Ұлылық тұнған Шыңғыс атырабы, Абай елі, ұлылар мекені, топырағы мен өзегіндегі тарих – шежіре, жыр-дастан. Замана хикаяттардың қай-қайсысы да қазақтың бас кітабы – “Абай жолын” айналып өте алмайды. 46 жыл ұстаздық еткен саналы ғұмырымда Абай бастаған ұлылар мекенін бір көрудің сәті биылғы жылдың маусым айында түсті.
Үш күндік сапарымыз сәрсенбінің сәтінен басталды. Бүгінгі күннің жеңіл, жүйрік көлігіне жер алыстық етпейді ғой. Тізгін ұстаушы – өңірімізге белгілі кәсіпкер, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің жанашыры, саналы ғұмырының 70 жылын дін жолына арнаған, бес жасынан зағиптық өмір кешкен ғұлама молда Қабдолбәридің жиені Жомарт Жақсылықұлы Омаров, үшінші жолаушы – шәкіртім Жапар Қабдолбәриұлы Төлегенов.
Бөрілі
“Семейден шығып, көзіңді тіксең маңайға,
Тарихқа тағзым ете жүр, қалқам, жарай ма?
Табаны тиген топырақта мынау текті іздер,
Абайла, қалқам, бұл жермен жүрген Абай да!”.
Абай, Шәкәрім, Мұхтарды дүниеге әкелген қасиетті ұлылар еліне саяхаттайтын жол осы жерден бастау алады. Жолсерігіміз ақын Азамат Қазыбай – Абай мүзейінде сегіз жыл қызмет еткен, ел-жер тарихын жетік білетін жігіт. Әңгімесін ұлылар еліндегі ұрпақтар сабақтастығымен байланыстыра сабақтады.
“Мынау Шағыл дала!
Тап осы жерде ұлылар жүріп ән қылған,
Естіліп үні Абайдың тұрар әр қырдан.
Семейден өтіп, Шыңғысқа бағыт бұрғанда,
Шағылдың беті шарқ ұрып шығар алдыңнан.
Абайдың Семейде айлап жатып қайтарда туған “Сұр бұлт” туындысы Шағыл өзегінде 1892 жылы жазылған. Анау көрінген Күшікбай асуы. Күшікбай – Арқалықты қыстайтын бес-алты ауылдың атасы. Өзі батыр болған адам. Дәл қара жолдың бойында, Арқалық асуының биігінде тастан үйген оба секілді жалғыз мола бар, бұл – Күшікбай батырдың моласы. 21 жасында дүние салған. Ерте күннен жорыққа аттанып, Уақтың көп батырларының арасында бұғанасы қатпағанына қарамай, талай қиын қыстауда ақыл тауып қажыр қайратпен ерлік көрсетіпті”, – деді ол.
Азаматтың өлеңдете сөйлегені ұнады.
“Алдыңнан шығар, табылмас өлке сыр бөтен,
Ұлықтар Бөрілі Мұхтардай ұлын бір көсем.
Омархан мен Нұржамал рухы жатқан жер,
Әуездің әні әуеде тұрған бұл мекен”.
Мұқаңның, Мұхтар Әуезовтің құты, ата қонысы – Бөрілі.
Бөрілі – Семей қаласынан 80 шақырым қашықтықта орналасқан мекен. Бөріліде Мұхтар Әуезовтің музей-үйі орналасқан. 1987 жылы жазушының 90 жылдық мерейтойында ресми түрде музей болып ашылған.
Бұл қоныс мекенді мәртебелі деуге толық құқық беретін ұлы Мұхтардың “кіндігін кесіп, кірін жуған” алғаш жарық нұрын көрген, қарын шашы алынған, бұрын Абай мекен етіп, өзінің болашақ ізбасары Мұқаң әулетіне сыйлаған қоныс болуымен де даңқты, қасиетті. Осынау орынның ғажаптығы сонда, осы Бөріліден 20 шақырымда Абай, мұнда Мұхтар туып, айналасы қырық жыл аясында бір өлкеде бірінен соң бірі қос ұлы адам дүниеге келген. Абай өлеңдері Мұқаңның атасы Әуез қарттың иманына айналып кеткен. Сондықтан да, қария өзі бейілі құлаған “Қоңырына” қара танысымен жатқа айтқызғаны Абай өлеңдері болды. Алты жасында жаттаған Абай шығармашылығы. Мұқаң: “Абай ауылы – қазақ даласының академиясы”, – дейді. Қаламгердің Бөрілідегі музей-үйінің жанындағы Мұхаңның өз қолымен қойған “Мұңлы қоңыр туған анам, туған жерім Бөрілі” деп туған жерінің табиғи тасына қашап жазылған ескерткіш тасы өткен тарихымыздың куәгері іспетті.
Мұқаңның 40 жасы 1937 жылдың жаппай жазалау, жабу, ату кезеңіне, 50 жасы – 1947 жылдың “Ленинград”, “Звезда” журналының СОКП ОК-нің айыптаушы қаулысына еніп, Қазақстан зиялыларын қуғындауға (ішінде Мұхтар да бар) тұспа-тұс кеп, тек 1957 жылы ғана халқының асыл ұлын дәріптеп, мадақтап, бауырына басып, емірене сүюіне мүмкіндік туады. Осы орайда Мұхтар Омарханұлының 60 жылдық мерекесінің куәгері, Мұхаңның Қасқабұлақ ауылындағы туған жұртымен кездесудегі сөзін тыңдаған, Абай, Мұхтар өмірін, шығармашылығын зерттеуші Бекен Исабаевтың естелігінен мынадай үзінді келтірейік:
“Мұқаң жүк машинасының үстіне жасалған мінбеге шықты.
– Мен Қасқабұлақта туған жер, туған елімді сіздер мен біз бір жан, бір тәнбіз деген едім. Қазір де сіздерге сол сөзімді қайталаймын. Менің сіздерге айтайын деген арманды, иә-иә асыл арманды сөзім. Шыңғыстың елі мен жері, сендер дүнияға Абайды бергенсіңдер!.. Сендер әлі де халқыма Абайдай перзент беріңдер… беруге тиіссіңдер… берерсің! (жазушы көзіне жас алды). Мен соны көрмей кетіп бара жатырмын. Әлде, сол мына қара табандарым арасында тұр ма екен?.. Осы Қарауылда, анау Жидебай, Орда бойында мен де жалаң аяқ жүгіріп жүргенмін. Мұхтардың аяғы аспаннан салбырап түскен жоқ. Халық пен халық, адам мен адам біліммен теңеседі, ұлт дүнияға берген тұлғалы ұлдарымен өлшенеді”.
Біз Ұлы Мұхтардың алтын құндақ, асыл бесігі Бөрілімен мәртебесі биіктей берсін деп қош айтысып, сапарымызды жалғастырдық.
Ақшоқы
“Ақшоқы – Семей өңірі, Абай ауданының солтүстігіндегі тау” деп сөзін сабақтады жолбасшымыз Азамат. Абайдың қыстауы тұрған жер. Бұл – Құнанбайдың бар әулеті жатқан Ақшоқы. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында Абай ауданы аумағындағы Құнанбай қорымы мемлекет қамқорлығына алынып, елімізде тұңғыш рет Құнанбай Өскенбайұылының музейі құрылды. Құнанбай демекші, біздің Абай еліне сапарымыз Құнанбай қажының 220 жылдық тойына дөп келіпті. Абай ауданы жұртшылығы қажы тойын өткізу дайындығында екен.
– Ағайлар, Ақшоқыға байланысты мына бір естелік әңгімені естеріңізге салайын, – деп жолбастаушымыз Азамат ақын әңгіме тиегін ағытты.
– Әне, Ақшоқы оңында Сарттың Арқалығымен қолтықтасып ап сыртын беріп жатыр. Мағауияның қонақасы Шеткі Ақшоқымен Үлкен Оқшоқы арасындағы Есіргеп бұлағында өткізілген. Абайға көңілін білдіріп, ақынның қайғысын бөлісуші туған жұрты Абайдың өз қазасына шекті толассыз келіп жатқан. Соның ішіндегі айрықша көрінгені соңына көп сөз, мол алыпқашты лақап қалдырған Оразбайдың келу жөні болады. Оразбай осы күзекте Мағашқа бата жасаған екен. Ол тап қайтарында:
– Абай, сен өледі екенсің, Кел, кешу айтысайық! – депті. Естігендер шошып кеткен. Абай:
– Дұрыс айтасың, бай. Мен өлемін. Кешу айтыспағымыз жөн! – деп орнынан тұрып, – Кештік, қиямет қайымда жолығысайық! – десіп, құшақтасып тұрып қоштасыпты.
Бата оқырға келуші Есболаттар ұзап шыққан соң, Қыстаубай:
– Ойпырмай, бай-ай, тірі өлтірдің ғой. Осындай қастық болар ма?! Өзі қан жұтып отырған Абайға сен өледі екенсің дегенің қай қисынға сыяды. Мұның қаскөй тілек, бай. Абайымыз – халқымыз, қазағымыз емес пе еді! Тірі қайтпадық..
Оразбай:
– Тоқтат, Қыстаубай! Сендер сезбес болады деп, мен қапы ұра алмаймын. О несі! Неге көрмейсің, неге сезбейсің, түге. Абайдың денесіне ажал еніп кетіпті. Бір сөзін бір жерде екі айтатын Абайды қашан көріп ең, а?.. “Ел қайғысы – ер қайғысы еді. Ер қайғысы ел қайғысы болмасын! Еліме рақмет!” деген сөзді екі қайталады емес пе, жаңа аңғарсаңдар? Абай селк етіп шошып маңайына қарай береді. Көзі қыдырыстайды. Бәріміз шулап, үстінен арыз жазып, өсектеп жалалап, жабылып жүргенде шіркей құрлы көрген Абай бар ма еді бізде, а? Ет жүрегі селт етіп пе еді оның… Енді бүгін балаша шошынып, селк етіп кетіп отыр… Қайран арыс – Абай жоқ бізге. Жоқ… Жоқ…
Бұл Абай мен Оразбайдың ең соңғы кездесуі болған.
Жидебай
“Әнге де бай жер, жырға да бай мекен, күйге бай,
Желсіз бір түнде айдынның бетін сүйген Ай…
Жыр менен Жердің кіндігі болып жайқалған,
Алдыңнан шығар жұмақтың төрі – Жидебай”
Жидебай – Абайдың ата қонысы. Қарауыл өзенінің жайылымында жатқан қарық, шұрайлы жер. Жидебайды Тобықты руының Жігітек атасы мекен еткен. 19-ғасырдың орта тұсында Жидебай, Борсықбай, Барақты – аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы иемденіп, қыстау салдырған.
1850 жылы Құнанбай Жидебайдан 15 шақырым жердегі Ескітам қонысына медресе салдырып, өзінің туыстарының балаларын оқытқан. Құнанбай қажы дүние салған соң 1885-1891 жылдары Жидебай қонысы Құнанбайдың Ұлжаннан туған баласы Оспанның еншісіне тиген.
1891 жылы інісі Оспан қайтыс болғаннан кейін қыстауы Абай иелігіне көшкен.
Қазір мұнда ақынның өмірі мен шығармашылық жолынан толық мағлұмат беретін мұражай-үйі жұмыс істейді.
Жидебай да Абайдың қара шаңырағы, сол кезеңдегі руханияттың ордасы болған.
Абай-Шәкәрім кесенесі
Нысан – 1996 жылы салынған сәулет өнерінің ескерткіші. Ұлы ақынның туғанына 150 жыл толған тойы қарсаңында орнатылған. Тұғырының биіктігі – 5, ұзындығы – 200, ені – 60 метр. Биік екі мұнараның біріншісі – Абай мұнарасы (биіктігі 38,5 метр), екіншісі – Шәкәрім мұнарасы (35 метр).
“Әлемде артқан төңірек мынау бағасы,
Оспанның көлі, Кеңгірбай, Орыс қорасы.
Қол жайып, Құран бағыштау парыз, бар мұнда,
Шәкәрім, Абай, Ұлжан мен Зере моласы”.
Абай-Шәкәрім ескерткіш-кешенін көргенде Мұқаңды (ұлы Мұхтарды) сөйлетпей бола ма?
“…Жаздың бір тыныш кезінде, Қасқабұлақта биікше тастақ төбенің басында кешкі ауылдың тірлік тынысын тыңдап Абай отырды.
Бүгін таңертең сырт жайлаудан көп жолаушы жас қонақтар, ақын, әнші достар келген еді. Абайға солар жаңа қуаныш хабарлар жеткізген. Абай сөзі халыққа жағып, кең жайылып кетті. Қарқаралы – Қоянды жәрмеңкесіне жиналған төрт орыстың бәрі кәрі-жасы Абай атына қанық бопты: “Абай деген жақсы шығыпты”, “Сөзі, өсиеті бөлек, білгіш шығыпты”, “Халыққа қамқор, мұндасына дос, жуан содырға қас жан дейді”, “Тобықтыдан туса да, бір тобықты емес, исі ел жоқшысы, ел ұлы боп туыпты”, “Сөзін тыңдаймыз, өсиетін ұғамыз” – деседі екен жұрт.
…Енді Абай сол топтан жалғыз бөлініп, өз ойымен шығыпты. Қазір ол кешкі дүние көркіне сыр қосады. Кең әлемнің бұдырсыз жазық жүзі жадырап тыныс алғандай батар күннің қиыс түскен шұғыласы даланы қызғылт жарқын нұрға бөлепті. Тегіс, шексіз рақат нұры. Шабытты ақын көңілі қазір көз алдында дала емес – теңіз, кең, тыныш теңіз жүзін көргендей. Сол теңізге, өмір-тарих мол мұхитына бір кеме жалғыз жалауын көтеріп жол тартты. Алға басты, белгісіз болса да ғажайып шұғыласы бар жағаға, ұзақ сапарға басты ол кеме, жалауында да “Тартыс”, “Үміт” деген ұран бар. Халық үмітін үстіне арқалаған сол кеме “Келешек” деген жағаға қарай тартты. Бұл – “Абай кемесі”.
Абай-Шәкәрім кесенесі алыстан қараған адамға кең жазықта алып дала теңізіндегі қос кеме тәрізді болып көрінеді екен.
Осындайда қасиетті мекеннен қандай тағылым алдық деген ой келеді.
Бірінші тағылым – “Өнер алды – қызыл тіл” деген қасиетті ұғымның осы аймақтың халқының бойына сіңген басты мінез – қасиеттердің бірі екендігіне көз жеткіздік. Бұған дәлелімізді алыстан іздемей-ақ қасымыздағы жолбасшымыз жас ақын жігіт Азамат Қазыбайды айтсақ та жетіп жатыр. Абай, Шәкәрім өлеңдеріне мүдірмейді, ағып тұр. Жастығына қарамастан ел, жер тарихын, ел аузындағы аңыз әңгімелерді қисынын келтіріп, шебер әңгімелейді. Осы өңірден шыққан төкпе ақын Қалихан Алтынбаев Шыңғыстаудың “шалдары шешен жаралған, шежіреден нәр алған” деген бағасы сөз құдіреті, сөз дерті дегеннің не екенін, ақылды, ойлы сөзге тоқтау, ал жетесіз, әділсіз сөзден, шешімнен жан азабына түсудің азап-қасіретін айшықтай түсетініне көзіңіз жетеді.
Ұлылық ұйыған, даналық пен дарындардың жерұйығы болған мекенмен қимай қоштастық.
Асыл халқымызға ұлы Абай, Шәкәрім, Мұхтардай текті перзент берген алтын құндақ мекеннің мәртебесі биіктей берсін!
Қарақат ШАЛАБАЕВ,
ардагер ұстаз.