кезінде молдадан сауатын ашып, кейін жеті жылдық мектепте білім алады. 1926 жылы Покровкадағы ауыл шаруашылығы техникумын тамамдайды. Әуелі (1924 жылы) комсомол қатарына өтіп, аудандық жастар одағы басшыларының бірі атанған. 1927-1928 жылдары Айыртау аудандық милиция бөлімінің бастығы болып қызмет етеді. Әкесі Әбжан ұсталғаннан кейін іле-шала 1930 жылы Уахит та “халық жауы” деген жаламен түрмеге жабылады. Оған тағылған жалғыз-ақ айып – алашордашының баласы болғандығы”, – деді Серікбай Құсайынов.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дәстен Баймұқанов, Уахит Темірбеков пен Әшім Меңдібаевтың айтысы жайлы баяндады

Кітапхана оқырмандары ақынның өлеңдерін оқып, кештің шырайын кіргізе түсті. Шара қонақтары Уахит Темірбековтің шығармашылығына арналған “Өлеңнен тапқан бақытын” атты көрмені тамашалап, естелік суретке түсті.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp