Өткен демалыс күні “Хабар” арнасының тікелей эфирінде “Бес жұлдыз” мегажобасының жеңімпазы анықталды. Көрерменнің көзайымы болған жобаның ақтық сынына 16 қатысушы жолдама алған. Өнер бәйгесінде өңір намысын жас әнші Махамбетәлі Әбілда қорғады.
Алғашқы бағдарламада ол тәлімгері Маржан Арапбаевамен бірге ән шырқап, бірінші шығарылымның жеңімпазы атанды. Сәкен Майғазиев бастаған сарапшылар әншінің дарынын жоғары бағалаған. Бірнеше ай бойы жалғасқан “Бес жұлдызда” өз саласының 30 білгірі қазылық еткен. Махамбетәлі Әбілда сарапшылардың сынынан сүрінбей өтіп, ақтық кезеңде де лайықты өнер көрсетті. Мегажоба қорытындысы бойынша Нұршат Мақсат жеңімпаз атанса, қызылжарлық қатысушы “Aspan.fm” радиосының 1 млн. теңгелік жүлдесін еншіледі.
– Көрермендерге көптен-көп рақмет айтамын. Мені қолдаған тыңдарман, оқырмандарыма ризашылық білдіремін. “Бес жұлдыз” – жас таланттардың бағын ашатын ерекше жоба. Қатысушылардың да осалы жоқ. Өз қатарластарымның өнерін көріп, тәнті болдым, – дейді әнші.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.