«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕРКЕ ЕСІЛДІҢ БОЙЫНА ЕЛ ҚОНДЫРҒАН…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жер бетінде “менікі” деп айтар меншікті жері, қор­ғай­тын шекарасы, айбарлы астанасы жоқ қаншама ұлт бар. Өз алдымызға ел боламыз деп арпалысып жүріп жо­ға­лып кеткендері қаншама? Кейде маған қазаққа Құ­дай­дың өзі қарасатындай көрінеді. Ұлтымыз қанша қырғын мен қасіреттен аман өтіп, ақыры азаттығын жария­лап, жеке дара шаңырағын көтерді. Аз ғана уақыттың ішінде әлем таңдана қарайтын астанасын салды.

Бүгінгі Астана – өсіп-өркендеген, батыс пен шығыстың ар­хитектурасын бойына жиған, зәу­лім ғимараттары таңдай қақ­ты­рарлық заманауи қала. Астана тарихы ел тарихымен тығыз сабақтасып жатыр. Қай кезде де Қазақстанның орталығы маңыз­ды стратегиялық аймақ санал­ған. Бұл жерде талай би-сұл­тандар билік айтып, бұрын да өркен­деген қалалар болған. Оған соңғы уақытта табылған тарихи деректер мен жүргізілген зерт­теулер көз жеткізіп отыр.

Зерттеушілер Астана тарихы біз­дің заманымызға дейінгі 3 мың жылдықтан басталатынын алға тартады. Бұл уақытта ұлан­ғайыр даламызда алпауыт ғұн­дар империясының әмірі жүріп тұрған еді. Қазіргі қала маңына ең алғаш құрылыс салған да осы ғұн бабаларымыз деп болжауға негіз бар. Бұл туралы шетел сая­хатшыларының жазбаларында да кездесіп қалады. Ғұн тілінде “ақ” батыс, “мола” қамал деген мағына береді. Демек Ақмола атының тарихы әлдеқайда те­рең­де жатыр деген сөз. Ал бұл аймақ туралы ең алғашқы жазба деректерді ХІІІ ғасырда француз патшасының тапсырмасымен қа­зақ даласында болған саяхатшы Рубрук Виилем қалдырған. Тәуелсіздік жылдары отандық ғалымдар қаладан 15 шақырымдай жердегі Тайтөбеден көне қамалдың орнын тапты. Есіл-Нұра маңында осындай өзге де орындардың табылуы – бұл ай­мақтың ғұндар үшін маңызды өңір болғанын көрсетеді. Өзінің зерттеуінде Әлкей Марғұлан: “Есіл, Нұраның арасындағы үл­кен айдын – Тоғаныстың тоқсан екі көлі ноғайлы-қазақтардың жойқын егін салған жерлері. Қы­зыл мола, Сұлу там, Сырлы там, Хан сүйегі солардың жәдігер­лері” деген дерек келтіреді.

Ғұндардан кейін бұл далада айбынды қыпшақтар билік құр­ды. Ол уақытта қала мәдениеті да­мып, қазіргі Астана маңайын­да бірнеше елді мекен болды. Соның бірі – Бытығай қаласы. Аталған қаланы 1694 жылы әз Тәуке ханға келген орыс елші­ле­рі картаға түсірген. Орыс елші­лерінің деректеріне сенсек, олар Есілден өтіп Қорғалжың көлінен алыс емес жердегі хан ордасына барған екен. Бұл жер Бытығай қаласынан да алыс емес. Ал 1762 жылы П.Рычаков “Бытыгай – развалины великого города в киргиз-кайсацкой средней орде на реке Нуре, впадающей в озе­ро Кургальджино…” деп жазады. Астана маңындағы көне ескерт­кіштер туралы А.Шангин, А.Левшин және т.б. зерттеушілердің жазбаларында бар. Олар осы маңнан қорғандар,әскери мұна­ра­лар мен діни нысандардың қирандыларын көргенін жазады. Орындары аталған жазбалардан белгілі бұл ескерткіштерді зерт­теу бүгінгі ғылым үшін өзекті. Әз Тәукені өзінің жазғы ордасын осында тігуі де бекерден бекер болмаса керек.

ХІІІ-ХІV ғасырларда Италия, Франция, Испания әміршілері қазақ даласымен қандай да бір қақтығыс бола қалса, дайын болу, мұндағы жұртты христиан дініне үгіттеп, мүмкін болса крест жорықтарын ұйымдастыру үшін өз саяхатшыларын жіберіп тұрған. Саяхатшыларды, саудагер көпестердің деректері негізінде олар құрастырған қазақ даласы­ның картасы үнемі толықтыры­лып тұрған. Онда Астананың ор­нында да елді мекендер болғаны көрсетілген.

Астана тарихы туралы сөз ет­кенде сол маңдағы Бозоқ қа­ла­шығы туралы да айта кеткен жөн. Қалашықты әйгілі академик Кемел Ақышев тапқан. Тарихи деректер қалашықтың Көкшетау, Қызылжар жаққа қатынайтын кер­уен жолының бойында орна­ласқанын көрсетеді. Онда кер­уен сарайлар, қорғаныс нысан­дары болған. Өкінішке қарай қарқынды құрылыс уақытында бұл көне ғимараттардың біразы жоғалып кетті.

Бұның бәрі бұрын да дала­мыз­да қала мәдениеті өркендеп, мұндай қалалардың маңызды орын алғанының дәлелі. “Есіл-Нұра бойындағы археологиялық қазбалар және Ақжол (Бозоқ) де­ректері бізге Ұлы далада өзара үндестірілген, көне елдің бай әскери-тұрмыстық тәжірибесіне негізделген құрылыс мәдение­тінің болғанын көрсетеді”, – деп жазады Алдан Смайыл.

Содан бері орыс отаршыл­дығы басталғанға дейінгі ара­лық­та да бұл далада талай өз­ге­рістер орын алды. Қазіргі Астана маңында талай қазақтың сұлтандары билік құрып, үлкен атырап­ты қазақ ауылдары жайлады. Тіп­ті осы маңда 10-14 атаға дейін тұрмыс құрған рулар туралы деректер бар.

Орыс отаршылдығының бас­та­луымен қазақ даласына бекі­ністер салына бастағаны белгілі. 1832 жылдың 22 тамызында рес­ми түрде Ақмола бекінісінің құ­рылысы аяқталып, округ болып жарияланды. Ал 1838 жылы бе­кіністі Кенесары әскері талқан­да­ды. 1862 жылы Ақмолаға қала дәрежесі берілді.

1909 жылғы есеп бойынша қалада 6939 ер адам мен 7304 әйел тұрған екен. Оның ішінде 94 дворян, 33 құрметті азамат, 93 көпес, 442 әскери тіркелген. Қа­лада 1221 үй, 185 сауда дүңгіршектері, 2 мешіт, шіркеу мен сина­гога болған. Өкінішке қарай, құ­ры­лысы қарқынды дамыған қа­лада көне ғимараттардың басым бөлігі сақталмай қалды.

Кешегі патша үкіметінің мил­лионерлік саясаты, орыс шаруа­ла­рының, казактардың қоныс­тан­ды­рылуы, билікке қызылдар келгеннен кейін ашықтан-ашық жасалған қызыл террор т.б. оқи­ғалардың бәрі Ақмоланы айна­лып өткен жоқ. Сол кездегі Ақ­мо­ла қаласы тың өлкесінің бір ор­талығы ретінде қарастырылды.

1979 жылы КПСС орталық комитеті Ерейментау өңірінде неміс автономиясын құру тура­лы шешім шығарады. Сол жыл­дың 16-19 маусымында Целиноградтың орталық алаңына мыңда­ған адам жиналып, аталған ше­шімнің күшін жойғызады. Бұл еңсесі әбден езілген халықтың би­лікке өз сөзін батыл айтып, шешімін қайта қаратқан ерлігі еді.

Қазаққа азаттық таңы атқан­нан кейін де бұрынғы саясаттың ызғары қайтқан жоқ. Сол кездегі кей әсіребелсенділер “Қазақстан мемлекет құрып, жаңа астана салмақ түгіл индустриялық қала­ларына ие бола алмайды” деп Ақмола, Қызылжар, Павлодар, Екі­бастұз, Теміртау сияқты қала­ларды Екатерин­бургтегі “Қалалар ұйымының” басқаруына беруді ұсынды. Қала тарихын білмейтін енді бір топ “Тың көтерушілер салған қала­ның тағдырын да солар шешуі керек”, – деді. Енді біреулер дегені­міз орындалмаса шекарада тұр­ған казак әскері әрекетке кіріседі деп қағаз тарата бастады.

Осындай үміт пет күдік аралас уақытта арқа төсіндегі қала Қазақстанның астанасы болып жарияланды. Осылайша тәуел­сіз еліміздің жаңа тарихы бас­тал­ды. Астана тарихы егемендік тарихымен егіз ұғым. Соңғы 25 жылдан астам уақыт ішіндегі өз­геріс, оқиғалардың бәрі Астана­мен байланысып жатыр. Осын­ша уақытта шағын ғана қалашық үлкен мегаполиске дейін өсіп, әлемдік саясаттың алпауыттар ат байлайтын биік мінберге ай­налды. Бүгінде Астананың өзін­дік қала мәдениеті, қайталанбас архитектурасы, даму филосо­фия­сы бар. Жаңа қала тек саяси шешімдер қабылданар жер емес, мәдени, ғылыми, қаржы­лық орталыққа айналды. Астананы Тәуелсіздігіміздің жемісі, қиындықтан аман өткен халқымыздың жеңісі десе болады.

Қаланың орталығында са­лын­ған ғимараттардың әрқайсы­сы қазақтың байырғы тарихынан хабар беріп, билік пен бірліктің символындай асқақтап тұр. Алғашқы он жылдықта салынған нысандар үңіле білген адамға оқылатын кітап сияқты талай жайдан хабар береді.

Сарыарқаның сайын даласы­на қоныс тіккен жаңа Астана­ның алдында әлі талай даму мүмкіндіктері бар. Шаһардың ор­наласқан жері де оған қолайлы мүмкіндік туғызып отыр. Алаш баласы әлі күнге Астанаға таң­дана қарайды. Еліміздің жүрек соғысына құлақ түріп, оның тілеуін тілейді. Өйткені Астана – еліміздің тірегі, мемлекеттігіміз бен дербестігіміздің кепілі.

Аслан КАИРОВ,

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты тарих пәнінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp