«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Біржан ЖАЛҒАСБАЕВ: “ШЫҒАРМАШЫЛЫҚПЕН ЕРКІН АЙНАЛЫСҚАН КҮНДЕРДІ САҒЫНАМЫН”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Біржан Нұрмаханұлы, әңгімемізді жуырда ХХV мау­сымын жапқан Сәбең театры­ның ты­ныс-тіршілігінен баста­сақ.

– Біз ХХV маусымды жаңа ғимаратта бастадық. Жұмысты зәу­лім театрда бастаудың өзі үл­кен жауапкершілікті талап етеді екен. Өнер ұжымы жиырма жылдан астам уақыт бұрынғы энер­ге­тик­тер сарайын паналап, осы жыл­­дар ішінде түрлі жанрда қо­йылымдар сахналап, халықара­лық, республикалық байқаулар­да жүлдегер атанды. Бірақ екі театрдағы атмосфера бір-біріне ұқсамайды. Қаламыздың көрікті шағынаудандарының бірінде орналасқан жаңа театр ұжымға тың серпін берді. Аумағы 16 мың шаршы метрді құрайтын театрдағы жұмыс екі есеге көбейді десек, қателеспеймін.

Түрлі сахналарға шығып жүргенімізбен жаңа ғима­раттың қыр-сырын меңгеру оңай емес. Дегенмен, өнер адамы кез келген сахнаға дайын болуы қажет. Кез келген жерде өнерін көрсете алатын деңгейге жеткен өнерпаз ғана мәдениет майтал­маны бо­ла алады.

ХХV маусым театр үшін та­быс­тарға толы болды. Бұл мау­сым­да өз көрермендеріне “Ұлпан”, “12 MINUT”, “Сараң”, “Жұмағым” спектакльдерін ұсын­ды. Театр жанындағы “Sensitive” би театры өзінің “Толқынды арпалыс” қойы­лымын сахнаға шығарды. Облыс әкімдігінің қолдауымен және Қа­либек Қуа­нышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдасты­руымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темiрбек Жүр­геновтiң туғанына 125 жыл то­луына орай араға 21 жыл салып, Қазақстан драма театр­ларының XXIX республикалық фестивалі Қызылжарда өтті. Бұл – біздің ұжым үшін үлкен мәртебе.

– Сіз осыдан он жыл бұрын берген бір сұхбатыңызда “Мен рөлдерді сомдаушы ди­ректор боламын”, – деп айтқан едіңіз. Соңғы жылдары сізді сахнадан көре алмай келеміз. Оның себебі неде?

– Иә, осыдан он жыл бұрын өнер ұжымына директор болып тағайындалған кезде үлкен эмо­циямен берген сұхбатымда айт­қан сөзім әлі есімде. Ол ойым өз­герген жоқ. Сахнаға аракідік шы­ғып жүрмін.

Директор болғанға дейінгі, болғаннан кейінгі сомдаған рөл­дерімді сараласам, екеуінің ара­сы жер мен көктей. Басшылық қызметте жүріп ойнаған рөлде­рім­нің жетістіктері аздау, кемшін тұстары көптеу. Неге десеңіз, бір­неше жұмысты қатар алып жүру оңай емес. Оның үстіне театр­дың көрермені тым талғам­паз. Актердің қалай дайындал­ғанын біліп қояды. Қазақ­станның еңбек сіңірген қайратке­рі Болат Әбділ­манов Сәбира Май­қанова апа­мыз­дың сахнаға шығарда ешкім­мен сөйлеспей, телефонға қа­рамай, өз-өзін да­йындайтынын айтып отыра­тын. Бізде мұндай мүмкіндік жоқ.

Директор бола тұрып, рөл сомдайтын әріптестерім де бар. Бірақ біртұтас ұжымға жауапты болғандықтан, олардың көбі алған рөлін өз биігінде көрсете ал­майды. Тәжірибесімен, техни­ка­сымен алып шықса да, толық­қанды образды аша алмайды.

Директор – өзі басқаратын мекеменің отымен кіріп, күлімен шығатын адам. Қарамағындағы қызметкерлердің табысты жұ­мыс істеуіне жағдай жасай оты­рып, өз саласының дамуына үлес қоса алады. Сондықтан ди­ректордың өзін көрсетуінен бұ­рын ұжымның ауызбіршілігін сақтап, қаймағын бұзбай, білікті мамандарын жарқырата елге танытуы құптарлық іс.

– Сіз әуенін жазған бір­қатар туынды ел сүйіп тың­дай­тын әнге айналғанын білеміз. Өнер­­сүйер қауымның Біржан Жал­ғасбаевтан жаңа әндер күте­тіні анық. Неліктен ән жазбай кеттіңіз?

– Қазір бұл сұраққа жауап бе­ру мүмкін емес. Әннің әлемі бө­лек. Әндерімнің көбі студенттік шақта, нақтырақ айтсам, 1998-99 жылдары жазылды. Ақын әрі журна­лист, “Құрмет” орденінің иегері Жұматай Әміреев досым­мен бірігіп “Анашым”, “Ана мен сәби”, “Ту­ған жер”, “Досыма сыр”, “Дос­тар”, “Ұстазым”, “Ал­ма­ты – әнім”, “Ұрпақ үні”, “Жеңіс күні”, “Мен сені іздегенмін” деп аталатын он шақты ән жазып­пын.

Ән тыныштықты қалайды. Бас­шылық қызмет тек шығарма­шылықпен ғана айналысуға мүм­кіндік бере бермейді. Кейде сая­бақта, көшеде серуендеп жүр­ген­де ойыма әуендер, ноталар оралады. Диктофонға жазып алу­ға тырысамын.

“Aspan.fm” радиосының ди­рек­торы Мейрамбек Бесбаев аш­қан “Бес жұлдыз” атты отандық жобада “МузАрт” тобының әншісі Сәкен Майғазиев бастаған 30 сарап­шының қатарында бол­дым. Сол жобада талантты жас­тар­ды кө­ріп, көңілім марқайды.

Кәсіби композитор болмасам да, әнді орындау – тән рахаты, жан ләззаты. Театр – тағдырым болған күннің өзінде, ән – ал­ғашқы махаббатым. Себебі, ес білгелі ән айтқан жанмын. Кейде шығармашылықпен еркін айна­лысқан күндерді сағына­мын.

– “Театр киімілгіштен бас­та­лады” деген сөз бар. Мәде­ни ордаға қалай болса солай келетін, сахнаны, актерлер­дің еңбегін сыйламайтын жан­дар жоқ емес. Бұдан қалай ары­луға болады?

– Сұрағыңыз өте орынды. Театр көрермендерімен жұмыс істейтін орынбасарым бар. Бұл мәселені жиі көтереміз. Күн тәр­тібінде тұрған сауал. Жаңа театр көрермендерін қалыптастыру мәселесі жиі көтерілгенімен, кейде өзіміз сол көрерменнің ыр­қына жығылып жатамыз.

Бұрын театрда қойылымдар 19:00-де басталатын. Біз өзге қалалардағы театрлар тәжірибе­сіне сүйене отырып, қойылым­дар­ды 18:30-да бастау туралы шешімге келдік. Бұл өзгеріске үйренісе алмай жүрген көрер­мен­деріміз де бар. Кей көрермен кешігіп келеді. Келген кісіні шығарып жібере алмаймыз. Бір аға­мыздың “Көш жүре түзеледі” деп айта береміз, көшті түзеп алып, жүрсек қалай?” дегені бар еді. Бірақ көшті көппен жүріп қана түзейтінімізді естен шығармауы­мыз керек. Театрда темірдей тәртіп болу керектігін Әзір­байжан Мәмбетов айтып кеткен еді. Бұл деңгейге жету үшін қо­ғам­дық сананы өзгерту маңыз­ды.

– Драматургия – театрдың жүрегі. Аталмыш жанрдың құлдырап кеткені, кенжелеп қалғаны жалған емес. Соның салдарынан сахнаға шығара­тын заманауи қойылымдар азайып барады. Бізде пьеса жазатын қаламгер жоқ па әлде оны сахнаға алып шығаратын кәсі­би режиссер тапшы ма?

– Заманауи пьесалар жоқ емес, бар. Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе – шығармашыл жастармен жұмыс істеу. “eOti­nish” деп аталатын ашық порта­лы­мыз бен электрондық пошта­мызға пьесалар түсіп жатады. Олар­дың дені көркемдік кеңестің талаптарына сай емес.

Драманың өз талаптары, өз теориясы бар. Кейде режиссер­дің талғамына сай болмауы да ықтимал. Кей пьесаның қысқар­та­тын жерлері де болады. Сол сәтте драматург ренішін біл­діреді. Шиелініссіз пьесаларды да көз көріп жүр. Кез келген туындының басталуы, шарықтау шегі, даму арнасы, соңы болуы керек. Сах­наға рең беру де мәтінге тікелей байланысты.

Бізге Әкім Тарази, Дулат Иса­бе­ков, Сұлтанәлі Балғабаев, Орал­хан Бөкей ағаларымыздың жазған дүниелеріне қарап отыра беруге болмайды. Олардың шы­ғармалары неге өміршең? Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов “Қа­рагөз” пьесасының бірнеше нұс­қасын жазған. Көркемдік кеңес өкілдерімен, режиссермен ақыл­даса отырып, керексіз жерле­рін күзеген. “Қарагөз” осындай із­деністен кейін барып классика­лық туындыға айналды. Қазіргі дра­матургтерден мұндай жан­ашырлық байқалмайды.

– Сахнагерлерді баспана мәселесінің қинайтыны талай мәрте айтылды. Театр маман­дарының пәтер мәселесі тү­бегейлі шешілді ме?

– Пәтер мәселесі түбегейлі ше­шілді деп айта алмаймын. Жас мамандардың көбі “Жалақы қа­лай?” “Пәтер бола ма?” деп сұ­райды. Жоғары оқу орнын енді бі­тірген маманға кім жоғары жа­лақы мен дайын үй ұсына қой­сын. Бәріміз пәтер жалдап тұр­дық, аз еңбекақы үшін жұмыс іс­те­дік. Адам өзінің жұмысын сүй­се, мамандығына адал болса, ал­дынан даңғыл жол ашыла береді екен. Қазіргі жастардың ойлау жүйесі басқаша. Біздің жас кезі­мізде “Жалақы жақсы болсын, пәтер бер, әйтпесе бармаймыз” деген ұстаным болмаған.

– Ұлы Абай қара сөздерінің бірінде “Адам баласы адам ба­ласынан ақыл, ғылым, ар, мі­нез” деген нәрселермен оза­тынын айтқан болатын. Қазақ қоғамын­да осындай қа­сиет­тер арқылы озуды қа­лайтын адам аз ба, көп пе? Аз болса, оның себебі неде деп ойлай­сыз?

– Данышпан Абай сынаған қоғам түбегейлі өзгерді деп айта алмаймын. Адамның жүрек көзі ашылған сайын қарапайым бола түседі. Тіл өзімдікі екен деп ауызға келгенін айту – пенденің санасыздығы.

Асаба болып жүрген кезімде талай байдың баласын көрдім. Бай адам мұндай деңгейге өз еңбегімен, маңдай терімен жетуі мүмкін. Алайда олардың бала­лары әкелері мен шешелері өт­кен жолмен жүріп көрмеген. Қо­ғамды бүлдіретін солар. Олар осы деңгейге өздері жеткендей шіренуге, мастануға бейім.

“Сенің көлігің қандай?”, “Ме­нің үйім мынадай” деген әңгіме­лер адамшылықтан алыстатпай қоймайды. Осындай бәсекеге түскендер алтынның буына ма­сайып, ақшаның құлы болып, дүние қуып, қуыскеудеге бір-ақ сәтте айналады. Өмірге адам болып келген соң адам болып кеткеннен асқан бақыт жоқ.

– Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрыл­тайда “Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және та­быс­қа адал жолмен жететін адам”, – деп айтты. Біржан Жалғасбаев­тың ойынша, адал аза­мат­тың концепциясы қандай?

– Адалдық – ауқымды ұғым. Өзіне, ұстанымы мен тәрбиесіне адал болған адам айналасына да ізгіліктің нұрын шашып тұра­ды. Адал адам деген мәртебеге маңдай теріңмен тапқан табыс, ата-ананың ақ батасы, халықтың ризашылығы ғана жеткізеді. Қа­сиетті Қызылжар өңіріне алғаш қадам басқанда бала болдым. Жоғары білімімді растайтын дипломым да жоқ еді. Біржанды Бір­жан қылған – Қызылжар. Қы­зыл­жарыма адал болғым келеді.

– Ашық әңгімеңіз үшін рақ­мет!

Әңгімелескен

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp