Облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумын ұйым төрағасы Ескендір Елеусізов қуанышты хабардан бастады. Ол жақында Астанада өткен ардагерлердің алқалы жиынынан облыс ардагерлерінің әлеуметтік маңызы бар тәжірибелік жобаларды іске асырудағы жетістіктері үшін берілген Алғыс хатпен оралған болатын. Бірлесе еңбек еткен әріптестеріне ризашылығын білдірген Ескендір Есмақұлы 2023 жылы атқарылған жұмыс нәтижелерін талдауға көшті.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, зейнеткерлердің саны өткен жылы 2022 жылмен салыстырғанда 855 адамға өсіп, 2024 жылдың басында 102 339 адамға жеткен. Ауыл халқының 57 пайызын зейнеткерлер құрайды.
Бұл аудандық ардагерлер кеңестері мен ауылдық аймақтардағы бастауыш ұйымдарға айтарлықтай жауапкершілік жүктейді. Жалпы алғанда қазіргі қиындығы мол кезеңде бастауыш ұйымдар зейнеткерлерді ортақ іске жұмылдырып, олардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуде белсенділік танытып отыр. Солай десек те, соңғы жылдары зейнетке шыққан азаматтарды ардагерлер ұйымына тарту қарқыны бәсеңдеп кеткені де жасырын емес. Мысалы, 2022 жылмен салыстырғанда былтыр бастауыш ардагерлер ұйымдарының есебіне алынбаған зейнеткерлер саны 2626 адамға өскен.
Бұл алаңдатарлық жағдай әсіресе, облыс орталығында, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Уәлиханов, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда анық байқалады. Рас, мұның себебі ардагерлер ұйымдары басшыларының салғырттығында ғана емес, ауыл тұрғындарының қалаға көшуінің жиілеуіне де байланысты.
Ардагерлер ұйымдарының жұмысын ұйымдастыруда әлі де кемшіліктер мол болғанымен, оң өзгерістерді де байқамауға болмайды. Қаржылық және басқа да қиындықтарға қарамастан Тайынша, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Жамбыл аудандарының ардагерлері түрлі мәдени, спорттық шараларды жүйелі өткізіп, саламатты өмір салтын насихаттауда үлгі көрсетуде. Шал ақын өңіріндегі Байқара сияқты өлкенің тарихи жерлеріне ұжымдық саяхаттар, Торанғұл, Меңкесер көлдері жағасында демалыс шараларын ұйымдастыруда ардагерлер ұйымдарының тәжірибелері мақтан етерлік.
Мәселен, Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Нина Бородавконың айтуынша, 38 еріктілер тобы бар. Зейнеткерлер “Даңқ жолы” және “Таза Қазақстан” акцияларына белсене қатысып жүр. Биылғы жылы қоғамның азаматтық сана-сезіміне сынақ болған су тасқынына қарсы күресте белсенділік танытқан облыстық ардагерлер кеңесінің “Күміс еріктілерінің” жетекшісі Сәуле Тахметова таяуда Ұлттық еріктілер желісі басшылығының Алғыс хатына ие болды.
Алайда бүгінгі күні аға ұрпақты жастарды идеологиялық тұрғыдан тәрбиелеудің қазіргі жай-күйі алаңдатып отыр. Ардагерлерді толғандыратын жайттарды Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Омаров айтты.
– Еліміздің, жастарымыздың болашағын ойлағанда үнсіз қала алмаймын. Ашығын айтайық, бізде идеологиялық жұмыс әлсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үшінші ұлттық Құрылтай отырысында жастарды идеологиялық тәрбиелеуге ерекше тоқталғанын білесіздер. Бұл, әсіресе шекаралас біздің өңір үшін өте маңызды. Ал біздегі жағдай қалай? Жеңістің 80 жылдығына да аз уақыт қалды. Бірақ бұл маңызды күнге дайындықты ешкім үйлестіріп жатқан жоқ. Қызыләскерде ардагерлер өз бастамаларымен қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіштерді ретке келтірді. Ал Президент сөз еткен идеологиялық жұмыстың алдыңғы шебінен көрінуі тиіс ішкі саясат басқармасының жұмысы байқалмайды. Мен идеологиялық форум өткізіп, келелі мәселелерді облыс әкімімен бірге талқылап, бағыт-бағдарымызды айқындап алуды ұсынамын, – деді Төлеген Омаров.
Ақсақалдың бұл сөзі көптің көкейінен шығып, қолдау білдірді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов те ішкі саясатқа көңілі толмайтынын білдірді. Осылайша аға буын идеологиялық жұмыстардағы кемшіліктерді ашық айтты.
Адамның дәрежесіне, мансабына қарамай ортақ мүдде үшін шындықты тура айту – Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанды құру тұжырымдамасының сәтті жүзеге асуын қалайтын әрбір ел азаматының адамгершілік борышы. Ел болашағын ойлайтын, келеңсіз жайларға бейжай қарай алмайтын аға буын өкілдерінің пленумда айтылған ойлары осыған ойысты.
Мемлекеттік саясатты жүзеге асырып, ауызбіршілікті сақтау және ұрпақты адамгершілікке, еңбекке тәрбиелеу идеяларын жүзеге асыруда алдыңғы қатарда келе жатқан белсенді ардагерлер пленумда марапатқа ие болды.
Ардагер ұстаз, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Нелли Иванова мен Есіл аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Валентина Редькина Орталық ардагерлер кеңесінің “Құрмет белгісі” төсбелгісімен марапатталды.
Тимирязев ауданындағы Тимирязево ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Людмила Квасова, Мамлют аудандық ардагерлер кеңесінің мәдениет, спорт, отаншылдық тәрбие комиссиясының төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, ауданның құрметті азаматы Болат Қорқытов пен Уәлиханов аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы, ауданның құрметті азаматы Ирина Пояркина Орталық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасын алды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің жастарды патриоттық және адамгершілікке тәрбиелеу жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Сәуле Тахметова Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің “Еңбек ардагері” ведомстволық медалімен марапатталды. Көп жылғы адал еңбегі үшін облыстық ардагерлер кеңесінің жоғары наградасы – “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті ардагері” төсбелгісі облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі, “Ардагер” клубының төрайымы Нина Полещукқа бұйырды.
Марат ЕРМҰҚАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы.