Облыста биыл алғаш рет телемедицина жобасы жүзеге асырылды. Жыл басында қолға алынған жоба аясында 1700-ден астам науқас кеңес алған. Жоба аясында қазақстандық медицина мамандары франциялық дәрігерлерден жаңа саланың қыр-сырын үйренеді.
– Біз телемедицина қанатқақты жобасын бірлесіп Солтүстік Қазақстан облысында жүзеге асырып жатырмыз. Осы арқылы шалғайдағы науқастар қалаға келмей-ақ ем ала алады. Жарты жыл бұрын мен осы жерге келіп, облыстық аурухананың және денсаулық сақтау басқармасының басшыларымен кездесіп, жобаның іске асырылуын талқылаған едік. Сол жарты жылда Қазақстан мен Францияның медицина қызметкерлерін оқытуды бастадық. Қазір керек құрылғылар орнатылып, осы уақытқа дейін 1700-ден астам адам ем алды. Бұл нәтиженің барын және жобаның сәтті екенін көрсетеді, – дейді “C3MEDICAL” компаниясының бас директоры Жером Сусастье.
Жобаның ерекшелігі – дәрігерлер арнайы медициналық құрылғылардың көмегімен науқасты қашықтықтан тексере алады. Ол жерде гинекология, ультрадыбыстық зерттеу, дерматология, кардиология және офтальмология бағыттары қамтылған. Шара барысында кардиолог маман Тайынша аудандық ауруханасында ем алып жатқан науқасқа қашықтан тексеру жүргізді.
Қазір телемедицина әдістері Ақжар, Уәлиханов, Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Тайынша және Жамбыл аудандарында тәжірибеге енгізілген. Мағжан Жұмабаев аудандық ауруханасының директоры Гүлбану Сағындықованың айтуынша, бүгінде телемедицина құралдары Возвышенка және Полудино ауылдарында бар.
– Біз осы телемедицина жобасы арқылы қашықтан 422 кеңес өткіздік. Оның 55-іне қаладағы және аудандағы мамандар қатысты. Біздің аудандық аурухана невропатологтармен, акушер-гинекологтармен және эндокринологтармен жұмыс істейді, – дейді Мағжан Жұмабаев аудандық ауруханасының директоры Гүлбану Сағындықова.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.