“KAZ Minerals” мыс компаниясы Петропавлда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың үй жануарларын өз қамқорлығына алды. Мысықтар мен иттерді қауіпсіз жерге көшіруді “Мейірімді планета” жеке қайырымдылық қоры ұйымдастырған.
Аталған қайырымдылық қордың жетекшісі Татьяна Мухамедзянованың айтуынша, 150 ит пен 50 мысық тілсіз жаудан құтқарылған. Үй жануарларының көп бөлігі бос ғимараттарға орналастырылып, оларды еріктілер мен қайырымды қала тұрғындары тамақтандырып келген.
Дегенмен үй жануарларына арналған азық-түлікке күніне 20 мың теңгеден астам қаражат жұмсалыпты. Еріктілер кейбір иттердің ботқасына ет қосып қайнатса, ал денсаулығында кінәраты барларға диеталық тамақ дайындаған. Олар тіпті арнайы тағамдар да сатып алып отырған. Ал мысықтар уақытша қайырымды жандардың қамқорлығына берілген.
– “KAZ Minerals” компаниясына уақытылы және қажетті көмек көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Бізге аударылған қаражат үй жануарларына бес айға тамақ сатып алуға жетті. Үй жануарларын ұзақ уақыт ұстауға мүмкіндігіміз болмағандықтан, әрқайсысына тез арада баспана тауып беруді мақсат етіп отырмыз, – деді Татьяна Мұхамедзянова.
“KAZ Minerals” тобының корпоративтік байланыс департаментінің басшысы Мақсұт Жапабаевтың сөзінше, мамыр айының соңында зардап шеккен аудандарға барғанда эвакуацияланған жануарларға арналған пункт жайлы естіп, қор директорымен кездескен екен. Компания басшылығы да қорға көмектесу туралы ұсыныстарын қолдапты.
Қазір эвакуациялық пункттерде алғашқы күнге қарағанда үй жануарлары азайған. Қалғандарын “KAZ Minerals” және инвесторлардың қолдауымен құрылысы жүріп жатқан пәтерлер мен жаңа үйлерге ие болған жандар алады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.