«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОПТЫҚ КЕЗЕҢ АЯҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында топтық кезең аяқталды. Соңғы екі ойын F тобындағы құрамалар арасында өтті. Алғашқы екі матчта ұпайдан шашау шығармаған Португалия футболшылары үшінші турда Грузиямен кездесті.

Биыл тұңғыш рет құрлықтық доданың финалдық сатысына шыққан грузиялық құрама жарысты жалғастыру мүмкіндігінен айрыла қойған жоқ еді. Сондықтан азулы қарсыласымен кездесуде тек жеңіс қана оларды плей-офф сатысына алып шығатын. Алғашқы минуттан Португалия қақпасына лап қойған олар жылдам гол соғып кетті. Хвича Кварацхелия 2-минутта қақпаны дәл көздеді. Ал 57-минутта Жорж Микаутадзе қарсылас қақпасына белгіленген пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Осылайша Грузия қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, плей-офф сатысына жолдама алды. Олар Португалияны өз тарихында алғаш рет жеңді.

Тағы бір кездесуде Чехия мен Түркия шеберлік байқасты. Ойынның 20-минутында чехиялық Антонин Барак қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Түркиялық Хакан Чалханоглу 51-минутта Чехия қақпасынан саңылау тауып, өз құрамасын алға шығарды. Чехиялық футболшылар да қарап қалған жоқ. Ойынның 66-минутында Томаш Соучек таразы басын теңестіріп кетті. Алайда түркиялық Дженк Тосун 94-минутта қорытынды есепті белгіледі. Осылайша Түркия 2:1 есебімен жеңді.

26 маусымда алдымен Е тобындағы құрамалар сынға түсті. Олардың бәрінің жарысты жалғастыруға мүмкіндігі бар еді. Құрамалар бір-бірден жеңіске жетіп, үш ұпайдан олжалағанды. Десе де Румыния мен Бельгияның доп айырмасы жақсы болатын.

Румыния үшінші турда Словакиямен кездесті. Ойын барысында 24-минутта словакиялық Ондрей Дуда есеп ашты. Ал 37-минутта румыниялық Рэзван Марин пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдірді. Тағы бір кездесуде Украина мен Бельгия құрамалары ойнады. Бельгиялық футболшылар үшін бұл ойында тең түссе, плей-офф сатысына жолдаманы қалтаға басатын. Ойын барысында есеп ашылған жоқ. Құрамалар 0:0 есебіне қанағат білдірді. Бұл топта барлық құрама төрт ұпайдан жинады. Доп айырмасы бойынша Румыния мен Бельгия плей-офф сатысына жолдама алса, үшінші орында тұрған Словакия үздік көрсеткішімен жарысты жалғастыра алады. Украина үйіне кетті.

C тобындағы барлық құраманың жарысты жалғастыруға мүмкіндігі бар еді. Десе де олардың арасында Англия құрамасы екі ойында төрт ұпай жинап, жолдамаға қол жеткізуге бір табан жақын тұрған-ды. Есесіне Словения небәрі екі ұпайды қанағат тұтып, жағдайын қиындатып алды. Әйткенмен олар Англиямен ойында жеңіске жетсе, плей-офф сатысына шығуына жол ашылатын. Матч барысында есеп ашылған жоқ. Құрамалар 0:0 есебімен тең түсті.

Тағы бір ойында Дания мен Сербия ойнады. Дат футболшылары екі кездесуде де тең ойынды місе тұтты. Соның салдарынан жарысты жалғастыру үшін оларға тек жеңіске жету талабы алда тұрды. Дегенмен тоқсан минут бойы құрамалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Ойында 0:0 есебі тіркелді. Бұл топтан Англия, Дания және Словения құрамалары плей-офф сатысына жолдама алды.

D тобында Франция құрамасы Польшамен кездесті. Алғашқы екі турда Франция Австрияны 1:0 есебімен жеңсе, Нидерландымен 0:0 есебімен тең түсті. Ал Польша Нидерландыға 1:2, Австрияға 1:3 есебімен жеңілді. Сондықтан олар бір тур бұрын плей-офф сатысына шығудан үмітін үзген.

Өз тобында бірінші орын алу үшін Францияға жеңіске жету қажет еді. Бірінші кезеңде польшалық футболшылар азулы қарсыласына лайықты төтеп бере білді. Екінші кезеңнің 56-минутында Польша қақпасына он бір метрлік айып добы белгіледі. Оны орындауда Килиан Мбаппе мүлт кеткен жоқ. Австриямен кездесуде ол мұрнынан жарақат алған еді. Салдарынан екінші ойынға қатыса алған жоқ. Бас бапкер Дидье Дешам бүгін арнайы қорғаныш бетпердесімен алғашқы минуттан ойнауға рұқсат етті. Бұл кездесуде польшалық Роберт Левандовски 79-минутта пенальтиден таразы басын теңестірді. Осылайша құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдірді. Франция екінші ойын қатарынан тең түсіп отыр.

Сондай-ақ тағы бір кездесуде Нидерланды пен Австрия құрамалары шеберлік байқасты. Кездесу барысында Нидерланды сапынан Коди Гакпо 47, Мемфис Депай 76-минутта мергендік танытты. Мемфис Депай құрлықтық дода тарихындағы 900-шы голдың авторы атанғанын айта кеткен жөн. Ал нидерландылық Дониэлл Мален 6-минутта автогол авторы атанса, одан кейін австриялық Романо Шмид 59, Марсель Забитцер 80-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Осылайша Австрия қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Бұл топта Австрия алты ұпаймен бірінші орын алса, одан кейінгі орындағы Францияның бес ұпайы бар. Ал Нидерланды төрт ұпаймен үшінші орынға табан тіреді.

Алғашқы екі турда ұпайдан шашау шығармаған Испания бұл жолы жеңісті жолды жалғастыруға тырысты. Олар плей-офф сатысына берілген жолдама тағдырын бір тур бұрын шешіп қойған еді. Соған қарамастан соңғы ойында бірінші минуттан тізгінді өз қолына алуға тырысты. Ойынның 13-минутында испаниялық Ферран Торрес өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Испания футболшылары одан кейін де шабуылды көбірек ұйымдастырды. Десе де дегеніне жете алған жоқ. Кездесуде испаниялық футболшылар қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсіп, өз тобында бірінші орын алды.

Бұл күнгі тағы бір кездесуде Италия мен Хорватия құрамалары шеберлік байқасты. Италиялық футболшылар екі турда үш ұпай жинаса, Хорватия небәрі бір ұпайды қанағат тұтты. Сондықтан кездесудің екі құрама үшін де маңызы зор болды. Италия тең нәтижеге жетсе де, плей-офф сатысына шығуға мүмкіндігі бар еді. Ал Хорватия үшін тек жеңіс қажет болатын. Ойынның 54-минутында хорватиялық Лука Модрич пенальтиден мүлт кетті. Есесіне араға бір минут салып ойын барысында Италия қақпасынан саңылау тапты. Ойынның 98-минутында италиялық Маттиа Дзакканьи қорытынды есепті белгіледі. Құрамалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

А тобында Швейцария мен Германия ойнады. Кездесу Франкфурт қаласындағы “Дойче Банк Парк” стадионында өтіп, қос команда тең тарқасты. Сондай-ақ аталған топтағы тағы бір кездесу Шотландия мен Венгрия арасында болды. Қосымша уақытта гол соққан мажарлар жеңіске жетіп, үшінші орын алғанымен келесі кезеңге өте алмады.

Құрлықтық доданың плей-офф сатысында Испания мен Грузия, Германия мен Дания, Португалия мен Словения, Франция мен Бельгия, Румыния мен Нидерланды, Австрия мен Түркия, Англия мен Словакия, Швейцария мен Италия шеберлік байқасады.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp