“Тұмар” би ансамблі – үнемі шығармашылық ізденісте жүретін ұжым. Ансамбль облысымызда ғана өнер көрсетіп қоймай, түрлі деңгейдегі фестивальдер мен байқауларды қалт жібермей, қатысуға тырысады. Осы жолы Грузия елінің Батуми қаласында өткен халықаралық “Golden Fleece” байқау-фестивалінде өнер көрсетіп, керемет нәтижеге жетті. Атап айтқанда 4 гран-при, 3 бірінші орын, 1 екінші орын жеңіп алған.
Былтыр бес жылдығын атап өткен би ансамблінің жетекшісі Ақерке Мұсалімованың айтуынша, бишілер түрлі аталымдар бойынша байқауға бірнеше нөмір дайындаған.
– Өңірімізді, елімізді таныстыру – биік мәртебе. Сайысқа әр елдің бишілері қатысты. Қазақстаннан бізден бөлек басқа да би ансамбльдері болды. Бұл жеңіс – біздің жоғары марапаттарымыздың бірі, – деді ансамбль жетекшісі Ақерке Мұсалімова.
Байқаудан олжалы келген өнерпаздар келешекте бұдан да биік шыңдарды бағындыруды жоспарлап отыр.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.