«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Менің жолымды ашқан Мағжан”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алаштың ең аяулы перзенттерінің бірі Мағжан Жұмабаевтың ғұмырнамасын зерттеген қызылжарлық қаламгерлерді атағанда тізімнің басында жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменовтің тұрары сөзсіз. Өзгесін айтпағанда оқырман қауымға “Мағжан” энциклопедиясын сыйлаған қаламгердің бұл еңбегі тұтас ғылыми институттың жұмысына пара-пар. Оның сыртында жазған зерттеулері мен құрастырған кітаптары бір төбе. Жуырда жазушы өзі көптеген еңбектеріне арқау еткен ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың есімін иеленген ауданға барып, оқырмандармен, руханият өкілдерімен жүздесті.

Қаламгерді аудан әкімі Қайрат Омаров, зиялы қауым өкілдері, руханият, тіл жанашырлары қарсы алды. Содан кейін олар ауданның орталық алаңындағы Алаш арысының ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Рухани шара аудандық Мәдениет үйінде жалғасын тапты. Онда жиналғандар назарына “Дала бесік” көрмесі ұсынылды. Көрме сөресіне қаламгердің кітаптары, ол құрастырған туындылар жайғастырылыпты.

“Жарасбай Қабдоллаұлының мағжантану саласындағы еңбегі қандай құрметке болсын лайық. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында басын бәйгеге тіге жүріп халқына адал қызмет еткен Мағжан Жұмабаевтың өмірі қилы оқиғаларға, жұмбақтарға толы. Сіз сол жұмбақтардың астарына тереңірек үңіліп, Алаш арысы өмір сүрген кезеңге сүңги білдіңіз. Адам өмірінің айтулы белесі саналатын 75 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтай отыра, сізге мықты денсаулық, ұзақ та бақытты ғұмыр тілейміз” – деген аудан басшысы қазақтың жөн-жоралғысымен қаламгердің иығына шапан жапты.

Өз кезегінде Жарасбай Сүлейменов аудан жұртшылығының көрсетіп жатқан құрметіне ризашылығын білдіріп, алғыс айтты. Жиналғандарға өмір жолы, осы уақытқа дейін атқарған қызметі туралы айтып берді.

“Менің жолымды ашқан Мағжан. Қазақтың ең ардақты ақынына деген сүйіспеншілік қаламгер ретінде жетілуіме ықпал етті. Өмір болған соң менің де алдымды ораған түрлі сәтсіздіктер кездесті. Жұмыстан шығып қалған, жоғарыдағы басшылардың маған қырын қараған кездері де болды. Оны ешкімнен жасырған емеспін. Сондай күндердің бірінде мен Мағжанды оқыдым. Даңқты тұлғаға тәу етіп, қилы тағдырын зерделегім келді. Алғашқы кітаптарым жарық көрді. Содан менің алдымнан нұрлы сүрлеу қол бұлғап шақыра берді, шақыра берді”, – деді мерейтой иесі.

Оқырман қауым қаламгердің қоғамдағы қазіргі ахуал, жастар тәрбиесі туралы айтқан уытты сөздерін ерекше ықыласпен тыңдап, орайы келгенде өз ойларымен бөлісіп отырды. Жазушының айтуынша, кез келген ұжым руханият, мораль мәселесін бірінші орынға шығаруы керек. Жастар қазақтың дәстүр-салтын берік ұстану, газет-журнал оқу, үлкенді сыйлау, кішіге ізеттілік таныту арқылы биік белестерді бағындыра алады. Әңгіме барысында мейман Мағжанды Магаданда Бауыржан Момышұлының көргені туралы қауесеттерге қатысты дәлелді пікір білдірді.

“Бұл әңгіме әлі де қозғалып келеді. Бір күні менің қолыма Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінде Сталиннің Мағжан Жұмабаевты ату туралы бұйрығын орындаған адамның аты-жөні жазылған құжат көрсетілді. Өлім жазасының қай күні, қашан орындалғаны туралы ақпарат тайға таңба басқандай жазылған. Сондықтан Алаш арысы орманда бой тасалаған деген әңгімені доғару керек. Бір өкініштісі, ақынның мәңгілік тыныстап жатқан орыны бүгінге дейін белгісіз болып отыр”, – деді Жарасбай Сүлейменов.

Шарада “Қызылжар-Ақпарат” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас редакторы Нұргүл Оқашева жазушының азаматтық болмысы жайлы әңгімелесе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сағындық Рахымжан Жарасбай Қабдоллаұлының жас журналистерді тәрбиелеудегі рөлін, жастарға көрсеткен қамқорлығын баян етті. Мағжан Жұмабаев ауданының құрметті азаматы Болат Қазанов мерейтой иесін жас шағынан білетінін, түрлі қызметтердің тізгінін ұстағанын, өңір журналистикасының дамуына қосқан сүбелі үлесін айтты.

Шара соңында қаламгер өзінің бірнеше кітабын оқырмандарға табыс етті.

Еркебұлан ЕЛУБАЕВ,

журналист.

Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp