«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақын өмірінің айнасындай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дәстүрлі ән дегенде ойға ең алдымен сал-серілер шығармашылығы оралады. Шынында да осы кезеңді қазақ әнінің дамып, жаңа деңгейге көтерілген кезеңі десек болады. Алайда біз Біржан сал, Ақан серілерден кейін де өнер әлемінде өз ізін қалдырған дарындар болғанын ұмытпауымыз керек. Солардың бірі – ақын Қапез Байғабылұлы.

Ел Қапездің “Үш Меркі”, “Ай­хай”, “Дүние-ау”, “Қоштасу” әнде­рін жақсы білгенімен, оның өмір­баянынан бейхабар. Дарын иесі­нің тек ақын, сазгер ғана емес, өз заманындағы қоғамдық-саяси өз­герістерге әсер еткен қайраткер, ағартушы екенін де айта кету па­рыз. Оның бұл қырларының бәрі “Үш Меркі” әнінде айтылады. Де­мек ән мәтініне терең үңілу ар­қылы автордың өмірбаянын, за­манын суреттеуге де болады.

Қапез Байғабылұлы 1896 жы­лы қазіргі Алматы облысы, Ра­йым­бек ауданы, Тоғызбұлақ ауыл­дық аумағына қарасты Ақ­то­ғай деген жерде дүниеге кел­ген. Әкесі орта шаруа болса да, баласының оқу оқуына қолдау көрсетеді. Сөйтіп, жас дарын ауыл молдасынан хат танып, орыс қонысына жақын тұрған­дық­тан, орысша да біліп өседі.

“Үш Меркі” – жинақы, Абайша айтқанда айналасы тегіс, жұп-жұмыр ән. Оның үш шумағы да, қайырмасы да бір-бірін жетелеп отырады. Ән әуенінің де құлаққа жағымды, ырғақты болуы тың­дар­манды тарта түседі. Сөздері­нің де арасына сына қағу мүмкін емес. Бәлкім егде тартқан дарын иесі өзінің бар қарымын осы бір соң­ғы әніне салып, ұрпағына ама­наттаған шығар. Әдетте мұн­дай өмірбаяндық туындылар ұзақ­қа созылып, көлемді келетін. Алайда Қапездің әні – небәрі үш шумақ қана. Бәлкім бізге жетпей қалған шумақтары бар шығар. Десе де осы үш шумақтың өзі ли­рикалық кейіпкер бейнесін ашып, көп нәрседен хабар беріп тұр. “Үш Меркі” Қапездің ән мен сөз құдіреті арқылы салынған автопортреті десе де болғандай. Туындыны тыңдап отырған адам ақынның кім екенін білмесе де, көз алдына шұрайлы Меркі да­ласы, асқақ тұлғалы Алаш аза­маты елестейді.

Өкінішке қарай, әннің нақты қан­дай себеппен туғаны белгісіз. Бір білетініміз, “Үш Меркі” ақын өмі­рі­нің екінші жартысында жа­рық­қа шыққан. Біржан сал, Ақан серілердің өздері туралы айтқан туындыларына қарағанда бұл ән­нің әуені мұңды емес, ойнақы, мә­тінінде де дарын иесінің өмір соңындағы өкініш-күйініші емес, жеткен жетістіктері баяндалады. Кешегі “Дүние өтерінде шыр ай­налды” (Біржан сал) деген сал-серілердей емес, Қапез өз өмірін оптимистік көзқараста, отты леп­пен жырлайды. Бұған оның өз ізашарларынан басқа уақытта, жаңа заманда туып, жаңаша ортада өсіп, жаңашыл көзқа­раста болғаны әсер етсе керек.

Әннің шығу тарихы болмаса да, ол автордың өмір тарихынан мол ақпарат береді. Сондықтан аталған туындыға осы жағынан келген дұрыс.

“Бiздiң ауыл шұрайлы Тоғызбұлақ,

Семiрген тұра алмайды өгiз құлап.

Кейбiр жаман тамшыға жете алмайды,

Дәметiп Жаратқаннан теңiз сұрап”, – деп бастайды ақын өлеңін.

Мұндағы Тоғызбұлақ ауылы, Қапездің туған жері бүгін де бар. Ондағы мектепке композитор­дың есімі берілген. Мерейтой са­йын туған өлкесінде түрлі шара­лар ұйымдастырылып тұрады.

“Семірген тұра алмайды өгіз құлап” деген сөздер туған жердің қаншалықты тұрмысқа жайлы, топырағы құнарлы мекен екенін көрсетеді. Әдебиетімізде осыған ұқсас “Жабағылы жас тайлақ, Жардай атан болған жер” (Қаз­туған), “Алты күнде ат семірер жер” (Асан қайғы) деген тіркес­тер бұрыннан бар. Мұндағы тамшыға жете алмайтын жаман­дар туралы ой да терең.

“Бiлiм алдым Ыстамбұл қаласынан,

Алаштың тәлiм бердiм баласына.

Өлгеннен соң құр жылар – тiрiсiнде

Кiм жетер азаматтың баға­сына?” – деп жалғасады екінші шумақ.

Мұндағы “Білім алдым Ыс­там­бұл қаласынан” деген сөз тың­дарманды елең еткізері анық. Бір сәт қазақтың сал-сері­лерінің қайсысы сыртта оқыды деп ойлап та қаласыз. Ал Қапез Байғабылұлы болса шын мә­нінде Түркияда білім алған өз за­манының сауатты азаматы бол­ған. Оның шетелде оқуына атасы Бейбіт қажының көп әсері тисе керек.

Бейбіт қажы немересін Жар­кенттегі медресеге оқуға береді. Қажының өзі Меккеге сапар­ла­ғанда түрік оқымыстыларымен танысады. Әңгімелесе келе оқы­мыстылар өз бауырластарына білім бергілері келетін ниетін та­нытады. Бейбіт ақсақал өзінің зерек немересі туралы айтады. Сонда ұстаздар алыс елге жал­ғыз келу қиын болатынын, мүм­кін­дік болса бірнеше бала жібе­руін сұрайды. Сөйтіп, Қапез Бай­ғабылұлы бірнеше қатарласымен шетелдегі оқымыстылардан тәлім алады. Бұл кезде ақын 15-16 жаста болса керек.

Ақынның оқып келгеннен ке­йін немен айналысқанын “Алаш­тың тәлім бердім баласына” деген жолдар айтып тұр. Қапез Байғабылұлы өз заманындағы Алаш арыстары сияқты кеңес билігі орнағаннан кейін бар күш-қуатын ағарту саласына арнады. Бұл қызылдармен саяси күресте бәсекелесудің қауіптілігін түсін­ген алаштықтардың жаппай осы салаға бет бұрып, мектеп ашып, оқулық жазып жатқан кезі еді. Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгі­ров, Сәкен Сейфуллин сынды алыптармен қарым-қатынаста болған ақын да қазақ балала­рына жаңаша білім беруге, туған өлкесінде мектеп ашуға ден қояды. Оның бастамасымен бір­неше елді мекенде мектептер ұйымдастырылады. Білім орда­ларында қазақтың қарасирақ балалары хат танып, қатарға қосылады. Қапез Байғабылұлы қызмет еткен мектептерде оқыған оқушылардың арасында болашақ ғылым мен өнер май­талмандары бар еді. Ораз Жан­досов ақынға Алматыға бару туралы ұсыныс айтқанда ол ел­дегі сауатсыздықпен күресу үшін бас тартқан екен.

“Қапездің тағы бір қайрат­керлігі – Қарқара жәрмеңкесінің жанынан мұғалімдердің білімін жетілдіру мектебін ашқандығы. Жазғы демалыс кезінде аудан­ның барлық мұғалімі осы мек­тепке келіп, білімін жетілдірді. Қапез сонда дәріс оқыды. Оқы­тудың әдіс-тәсілдерін үйретті”, – деп жазады өнер зерттеушісі Са­ғатбек Медеубекұлы.

“Он жасымда қайтейiн бала болдым,

Он бесімде жол iздеп дала қондым.

Отызымда ағайын ашыққан соң,

Бiр өзiм алпыс үйге пана болдым”, – деп аяқталады ән.

Ақынның “он бесімде жол із­деп дала қондым” дегені Ыстам­бұл сапары болса керек. Ал аға­йыны ашығып жатқан уақыт оты­зыншы жылдардағы алапат аштық жылдарына тұспа-тұс ке­леді. Бұл ұлт тағдырының қыл үстінде тұрған, қара халықпен қатар зиялылардың да иығына ауыр жүк түскен қиын кез еді. Сондай уақытта Қапез Байға­былұлы ел тізгінін өз қолына алып, алпыс үйлі ауылды аш­тықтан аман алып шығады.

Ақын 1932-1933 жылдары орталық пен солтүстікте босып жүрген ағайынды жиып, жағда­йын түзеуге кіріседі. Бір ауыл ел жиып, оған “Облатком” деген ат қойған. Осы еңбегі үшін оған өкіметтен Құрмет грамотасы да берілген екен.

Осылайша әннің үш шумағы автор өмірінің әр кезеңін көрсетеді. Қапез Байғабылұлы тек ақын, әнші, сазгер ғана емес, ағартушы, ұлт зиялысы, педагог, қайраткер, патша үкіметіне қар­сы күреске қатысушылардың бірі болған.

Әннің қайырмасында айтылатын:

“Орта Меркi, Шет Меркi, Меркi, Меркi,

Қарқара, Кегенменен жердiң көркi” деген атаулар да – ол туып өскен өңірдегі жерлер.

Бала кезінен білім қуып, сол білімін халқының керегіне жара­та білген ардақты ақын 1937 жылы жазықсыз жаламен қуғын кө­реді. 1939 жылы Ухта қаласын­да қайтыс болған. Қапез Бай­ғабылұлының есімі ресми түрде 1958 жылы ақталды.

Ақынның ардақты атына дақ түссе де, ел оның өлеңдерін ұмытқан жоқ. Бүгінге дейін “Үш меркі” әні арқылы талай ұрпақ Қапез Байғабылұлы есімін та­нып, оның өмір жолынан хабардар болып келеді.

Сара ҚҰЛАХМЕТ,

Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp