«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Адасқан тағдыр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дина АТБАСАРОВА,

48 жаста.

“Біздің махаббатымызға құрбыларым қызығып та, қызғанып та қарайтын. Құшақ-құшақ гүлдер, мейрамханалардағы сауық кештері, қымбат көлік, қаланың орталығында орналасқан пентхаус – бұның барлығы менде болды. Бірақ ешқайсысы да мені бақытты ете алмады.

Қазір мен темір тордың арғы жағында отырмын. Өткен күндеріме көз жүгіртсем, ешқайсысын қайтадан басымнан өткергім келмейтінін түсіндім. Тек екі құлыншағыма деген сағыныш өзегімді өртейді, қызымның мектеп бітіру кешінде қасында бола алмағаным жаныма батады.

Жігітім маған көзсіз ғашық еді, сәнге қандай заттар шықса, барлығын сыйлайтын. Ең қымбат сыйлығы – жауһар тастары бар алтын әшекей. Кездеспей қалған күніміз болмайтын, бір күн көріспеу – ол үшін нағыз “трагедия” еді.

Ол кезде сот отырысының хатшысы болып жұмыс істейтінмін. Бір жылдан кейін “Сот аппаратының басшысы” штаттық лауазымы пайда болып, әріптестерімнің біраз жыл еңбек өтілі бар болса да, заң білімім болғандықтан, жұлдызым жанып, мені тағайындады. Судьядан кейінгі екінші адам мен болдым.

Сол кезде анам қатты науқастанып, комаға түсті де, өмірден озды. Сөйтіп жүргенде ғашығым Арман сөз салып, туыстарым қолдан ұзатты, бірақ тойымыз болмады. Кез келген қыз өмірінде бір рет киюді армандайтын ақ көйлек бұйырмады.

Өміріміз ертегідегідей басталды. Біз кездесіп жүргенімізде Арман досының құрылыс компаниясында жұмыс істейтін. Мен өзімді толық үйдің шаруасына арнау үшін жұмысымнан шықтым. Жұбайым демалыс күндерінде еркелетіп, төсегіме әдемі таңғы ас әкелетін. Оның түзде де, үйде де тап-тұйнақтай, әдемі жүруін өзімнің абыройым санайтынмын. Түскі асқа ет асып, қуантамын, бауырсағымды қатты ұнататын.

Тәтті күндердің ләззатына бөленіп жүргенде тұңғышыма жүкті болдым. Мешітке барып, Алладан ұл сұрадым, себебі ол ұлы болғанын армандайтын. Тілегім қабыл болды, өмірге Әлиіміз келіп, әкесі қатты қуанды. Есімін жұбайым өзі қойды, бұл атты екеуміз қыз бен жігіт болып кездесіп жүргеннен айтатын.

Бірақ қайын енеммен қарым-қатынасымыз қиын болды. Бөлек тұрса да, таңертеңнен кешке дейін үйімізге келіп алып, үй шаруасына араласатын. “Үйге қожалық етіп жүрсің. Бұл байлықтың барлығы баламдікі. Сен түксіз келдің” деген сөздерді қайталаудан жалықпайтын. Не істесем де, оған жақпадым. Әр шымшыма сөзіне жылап қоя беретінмін. Енем әр тиіскен сайын: “Сен бізге көз жасыңмен келдің” дейтін.

Жылына екі рет шетелге демалуға барамыз. Бұл енемнің қытығына тиетін. Түркияға барған сайын “енем ренжіп қалмасыншы” деп қымбат сыйлықтар сатып аламын, ол бәрібір қуанбады. Уақыт өте келе енемнің мінезіне мән бермеуге көштім. Күйеуімнің де мінезі өзгеріп, жұмыстан келгенде болмашыға ұрыс шығаратын болды. Өзі жас, сымбатты. Ақшаның буы шығар деп ойладым.

Некеміз заңды түрде қиылмағандықтан, Азаматты көндіріп, куәлігімізді алатын күні ұлымыздың қасына әжесінің отыра тұруын өтініп, шақырып алдық. Енеме неке қию туралы ойымыз ұнамады, “байлықты бөліскің келіп жүр” деп, күңкілдеп қоймағасын Азамат ашуланып, үйден шығып кетті. Сонымен бұдан кейін ол туралы сөз қозғамадым.

Күн артынан күн өтіп, тағы да жүкті екенімді білдім, бұл кезде ұлым 3 жаста еді. Қуанышты жаңалықты отбасыма әдемі дастарқанда хабарламақ болдым. Үстел басында әйелдер қалғанда жүктілігімді айтып едім, енем тәрелкелерді жерге лақтырып, “Екінші балаға дайын емессіңдер! Біреуін өсіріп алыңдар!” деп қатты ашуланды. Мен тағы да көз жасыма ерік бердім.

Арада 9 ай өткенде өмірге қызымыз келді. Әйтеуір енем оны қатты жақсы көріп, енді үйден мүлдем шықпайтын болып алды. Еркектер ұлды қалағанмен, қызды жақсы көреді ғой. Күйеуім де жұмыстан келгенде қызын қолынан тастамайтын болды. Ашуланып тұрса, қызын көргенде өзгеріп сала беретін.

Арада жылдар өтті. Бұл уақытта күйеуім жұмыс істейтін құрылыс компаниясының тасы өрге домалап, тұрғын үй кешендерін бірінен соң бірін тұрғызып жатқан кезі. Бірде жаңадан құрылысы біткен кешендерді тамашалауға барғанда компания иесі, күйеуімнің досы менің қызыққанымды байқап: “Дина, қалаған үйіңді ал, екеуіңе сыйлығым болсын, пентхаус таңдасаң да, сенікі!” – деді.

Аумағы 258 шаршы метрлік екі қабатты пентхаусты таңдадым. Бірден ішкі жөндеу жұмыстарын қолыма алдым. Барлық тұрмыстық заттарды Қытайдан тасып, аз уақыт ішінде пентхаус іші кірсе шыққысыз сарайға айналды.

Жұбайым кезекті іссапарына кеткен бір күні түнде ұялы телефоным шырылдап қоя берді, Өзін Альбина деп таныстырған қыз: “Сенің күйеуің менің қасымда!” – деп, қайдағы бір ауыр сөздерді айта бастағасын телефонды қоя салдым. Қайта-қайта хабарласты. Мас екені сезілді. “Сені көргенмін! Ты мамбетка!” – деді. Соңғы сөзді бұрын күйеуім талай айтқан, желдің қай жақтан соғып жатқанын бірден түсіндім. Бұдан кейін ұйқы болмады, жастығым көз жасыма малшынып, түнімен жылап шықтым. Таңертең айнаға жақын келіп, өзіме көз тоқтатып қарадым. Күйеуімнің сүйіктісі айтқандай, шашым ұйпа-тұйпа, түрім шаршаңқы, жүзім солыңқы. Өзімді жөнге салуға шешім шығардым.

Іссапардан келген күйеуіме жақ ашпадым, себебі жанжалдасудың мәні жоғын білемін. Арамызда болған талай жанжалда ол менің сөздеріме құлақ аспайтын. Сонда да ол бірдеңе айтып, ақталып жатты, бірақ не айтса да маған қызық болмады.

“Балалар жылайды” деп, күйеуім басқа бөлмеге ұйықтап жүрді, күн өткен сайын арамыз суып, бір-бірімізден алшақтай бастадық.

Төркінде мені күтіп отырған әкем де, анам да жоқ. Жанжал шыққан күндері үлкен әпкеме кетіп қаламын. Жүрегімде тыныштық жоғын, өзімді алтын торда отырғандай сезінетінімді әпкеме жеткізе алмайтынмын. Себебі тұрмысымыз сырт көзге әдемі көрінгенмен, күйеуім енді казино ойнауды әдетке айналдырып, бар ақшасын сонда салып, коммуналдық қызметті жабуға, тіпті тамақ алуға ақша таппай жүрдім. Ақша сұрасам, қалтасындағы барын алдыма лақтырып, “Енді миымды қатырма!” дейді. Іші жарқыраған кең сарайдай пентхауста тұрамын, бірақ екі балама беретін тамақ, не оны алатын ақша жоқ. Даңғарадай сарайда тұрып жатып, осы жағдайымды біреуге айтсам, маған ешкім сенбес те еді. Ақыры пентхаусты жақсы бағаға сатып, жарты бағасын кейінгіге сақтап, бір бөлігіне шағын пентхаус алып, тағы да ішін жөндеуге қажетті тұрмыстық заттарға Қытайға барып келіп жүрдім.

Азаматтың құмар ойынға тәуелді болып алғаны сонша, казинода ойнау үшін демалыс сайын Бурабайға баратын. Осылай жүргенде екініш пентхаусты да ұтысқа тігіп, ұтылып, екеуміздің қосылған жылы тұрған 3 бөлмелі үйімізге көшіп бардық.

Мен заңды жақсы білетіндіктен, күйеуім үнемі ақылдасып отыратын. Бірде Азамат досынан Германиядан ламинаттың шаршы метрін 3 доллардан әкелуге болатынын, оны біздің елде 7 долларға сатуға болатынын естіпті. Енді арзанға ламинат сатып алатын ақшаны қайдан табуға болатынын сұрады. Кезінде пентхаусты жөндеуге қомақты несие алғаны бар, оған банк несие бермейтінін, бір ғана шығар жол – пәтерді банк арқылы төмен пайызбен маған сатып, артылған ақшаға тауарды алуға болатынына кеңес бердім. Азамат айтқанымды орындады, пәтер менің атыма өтті. Әкелген тауарларды сәтті сатқаннан кейін пәтерді өз атына аудару керек дегенімен, бұндай жағдайда алаяқтықтың көрінісі болатынын айттым, пәтер менің атымда қалды. Әрине, жәй келісе қоятын Азамат па, ашуланды, көзімді құртатынын айтты, бірақ пәтердің заңды иесі мен ғой, пәтерден шығарып жібердім. Бұл жолы ешқандай соттың менен үйді тартып ала алмайтынын, көрген қорлығымның қайтарымы ретінде пәтердің менде қалатынын айттым. Жұмысқа тұрып, бұл үйді сатқан бағаға қаланың ортасынан нашарлау пәтер сатып алып, компанияның айына 50 мыңға жалға берген 1 бөлмелі үйіне балалармен көшіп бардым да, уақыт тауып сатып алған үйді жөндеумен айналыса бердім. Балаларымның кішісі балабақшада, үлкені сабақта, өзім жұмыстың қызығына кірісіп, өзімді-өзім жақсы көре бастадым. Жаңа орта, жаңа таныстықтар, алдымнан жаңа мүмкіндіктердің есігі ашыла бастады.

Компания бастығы бізге жақын арада доллар бағамының өсетінін айтып отыратын, сондықтан ақшамды сақтап жүрдім. Жарты жыл өткенде доллар бағамы 180-нен 360-қа шықты. Бұл уақытта компания ыдырап, жұмыссыз қалғасын үйде отырып биткойндарды алып сатумен айналыстым. Биржаға тұңғышым кішкентай болғанда келген едім, тәжірибем бар, схемам дұрыс болғандықтан, үнемі табысқа шығып отырдым. Басымда несие жоқ, өмірім жақсарды, өзімнен де, балаларымнан да ешнәрсе аямадым. Өмірге қайтадан келгендей болып, өзімді бақытты сезіне бастадым. Дәл сол уақытта жолдасым сыйлаған құндыз тонның, шетелдің мені бақытты қыла алмағанын, нағыз бақыт – жүректің тыныштығы екенін түсіндім.

Бір күні жолдасым ұялы телефоныма қоңырау шалып, кездесуді өтінді. Екі баласы барын, ортақ балаларымызбен таныстырғысы келетінін айтқасын, араластырдым, балаларымды әжесіне де жіберіп тұрдым. Бірақ Азаматпен бірге тұрған 12 жылда қанша тырысқаныммен неге жараспағанымызды осы кезде түсіндім. Екі баланың анасы өзі жұмыс істеген компаниядағы хатшысы екен. Тұңғышымызды перзентханадан шығарғанда да оның хатшысы жанымызда болып, үйге келгесін дастарқан жаюға көмектескен.

Арада жылдар өтіп, енем қайын атамның төсек тартып қалғанын хабарлап, үйлеріне шақырды. Мені көріп, егіліп жылап: “Сен келіндердің ішіндегі ең жақсысы болдың”, – деп кешірім сұрады. Біз бір-бірімізді кешірдік.

Жұмыс та, жалғыздық та мені жалықтыра бастады. Әдемі көйлектерім мен біз өкше туфлилерімді киіп, жарқырап жүргім келді. Әлемдік деңгейдегі саудамен айналысатын компанияға жұмысқа орналастым. Ұжымда жастар көп, жұмыс аптасының соңында көңілді орындарға барамыз. Тым еркінсіп кеттік. Бұл уақыт – қасыма көшіп келген үлкен әпкем өмірден озып, қатты күйзеліске түсіп жүрген кезім. Күйзелісімді ұмытуға тырыстым. Балаларымның алды – 20 жаста, соңы –17-де. Ұлым сүйіктісінен, қызым құрбыларынан босамайды. Сондай бір ұжыммен қыдырыста әріптес жігіт мефедрон тұтынатынын айтты. Алғашында не айтып тұрғанын түсінбедім. “Әсері кокаинге пара пар, татып көрсек қайтеді”, – деді. Оның осы сөзін әріптес қызға айтып едім, оны бүкіл ұжымның тұтынатынын айтты. Шайтан түртіп, қызығушылығым оянды. Әлгі жігітке “қабылдап көрейін” деп өзім жармастым.

Кешкісін әріптесім жеткізген “кереметтің” әсерін көрдім, ештеңе сезбедім, жүрек соғысы өзгерген жоқ, құламадым. Бұл жаз айы еді. Көліктен шығып, қарсы тұрған үйге көз салдым. Бір әйел балконда гүлдерін суарып жүр екен, осы көрініс менің көзіме ерекше әдемі көрінді. Төбемдегі жұлдыздарға қарадым, әдеттегіден ерекше жарқырап тұр екен. Бұның барлығы осы бір заттың әсері екенін әріптестерімнен кейін білдім ғой.

Демалыс күндері есірткемен дос болып, жалықтырған жалғыздықтан қашудың жолын таптым. Бірақ оны тек далада қолдандым, балаларым көрмеуі тиіс, бұл мен үшін жазылмаған заң еді. Бас ауруыма айналған уайымды ұмыта бастағанымды байқағасын, маған бұл зат тіптен ұнай бастады.

Жұма күні кешке сөмкеме бір қабылдауға жететін мефедрон салып сыртқа шықтым. Жолда полиция қызметкерлері тоқтатып, көлігімді, үйді тінтті. Мені құқық қорғау органдары қызметіне көрсетіп жіберген өзімнің әріптесім екенін кейін білдім. Бірде үйіме келгенде мефедрон сұрағанда бермеп едім, іштей ренжіп, өшін осылай алған екен. Балаларымның қасында көбірек болу үшін тергеу ісіне көмектесіп, мефедронды дайындап, сатқандарды ұстап бердім.

Бүгінде істеген ісім қате екенін білемін, сол үшін өкінемін. Үйден кетіп бара жатқанда балаларыма: “Кім не ұсынса да арбауына түспеңдер”, – деген ақылымды айтып кеттім. Мен сияқты адасып, өкініштің ащы запыранының дәмін татпаса екен.

Бостандыққа шығуыма бір жылдай қалды. Екі баламды сағынып, солардың жанында болуды армандаймын. Әттең, нағыз бақыт сол екенін кеш түсіндім.”

Дайындаған

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp