Қала салу тек – бүгінгі күннің игілігі ғана емес, алдағы жүздеген жылдарға жоспар құрып, болжам жасау деген сөз. Бүгін таңдай қақтырып, қол соқтырған ғимарат күні ертең сәннен шығып, тасада қалмауы керек. Бой көтерген нысандар алдағы уақытта да тұрғындардың көзін қуантып, қала мәдениетінің үлгісі болып тұруы шарт. Сондықтан да Астананың құрылысына әлемдегі үздік архитекторлар мен ірі құрылыс компаниялары тартылды. Олардың мақсаты әрқайсысы жеке дара әдемі көрінетін құрылыстар салу емес, барлығы біріге келе ортақ үндестік, үйлескен оркестр құрайтын шаһар тұрғызу еді.
Қала салғанда сол маңның табиғат жағдайларын да ескерген жөн. Тек Есіл өзені ғана жалғыз су көзі болып саналатын қуаң далада салынатын астана табиғатпен үйлесімді болуы керек еді. Осы және өзге де талаптарды түгел орындап, жаңа ғасырға лайықты жаңа астана салу үшін қаланың бас жоспарына халықаралық байқау жарияланды. Оның нәтижесі бойынша Кишо Курокаваның ұсынған жоспары үздік деп танылды. Оның жұмысы Сембиоз, Метаболизм, Абстрактілі символизм идеяларына негізделген. Яғни жаңа астана қоршаған ортамен үйлесімде дамымақ. Осылайша қала дамуының жаңа философиялық доктринасы қабылданды. Сол уақыттан бері жоспар үнемі жетілдіріліп, құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Алдағы уақытта да талайды таң қалдырар кереметтер бой көтерері анық.
Қаланың қақ ортасындағы көкке шаншылған Бәйтеректің маңы да бір-бірімен үйлескен ғимараттарға толы. Солардың ішінде Ұлттық академиялық кітапхана алыстан бірден көзге көрінеді.
Үлкен аумақты алып жатқан 5 қабатты ғимарат осыдан 20 жыл бұрын 2004 жылы ашылған. Алғашында бұл кітапхананы салу оңайға соқпағаны анық. Өйткені құрылысшылардың алдында ғимараттың биіктігі мен архитектурасы маңайындағылардың көркіне нұқсан келтірмеуі, кітапхана қызметінің дамуына мүмкіндік болуы, бюджеттік шығын мейлінше аз болуы міндеті тұрды. Мұның бәрі сәтті жүзеге асып, кітапхана еліміздің ең ірі рухани орталықтарының біріне айналды.
Ауданы 15 мың шаршы метр кітапхананың әр қабаты қызметіне қарай бөлінген. Бір қабатта оқырмандарға қызмет көрсетілсе, бірінде кітап қоры сақталады. Мұнда жайлы оқу залдары, қолайлы жұмыс орындары, қаламгерлер атындағы бөлмелер мен музей, түрлі залдар бар.
Елімізде екі Ұлттық кітапхана болса, соның бірі Астанада. Және тек осы кітапхананың академиялық дәрежесі бар. Оның жұмысы оқырманға қызмет көрсетуден гөрі, кітапхана ісін цифрландыру, елдегі кітапханалардың жұмысын үйлестіру, жаңа жобалар мен бастамаларды жүзеге асыру, қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттауға бағытталған.
“Әлемдегі ең биік табалдырық – кітапхананың табалдырығы” деген сөз бар. Астана кітапханасының есігінен ену үшін де шын мәнінде биік баспалдақпен көтерілу керек. Ғимараттың сырты қандай көз тартарлық болса, іші де сондай көркем. Биіктегі үлкен әйнек пирамидалардан күн сәулесі түсіп, жанға шуақ сыйлайды. Онымен қоса мұнда ауаны арнайы тазартатын құрылғылар бар. Мұндай жағдайлар адамның зейінін арттырып, оқуды өнімді ететінін психолог мамандар да растаған.
Кітапханада 1,5 миллионға жуық кітап қоры болса, оның үштен бірі – қазақ тіліндегі туындылар. Мұнда ғасырлық тарихы бар басылымдар мен жинақтарды да кездестіруге болады. Қорда 13 мыңнан астам сирек қолжазбалар мен кітаптар жинақталған. Мекемеде осы жәдігерлерді зерттеп, ғылыми айналымға енгізетін арнайы мамандар да бар. Мұндағы қордың бай болғаны сонша, оны толық зерттеу жұмыстары аяқталған жоқ. Жуырда ескі жинақтардың арасынан Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі табылғанынан бәріміз хабардармыз. Демек кітапхананың қазақ ғылымының дамуындағы маңызы зор. Белгілі қаламгерлер Дүкенбай Досжан, Тұрсынбек Кәкішев, Нұрғожа Ораз, Әкім Тарази, Хамит Ерғалиев, Шөмішбай Сариевтердің жеке қорлары да осында өткізілген.
Өткен жылы Ұлттық академиялық кітапхананың оқырманы 575 мыңға жетті. Бұл – әдебиеттерді цифрландырып, электронды кітапхана құрудың арқасында жеткен нәтиже. Бүгінде электронды кітапхананы әлемнің 110 елінен 800 мыңнан астам адам пайдаланады. Онда өткен ғасырдың басынан бастап күні бүгінге дейінге 70 мыңға жуық кітап бар. Электронды кітапхана қоры алдағы уақытта да толыға бермек.
Роза СӘРСЕКОВА,
Дәуқара ауылдық кітапханасының
кітапханашысы.
Айыртау ауданы.