«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫШ ҚОЛДЫ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Абыройлы кәсіп

Құрылыс саласы – еліміз экономикасының қозғаушы күші. Себебі бұл сала маңыздылығы жағынан дәрігерлер, мұғалімдермен бір қатарда тұр.

Мемлекеттің, қоғамның ілгері басуын оның құрылыс саласына қарап бағалауға болады. Жылдар ғана емес, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан сәулетті нысандар мен еңселі ғимараттар – осы сөзіміздің дәлелі.

Аспанға бой созған зәулім сарайлардың кірпішін қалап, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға сүбелі үлес қосып жүрген құрылыс саласының мамандары – нағыз еңбек адамы. Құрылысшы мамандығында өнер мен білім, талант пен талғам тоғысады. Сондықтан бұл – бүкіл әлемдегі жасампаз, құрметті де абыройлы кәсіп.

Осы ауқымды саланы алға жылжытуда құрылысшылар заманға сай білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі болып, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай еңбек сіңіруде. Құрылысшылардың кәсіпқойлығы мен шеберлігі жайлы сөз қозғағанда көктемгі қызыл судан келген апаттың салдары жойылып, қала шетінде небәрі 56 күнде бой көтерген жаңа шағынаудан жайлы айтпасқа болмас. Құрыш қолды мамандардың тынымсыз еңбегінің арқасында салынған бұл үйлердің алғашқы легіне табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындар қоныстанып та үлгерді. Ендігі кезекте тағы 600 үй салынуда. Осы үйлерді салу барысын көзбен көріп, реті келсе, бір кірпішін қалассақ деген ниетпен құрылысы қызып тұрған “Бірлік” шағынауданына аттандық.

Бүгіндері жаңа шағынауданда мердігер компаниялар кезекпен үй салып жатыр, ал біздің таңдауымыз – “Мирас Group” ЖШС-ға түсті. Бұл құрылыс компаниясы тұрғын үйлер мен 90 орынға шақталған балабақшаның құрылысына жауапты. Бой көтеріп жатқан баспаналар мен мектепке дейінгі білім ордасы осы жылдың күзінде қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Басты талап — қауіпсіздік

Қызып тұрғын құрылыс алаңына келіп жеткенде алдымыздан күзетшілер қарсы алды. Себебі мұнда кез келген адамның кіріп-шығуына рұқсат жоқ. Сондықтан басшылықтан рұқсат алып, қажет болған жағдайда тиісті құжаттарды рәсімдеу керек.

Әрі құрылыс алаңына кіргенде жұмысшы болсын, келуші болсын, алдымен техникалық қауіпсіздік нұсқаулығымен танысуы шарт. Бұл – заңдылық. Ережелермен тек қана арнайы маман таныстыра алады.

“Құрылыс алаңына бөгде адамдарға кіруге болмайды. Тек арнайы рұқсатнамасы бар жұмысшылар кіре алады. Техникалық қауіпсіздік нұсқаулығын арнайы маман таныстырады. Ереже сондай. Оны білмей әрі қарай кіруге рұқсат жоқ. Ең алдымен, кіріспе, сосын жұмыс орнындағы және өрт қауіпсіздігі кезіндегі нұсқаулықпен таныстырамын. Кейін күнделікті жұмыс барысында олардың қауіпсіздік ережелерін сақтағаны не сақтамағаны бақыланады. Себебі құрылыс алаңындағы барлық қауіпсіздікке мен жауаптымын. Арнайы киімінің болуын бақылауда ұстаймын”, – дейді участке бастығы Фархат Нұров.

Талап орынды. Себебі жыл басынан бері еліміздегі өндіріс орындарында мыңнан астам жұмысшы жарақат алған.

Жалпы өндірістік аумақта күн сайын таңертең бес минуттық нұсқаулық уақыты өткізіледі. Бұл уақытта еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженер маман жұмысшылардың біліктілік куәлігін, киім үлгісінің және аяқ киімінің барлық стандарттарға сәйкес болуын тексереді. Құрылыс аймағы толықтай жарықтандырылған. Жалпы қауіпсіздік шараларын сақтай отыра құрылыс жұмыстары түнге дейін (22:00-ге дейін) жүргізіле береді. Аталмыш құрылыс объектісінде жеке медициналық пункт бар және онда тұрақты түрде арнайы мамандар қызмет көрсетеді. Сонымен қоса медициналық бекет алғашқы көмек көрсету жағдайындағы қажетті құрал-жабдықтармен жасақталған.

Құрылыс сапасы бақылауда

Участке бастығы Фархат Нұровтың айтуынша, үйлер газоблок материалынан тұрғызылып жатыр. Қабырғасы көтерілген соң едені нығыздалып, үстінен қиыршық тас төселіп, сосын бетон құйылады. Жарық, жылу, су, кәріз құбырлары тартылып болған соң қабырғаларына сылақ-сырлау жұмыстары жүргізіледі. Дайын бола бастаған үйдің ішіндегі құрылыс қалдықтары толықтай шығарылып, қасбетін реттеуге кіріседі. Сырты суық өткізбейтін екі қабат арнайы материалмен қапталады. Ал құрылыс материалдарын көрші елден не Көкшетау қаласынан алдыртады екен. Себебі біздің қалада кейбір құрылыс заттарының бағасы аспандап кеткен.

Мердігер компанияның директоры Мәлік Исинге “Халық арасында “үйлер тез салынды, сапасы нашар шығар” деген алып-қашпа сөз тарап жатыр. Мына салынып жатқан үйлердің сапасы қалай?” – деген сауалымызды қойдық.

“Егер құрылыс барысында материалдар жеткілікті болып, жұмысшылар жоспарланған кестемен сапалы жұмыс жүргізсе, кез келген нысан уақытылы аяқталады. Құрылыс жұмыстарының тез аяқталуы болмаса ұзақ жүргізілуі сапасыз не болмаса сапалы екенінің белгісі емес. Ең басты көрсеткіш – барлық міндеттің уақытылы әрі сапалы орындалуы. Бақылаушы органдар құрылыс нормаларының сақталуын қадағалап отырады. Егер жұмыс баяу немесе дұрыс істелінбесе, ол жұмысты қайтадан басынан бастайды. Міне, осыған қосымша уақыт кетеді де, жоспардан кеш қалып жатады. Ал қадағалаушылар уақытылы тексеріп тұрса, ондай болмайды және үй сапасына ешқандай кері әсер етпейді. Белгіленген мерзімде біткен үй – жоспар орындалды деген сөз”, – деді Мәлік Мұхтарұлы.

Жалпы үй салу – ауыр жұмыс. Мамандардың айтуынша, құрылысты бастамай тұрып, оның бас жоспары жасалады. Құрылыстың бас жоcпары талаптарға сай орындалады. Мұнда салынатын жердің еңістігі, салынатын ғимараттың орны, олардың өлшемдері, бағытталуына қарай жоспарлануы көрсетіледі. Бас жоспарда жобалаушылар уақытша үй-жай, күзет постын да ескеріп, сызбасын түсіреді. Бас жоспарда құрылыс нормалары толық сақталады. Соған сай құрылыс алаңы қоршалады.

Құрылыс басындағы қойма қажетті құрал-сайман мен материалдарды қабылдап алады. Сол заттар құрылысшыларға қажеттіліктерінше беріліп отырады.

Арнайы білім керек

Әрі қарай құрылыс алаңына – салынып жатқан нысандарға қарай бет алдық. Құрылысшының жұмысы қауіпті. Мысалы, құрылыс материалдарын тасымалдау барысында қауіпсіздік ережелерін сақтамасаң, өміріңе қауіп төнеді. Перфоратормен, болгаркамен жұмыс істегенде де денеңді зақымдап алуың мүмкін. Кран затты көтеріп жатқанда дұрыс бағыт берілмесе, материал шашылады. Төменде адам тұрса, үстіне түсу қаупі бар. Сондықтан да арнайы білімнің болғаны, тиянақтылық өте маңызды. Ереже сақталмаса, жарақат алу, зардап шегу әп-сәтте.

Осы сәтте халық арасында кең таралған “оқымаған соң құрылысшы болып жүр” дегеннің бос сөз екенін түсіндік. Құрылыстағы қара жұмысшылар оқымағаннан емес, қолының ебі болған соң осындай үйлерді тұрғызып жүр. Жұмысы қызып тұрған құрылыс алаңында құрылысшылар өзіне артылған міндетті қалтқысыз атқарып жатыр. Әрбір үйді асқан жауапкершілікпен салып жатқан азаматттарымыздың жұмысын көзбен көріп, көңіліміз көншіді.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp