Дәстүрлі ән дегенде ойға ең алдымен сал-серілер шығармашылығы оралады. Шынында да осы кезеңді қазақ әнінің дамып, жаңа деңгейге көтерілген кезеңі десек болады. Алайда біз Біржан сал, Ақан серілерден кейін де өнер әлемінде өз ізін қалдырған дарындар болғанын ұмытпауымыз керек. Солардың бірі – ақын Қапез Байғабылұлы.
Ел Қапездің “Үш Меркі”, “Айхай”, “Дүние-ау”, “Қоштасу” әндерін жақсы білгенімен, оның өмірбаянынан бейхабар. Дарын иесінің тек ақын, сазгер ғана емес, өз заманындағы қоғамдық-саяси өзгерістерге әсер еткен қайраткер, ағартушы екенін де айта кету парыз. Оның бұл қырларының бәрі “Үш Меркі” әнінде айтылады. Демек ән мәтініне терең үңілу арқылы автордың өмірбаянын, заманын суреттеуге де болады.
Қапез Байғабылұлы 1896 жылы қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданы, Тоғызбұлақ ауылдық аумағына қарасты Ақтоғай деген жерде дүниеге келген. Әкесі орта шаруа болса да, баласының оқу оқуына қолдау көрсетеді. Сөйтіп, жас дарын ауыл молдасынан хат танып, орыс қонысына жақын тұрғандықтан, орысша да біліп өседі.
“Үш Меркі” – жинақы, Абайша айтқанда айналасы тегіс, жұп-жұмыр ән. Оның үш шумағы да, қайырмасы да бір-бірін жетелеп отырады. Ән әуенінің де құлаққа жағымды, ырғақты болуы тыңдарманды тарта түседі. Сөздерінің де арасына сына қағу мүмкін емес. Бәлкім егде тартқан дарын иесі өзінің бар қарымын осы бір соңғы әніне салып, ұрпағына аманаттаған шығар. Әдетте мұндай өмірбаяндық туындылар ұзаққа созылып, көлемді келетін. Алайда Қапездің әні – небәрі үш шумақ қана. Бәлкім бізге жетпей қалған шумақтары бар шығар. Десе де осы үш шумақтың өзі лирикалық кейіпкер бейнесін ашып, көп нәрседен хабар беріп тұр. “Үш Меркі” Қапездің ән мен сөз құдіреті арқылы салынған автопортреті десе де болғандай. Туындыны тыңдап отырған адам ақынның кім екенін білмесе де, көз алдына шұрайлы Меркі даласы, асқақ тұлғалы Алаш азаматы елестейді.
Өкінішке қарай, әннің нақты қандай себеппен туғаны белгісіз. Бір білетініміз, “Үш Меркі” ақын өмірінің екінші жартысында жарыққа шыққан. Біржан сал, Ақан серілердің өздері туралы айтқан туындыларына қарағанда бұл әннің әуені мұңды емес, ойнақы, мәтінінде де дарын иесінің өмір соңындағы өкініш-күйініші емес, жеткен жетістіктері баяндалады. Кешегі “Дүние өтерінде шыр айналды” (Біржан сал) деген сал-серілердей емес, Қапез өз өмірін оптимистік көзқараста, отты леппен жырлайды. Бұған оның өз ізашарларынан басқа уақытта, жаңа заманда туып, жаңаша ортада өсіп, жаңашыл көзқараста болғаны әсер етсе керек.
Әннің шығу тарихы болмаса да, ол автордың өмір тарихынан мол ақпарат береді. Сондықтан аталған туындыға осы жағынан келген дұрыс.
“Бiздiң ауыл шұрайлы Тоғызбұлақ,
Семiрген тұра алмайды өгiз құлап.
Кейбiр жаман тамшыға жете алмайды,
Дәметiп Жаратқаннан теңiз сұрап”, – деп бастайды ақын өлеңін.
Мұндағы Тоғызбұлақ ауылы, Қапездің туған жері бүгін де бар. Ондағы мектепке композитордың есімі берілген. Мерейтой сайын туған өлкесінде түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады.
“Семірген тұра алмайды өгіз құлап” деген сөздер туған жердің қаншалықты тұрмысқа жайлы, топырағы құнарлы мекен екенін көрсетеді. Әдебиетімізде осыған ұқсас “Жабағылы жас тайлақ, Жардай атан болған жер” (Қазтуған), “Алты күнде ат семірер жер” (Асан қайғы) деген тіркестер бұрыннан бар. Мұндағы тамшыға жете алмайтын жамандар туралы ой да терең.
“Бiлiм алдым Ыстамбұл қаласынан,
Алаштың тәлiм бердiм баласына.
Өлгеннен соң құр жылар – тiрiсiнде
Кiм жетер азаматтың бағасына?” – деп жалғасады екінші шумақ.
Мұндағы “Білім алдым Ыстамбұл қаласынан” деген сөз тыңдарманды елең еткізері анық. Бір сәт қазақтың сал-серілерінің қайсысы сыртта оқыды деп ойлап та қаласыз. Ал Қапез Байғабылұлы болса шын мәнінде Түркияда білім алған өз заманының сауатты азаматы болған. Оның шетелде оқуына атасы Бейбіт қажының көп әсері тисе керек.
Бейбіт қажы немересін Жаркенттегі медресеге оқуға береді. Қажының өзі Меккеге сапарлағанда түрік оқымыстыларымен танысады. Әңгімелесе келе оқымыстылар өз бауырластарына білім бергілері келетін ниетін танытады. Бейбіт ақсақал өзінің зерек немересі туралы айтады. Сонда ұстаздар алыс елге жалғыз келу қиын болатынын, мүмкіндік болса бірнеше бала жіберуін сұрайды. Сөйтіп, Қапез Байғабылұлы бірнеше қатарласымен шетелдегі оқымыстылардан тәлім алады. Бұл кезде ақын 15-16 жаста болса керек.
Ақынның оқып келгеннен кейін немен айналысқанын “Алаштың тәлім бердім баласына” деген жолдар айтып тұр. Қапез Байғабылұлы өз заманындағы Алаш арыстары сияқты кеңес билігі орнағаннан кейін бар күш-қуатын ағарту саласына арнады. Бұл қызылдармен саяси күресте бәсекелесудің қауіптілігін түсінген алаштықтардың жаппай осы салаға бет бұрып, мектеп ашып, оқулық жазып жатқан кезі еді. Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин сынды алыптармен қарым-қатынаста болған ақын да қазақ балаларына жаңаша білім беруге, туған өлкесінде мектеп ашуға ден қояды. Оның бастамасымен бірнеше елді мекенде мектептер ұйымдастырылады. Білім ордаларында қазақтың қарасирақ балалары хат танып, қатарға қосылады. Қапез Байғабылұлы қызмет еткен мектептерде оқыған оқушылардың арасында болашақ ғылым мен өнер майталмандары бар еді. Ораз Жандосов ақынға Алматыға бару туралы ұсыныс айтқанда ол елдегі сауатсыздықпен күресу үшін бас тартқан екен.
“Қапездің тағы бір қайраткерлігі – Қарқара жәрмеңкесінің жанынан мұғалімдердің білімін жетілдіру мектебін ашқандығы. Жазғы демалыс кезінде ауданның барлық мұғалімі осы мектепке келіп, білімін жетілдірді. Қапез сонда дәріс оқыды. Оқытудың әдіс-тәсілдерін үйретті”, – деп жазады өнер зерттеушісі Сағатбек Медеубекұлы.
“Он жасымда қайтейiн бала болдым,
Он бесімде жол iздеп дала қондым.
Отызымда ағайын ашыққан соң,
Бiр өзiм алпыс үйге пана болдым”, – деп аяқталады ән.
Ақынның “он бесімде жол іздеп дала қондым” дегені Ыстамбұл сапары болса керек. Ал ағайыны ашығып жатқан уақыт отызыншы жылдардағы алапат аштық жылдарына тұспа-тұс келеді. Бұл ұлт тағдырының қыл үстінде тұрған, қара халықпен қатар зиялылардың да иығына ауыр жүк түскен қиын кез еді. Сондай уақытта Қапез Байғабылұлы ел тізгінін өз қолына алып, алпыс үйлі ауылды аштықтан аман алып шығады.
Ақын 1932-1933 жылдары орталық пен солтүстікте босып жүрген ағайынды жиып, жағдайын түзеуге кіріседі. Бір ауыл ел жиып, оған “Облатком” деген ат қойған. Осы еңбегі үшін оған өкіметтен Құрмет грамотасы да берілген екен.
Осылайша әннің үш шумағы автор өмірінің әр кезеңін көрсетеді. Қапез Байғабылұлы тек ақын, әнші, сазгер ғана емес, ағартушы, ұлт зиялысы, педагог, қайраткер, патша үкіметіне қарсы күреске қатысушылардың бірі болған.
Әннің қайырмасында айтылатын:
“Орта Меркi, Шет Меркi, Меркi, Меркi,
Қарқара, Кегенменен жердiң көркi” деген атаулар да – ол туып өскен өңірдегі жерлер.
Бала кезінен білім қуып, сол білімін халқының керегіне жарата білген ардақты ақын 1937 жылы жазықсыз жаламен қуғын көреді. 1939 жылы Ухта қаласында қайтыс болған. Қапез Байғабылұлының есімі ресми түрде 1958 жылы ақталды.
Ақынның ардақты атына дақ түссе де, ел оның өлеңдерін ұмытқан жоқ. Бүгінге дейін “Үш меркі” әні арқылы талай ұрпақ Қапез Байғабылұлы есімін танып, оның өмір жолынан хабардар болып келеді.
Сара ҚҰЛАХМЕТ,
Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі.