Орман шаруашылығы мамандарының семинары облыс орталығындағы Мещан орманында ұйымдастырылды. Диалог ретінде өткізілген басқосуда ағашты кесу және оны орманнан шығару мәселесі қозғалып, тұрғындарға отын ретінде берудің тәртібі сөз етілді.
Қызылжар ауданына қарасты Соколов орман шаруашылығында 15 жыл бойы инженер болып еңбек етіп келе жатқан Зада Аманжолова қураған ағаштарды кесу тәртібін түсіндірді.
– Қурап, құлаудың алдында тұрған ескі ағаштарды тәжірибесі мол адам кесіп, шығаруы қажет. Әрі бұл жұмыстарға міндетті түрде құжаттар болуы тиіс, – дейді Зада Аманжолова.
Жас желектің дені санитарлық жағдайда кесіледі. Жапа шеккен өсімдік құрылыс материалы ретінде де пайдаланылады. Мәселен, орман ішінде белгілі бір ағаштарға сан жазылғанын көруге болады. Ол ағаштың әлі өсіп-жетілмегенін білдіреді. Яғни оған араның тісін тигізуге болмайды.
– Бізде “Orman.kz” деген сайт бар. Сол арқылы ормандарды көріп отырамыз. 68 мың гектар жерге жауаптымыз. Оның ішінде 4 мыңнан астамы Петропавл қаласындағы орман алқабы болып табылады. Әр орманшы белгілеген аумағын қорғап жүреді. Рейдтік іс-шаралар жүргізіледі. Жазда өрт қаупі жоғарылайды. Ормандарды өрттен қорғау шаралары сәуір айынан бастап қар түскенше жүргізіледі, – дейді Қызылжар орман шаруашылығының директоры Қайрат Қалықов.
Ағашты кесу процесі уәкілетті органның рұқсатымен ғана жүзеге асырылады. Заңға қайшы әрекет тіркелген жағдайда ара ұстаған адамға айыппұл салынады. Жалпы облыста 12 орман шаруашылығы бар. Қызылжар орман шаруашылығының бір өзінен жылда тұрғындарға отынға орман қорынан 27 мың текше метр ағаш бөлінеді. Орнына жас көшеттер егіледі.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.