«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Түркі әлемінің алтын жұлдызы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университе­тін­де Алаш арысына арналған дәс­түрлі “Мағжан Жұмабаев: Тұлға. Әдеби үрдіс және тілтаным” атты халықаралық кон­ференция өтті. Шараға жергілікті зерттеушілермен қатар Түркия, Ресей, Өзбекстан ғалымдары да қатысты.

Көзі тірісінде есімі аңызға ай­на­лып, түркі әлеміндегі ерекше құбылыс болған, жаңа замандағы қазақ әдебиетінің қалыптасып, дамуына, ұлтының азаттық жо­лындағы күресіне өлшеусіз үлес қосқан, жан жүрегімен қазағын сүйіп, басқалармен елінің тере­зесі тең болуы үшін арпалысып өткен арысымыздың есімі көп жыл­дар бойы тасада қалып, то­талитарлық жүйенің шырмауы­нан шыға алмай жатты. Десе де халқы өз арысын ұмыт­қан жоқ. Өткен ғасырдың со­ңында, кеш те болса да Алаш ары­сының есімі елімен қайта қа­уышты.

Мағжан ақталған тұстан бас­тап, ақын шығармашылығын зерт­­теудің жаңа кезеңі басталды. Ақынның өткен жылғы мерей­то­йында өңірде бас қосқан ақын-жа­зушылар Мағжан Жұмабаев­тың тұлғасын айқындар сөздер айтып, оған “түркі әлемінің алтын жұлдызы”, – деген бағаны бекітіп кет­ті. Тарих аспанында бірден көз­­ге түсетін сол жұлдыз бүгін де ұл­тының рухани бағдарын ай­қын­дап, жастарға жол сілтеп келеді.

Қазірге дейін оның өмірі мен шығармашылығына қатысты жүздеген еңбектер жазылып, том-том кітап басылып шықты. Соған қарамастан мағжантанудың шешілмеген мәселесі әлі аз емес. Жыл сайын осындай түйткілді сауалдарды ортаға салып, ақын шығармашылығына қатысты тың деректер мен зерттеу жетістіктерін көрсету үшін зерттеушілер жергілікті университетте бас қосады.

– Мағжан Жұмабаев – барша түркі әлеміне ортақ тұлға. Түрік халқы оның есімін құрметтеп, қадір тұтады. Біздің елдегі қиын-қыстау уақытта Мағжан Орта Азия қалаларынан ақша жинап, алыстағы бауырлас елге көмек бергенін білеміз. Оның түріктерге арнап жазған “Алыстағы бауырыма” атты туындысы Түркияда аса жоғары бағаланады. Ақын шығармашылығы негізінде елімізде жүздеген диссертациялар қорғалып, мақалалар жарық көрген. Ұлтшылдық-ағартушылық ұстанымымен танылған ол ХХ ғасыр басындағы әдебиетте өзіндік қолтаңбасын қалдырды, – дейді Мугла Сыткы Кочман университетінің қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, профессор Аян Екрем.

Шара барысында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова, Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің директоры Бикеш Касенова, Ұлттық ұлан академиясының тілдік дайындық кафедрасының бастығы Ақмарал Сәркенқызы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Ғарифулла Абылқасов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зухра Ауғанбаева және тағы басқа мамандар сөз сөйлеп, ақынға қатысты зерттеулер туралы баяндады.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp