Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві бес жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, нәтижесінде Словения Республикасында жерленген қазақ жауынгерінің шын есімін анықтады. Облыстық архивтің мәліметінше, 2018 жылы Словенияның Повир елді мекенінде белгісіз жауынгердің зиратының басына гранит тас орнатылып, оған “Кассе Себеро” деп ойып жазылды. Соғыс кезінде қаза тапқан солдатты жергілікті халық осылай атап кеткен еді.
“Повир елді мекені тұрғындарының айтуынша, 1943 жылы қараша айында партизандар отрядында болған қазақ жауынгері жараланады. Оны үш күн бойы ауылдықтар фашистерден жасырып, емдемек болады. Алайда жарақаты тым ауыр еді. Жауынгерді түнде жасырын алып шығып, Повирден 5 шақырым жерде жерлейді. Содан бері белгісіз жауынгер зираты жергілікті халықтың күтімінде болды”, – дейді облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.
Қазақстанның Австриядағы елшісі, қазір Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшысы Қайрат Сарыбай режиссер Сергей Азимовке осы белгісіз жауынгер жайында деректі фильм түсіруді ұсынады.
“Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві облыстық әкімдіктің тапсырмасымен Сергей Азимовке көмектесу үшін іздестіру жұмыстарын бастады. Жалпы екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан майдангерлердің есімін анықтауда көп жұмыс атқардық. Соғыс ардагерлері мен өңірден шыққан батырлар туралы құжаттардың жинағы жарық көрді, 116 182 адам жайында мағлұмат енгізілген электронды мәліметтер базасын жасадық. Хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді, соның ішінде “Кассе Себероны” да іздестірдік.
Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде 2020 жылы 27 қарашада “Герои Великой победы” атты С.Азимовтың деректі фильмі жарық көрді. Бірақ Повирдегі белгісіз жауынгердің есімі сол жолы анықталмады”, – дейді Сәуле Мәлікова.
Архив қызметкерлері “Кассе Себероның” шын есімін анықтауды тоқтатқан жоқ. Биыл мамыр айында архив құжаттарының негізінде, соның ішінде 1928 жылғы “Аққошқар” тұрғындарының тізімінен батырдың әке-шешесінің есімдері анықталды. Әкесі – Есімсейіт Ибраев, шешесі – Ибраева Тиышты. Ал Дивачи елді мекеніндегі 1943 жылғы шіркеу кітабында “Кассе Себероның” анасының есімі – “Ибраева Тистае” деп көрсетілген. Дәл осылай қазіргі Шал ақын, бұрынғы Октябрь ауданы Бағанаты колхозының құжаттарында да жазылған екен.
“Бағанаты ауылынан соғысқа шақырылғандар ішінде 1921 жылы туған Жиенше Есімсейітов болған. 1941 жылы Октябрь аудандық әскери комиссариаты әскерге алып, партизандар бригадасының құрамында соғысқан екен”, – деді Сәуле Мәлікова.
Бүгінде Есімсейітов Жиеншенің туыстары табылды. Отбасылық мұрағатта майдангердің фотосуреттері, сондай-ақ 20 жасар жігіттің өлеңдері жазылған күнделігі сақталған екен.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.