«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Атаның жолын қуған ұл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Талант тұқым қуалайды” деген сөз бар. Шынында да қанға сіңген өнердің ғұмыры өлшеусіз. Өңірімізде ата жолын қуып, ұрпақ сабақтастығын әрі қарай жалғастыруды мұрат еткен өнерпаз жандар аз емес. Солардың бірі – домбырашы Диас Думанұлы.

Домбырашы, облысымыздың құрметті азаматы Серікбай Құсайынов немересін 5 жасынан бастап, домбыраға баулыған. Диас алты жасқа толар-толмастан Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның қабырғасында ашылған өнер студиясында домбыра тартып машықтанады.Бастауыш сыныптан кейін тегі мен қанына сіңген домбыраның құдіретіне бас иіп, Ермек Серкебаев атындағы Өнер колледжі – өнерде дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатта білім алуға бел буады. Дегенмен жоғары оқу орнында оқу үшін мектеп қабырғасына қайта оралады. Көздеген мақсатына жетіп, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің “Музыкалық білім беру” факультетіне оқуға түседі.

– Ел атамды домбырашы ретінде таниды. Әкем де өнерден құр алақан еместін. 4 сынып оқығанда жас музыканттардың республикалық конкурсында лауреат атанған. Қалалық, облыстық деңгейдегі іс-шараларда күй тартып, қошеметке бөленген. Атамның інісі Кәрібай атам да, қарындастары Күлән, Күлмән, Күлбәрә, Күлзәрә апаларым да өмір мәнін домбыраның пернесінен тапқан еді. Домбырашылар әулетінде туғаннан болар жас кезімнен бастап музыкаға әуестендім. Әсіресе облысқа танымал күйші, домбырашы Кәрібай атам мектепте оқыған кезде маған көп күйлер үйреткен. Оның ішінде Секен Тұрысбековтың “Көңіл толқыны”, Түркештің “Көңілашар”, Махамбет Өтемісұлының “Жұмыр қылыш”, “Өкініш”, “Жайық Асу” күйлерін жарысып тартушы едік, – дейді жас өнерпаз.

Қазіргі таңда Ақан сері атындағы облыстық филармонияның Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінде домбырашы болып қызмет ететін Диастың өнер жолындағы алғашқы жетістігі – атасы Серікбай Құсайыновтың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізілген байқауда “Жас күйші” номинациясы бойынша 1 орын алғаны. 2013 жылы “Біздің күшіміз бірлігімізде” атты түркі мәдениетінің облыстық фестиваліне белсенді қатысқаны үшін дипломмен марапатталса, 2014 жылы Омбы қаласында өткен “Сибирь зажигает звезды” атты конкурста ІІІ дәрежелі лауреат атанды. Сол жылы Алматы қаласында дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдары оқушыларының арасындағы Қазақстанның жас орындаушылары ІІ республикалық конкурсына қатысты. “Daryndy jastar – 2019” конкурсында І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Сырлы дүниенің үнін, жас жүректің дүрсілін, жеті атасының шежіресін екі ішектен ұға білген Диас Серікбайдың алдына қойған талабы таудай, арманы асқақ. Қызырлы Қызылжардың төсінде жүріп, болашақта ізін жалғайтын шәкірт тәрбиелеуге де ден қойған.

– Домбыра тартқан сайын оның үні жүрегімнің түбіне терең бойлап, таңғажайып сезімге бөленемін. Қуанғанда тасып, қайғырғанда жасымай, домбыра шертіп, өзін-өзі сабырға шақырған қазақ үшін бұл өнердің орны бөлек, – дейді Диас Думанұлы.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp