«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САЛҒЫРТТЫҚ САПАСЫЗДЫҚҚА ӘКЕЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Петропавлда 53 көше жөнделіп, 40-қа жуығына асфальт төселетіні жөнінде осыған дейін жазған едік. Бүгінгі таңда Ніл Болатбаев көшесінен бастап Шуховқа дейін жол жөнделуде. Жөндеу жұмыстарына мердігер “Гранит Север” 263 млн. теңге бағыттап отыр.

Жөндеу жұмыстарының қарқыны мен сапасы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында қолға алынған “Бюджеттік бақылау” акциясы барысында қаралды.

“Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа-орталық” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Руслан Асаубаевтың айтуынша, өткен жылы жол жөндеуге шамамен 4,8 млрд. теңге бөлінген.

– Жол салуға салғырт қараған мердігерлерге ескерту берілді. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мұндай жұмыстарды неге қабылдайды? Биыл жол жөндеуге қыруар қаржы қарастырылған. Мердігерлердің тарапынан жобаны тапсыру мерзімі сақталып жатыр ма? Сұрақ көп. Жолдың неге осы күнге дейін сапасыз салынып келе жатқандығын анықтағымыз келеді, – деді Руслан Асаубаев.

Биыл өңірде Жол активтері ұлттық сапа орталығы филиалының өкілдері 17 аумақтан кемшілік тапқан. Мердігерлер жағдайды тез арада түзетеміз деп уәде беріпті.

– Өткен жылы қалада осындай түрлі жеті ақау анықталды. Міндетін сапасыз орындаған мердігерлерге талап-арыз жолданды. Оларға тиісті төлем жасалған жоқ. Қолмен істеген істі мойынмен көтеру керек. Яғни мердігерлер кеткен кемшілікті түзеулері керек, – деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Нина Усенко.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp