«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жастарға шабыт берген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астана еліміздің бас қаласы атанғаннан кейін қазақтың игі-жақсыларының, зиялыларының көпші­лігі осы қалаға қо­ныс аударды. Олардың келуімен жаңа қалада ғылым, білім, мә­дениет да­мыды. Жазушы, ақын, ғалымдардың қайнаған ор­тасы қалыптасты. Солардың ішін­де Фариза Оңғарсы­нова­ның шығармашылығы да, өр тұлғасы да бөлек. Менің ар­манымның орындалуына да себепші болған Фариза Оңғарсы­нова шығармашылығы еді.

Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, шоқтығы биік ақын­дар­дың бірі өмірден озса да, ха­лықпен бірге жасай береді. Оның шығармашылығына бойлаған жандардың бірі өзіммін. Ақынның мерейлі 80 жылдығына арналған мәнер­леп оқу сайысы Астанада өтетін болды. 2019 жылдың қыс айы. Қы­зылжардан алғаш Астанаға кел­ген сәтім. Бас қала жұп-жұ­мыр жүрегіме сыймай, көз көрген сұлулықтан жас ытқып, қуаны­шым­да шек болмады. Арман қала дәл қиялымда қалай болса, өмірде де сондай болғанына шаттандым. Биік-биік ғимарат­тар, ғажайып сәулет нысан­да­ры, ерке Есіл, Бәйтерек, Ақорда – осының барлығына мен сырттай сүйсіне қарадым. Са­йыста бақ пенен бабым қатар шапты. Үмітіміз ақталып, бас жүл­дені қанжығаға байлаған соң үй­ге кетуге тура келді.

Араға бір жыл салып, Қызыл­жардағы оқуымды аяқтадым. Бірден Астанаға кетемін деп бел бу­дым. Әрине үйдегілер бастап­қыда алаңмен қарағаны рас. Елі­міздің әр түкпірінен мемлекеттік грант үшін таласқан талапкер­лер­дің бірі ретінде, менің тағы да айым оңынан туды. Республика­мыздағы ең үздік оқу орындары­ның бірі атанған Еуразия ұлттық университетіне грантқа түстім. Өмірімнің ең тәтті кезеңдеріне Астана куә болды. Жыл өткен сайын елордаға деген махабба­тым беки түсті. Өзгелер үшін тас қалаға айналған мекен, менің екінші үйімдей болып кетті.

Жыл сайын елордаға мыңда­ған жас арман қуып келеді. Ас­тана – келген адамның бәрі биікке шыға берер ертегі қала емес. Мұнда жетістікке жетіп, өз орныңды табу үшін талмай ең­бектеніп, тер төгу керек. Осын­дағы толассыз мүмкіндіктер адамға қанат бітіріп, шабыт сый­лайды. Қалада келген жанды өзі­не тартып тұрар ерекше күш бар сияқты.

Осында өткізген бірнеше жыл ішінде мен жаңа қадамдар жасап, жаңа достармен таныстым. Өзіме ұстаз, әріптес, жолдас таптым. Есілдің жағасын­дағы еліміздің ең беделді оқу орындарының бірінде білім алып, маман атандым. Өзім ба­ла кезден армандаған саланың қыр-сырын меңгеріп, мол тәжірибе жинадым. Бүгінде мен уни­вер­ситетті тамамдап, өз өмірімнің тағы бір жаңа сатысын аттап тұрмын. Алда әлі де істелер іс, жетер биік көп. Сол жолда жалықпай ізденіп, еңбектене бермекпін. Менің осындай жетістіктерге жетуіме қолдау көрсетіп, жанашыр болған ару қаладағы жақындарыма, осында жолық­қан жандарға алғысым зор.

Алмагүл ТАСТАНОВА,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың түлегі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp