«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: “Шанхай” — мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігі”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік сарайында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. Іс-шара басталарда делегация басшылары Беларусь Республикасын Ұйым құрамына қабылдау және оған ШЫҰ-ға мүше мемлекет мәртебесін беру туралы шешімге қол қойды.

Жауапты мемлекетаралық қатынас

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы достық, тату көршілік, теңқұқықтық жəне өзара қолдаудың, яғни “шанхай рухы” негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналғанын атап өтті.

– ШЫҰ кеңістігінде 3 миллиардтан аса адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі жəне жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Əлемдік ішкі жалпы өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі. Бұл біздің Ұйымның орасан зор əлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше мемлекеттердің даусымен мүдделері тең дəрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дəл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөнінде баяндады.

Президент ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қолдауының нəтижесінде Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар жəне ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мəлімдеді.

– Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы жəне басқа да құжаттар. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы шаралардың нəтижесінде ШЫҰ кеңістігіндегі сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан төрағалығы кезінде мəдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударылғанын айтты.

– “ШЫҰ форматын” барынша тартымды ететін бірқатар маңызды жоба іске қосылды. Олардың қатарында “ШЫҰ елдерінің рухани киелі орындары” жобасы мен “ШЫҰ Жібек жолы” бірінші халықаралық музыка фестивалі бар. Сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін 10 туристік аумақ анықталды. Алматы қаласы ШЫҰ-ның мəдени жəне туристік астанасына айналды, – деді Мемлекет басшысы.

Əскери саладағы сенім шаралары

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде алдыңғы саммитте айтылған барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Сондай-ақ Президент еліміздің бастамаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, белсенді атсалысқаны үшін барлық мемлекетке шынайы ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы “Шанхай ондығына” кіретін елдер үшін стратегиялық маңызы бар басты бағыттарға тоқталды. Президент қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуды бірінші маңызды бағыт ретінде атады.

– Қазіргі күрделі ахуал – негізінен халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыс салдары. Осы ретте халықаралық құқықтың кемшін тұстарын түзеп, геосаяси тұрғыдан жікке бөлінуге жол бермеу мақсатымен, түптеп келгенде, жаһандық ауқымдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін ШЫҰ өзінің тұрақтандырушы жəне жасампаздық рөлін күшейтуі қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы бүкіл Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кепіл болатындай айрықша мүмкіндіктерге ие. Ұйымға мүше мемлекеттерге “Əділ əлем, келісім жəне даму жо­лындағы жаһандық бірлік тура­лы” ШЫҰ бастамасын жүзеге асы­ру дəл осы мақсатпен ұсы­нылды. Сонымен қатар Прези­дент Əскери саладағы сенім ша­ралары туралы келісімді əзір­леп, қабылдайтын уақыт келге­нін айтты. Бұл ретте “Үш зұлым күшпен” күрес мəселесі əрдайым жіті назарда болуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев ки­берқауіпсіздікті күшейту Ұйымға мүше елдерге ортақ тағы бір ма­ңызды міндет екеніне назар аударды. Сонымен қатар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі ақпа­раттық инфрақұрылымның тұ­рақ­ты жұмысын қамтамасыз ету үшін ұдайы ақпарат алмасуға, үздік тəсілдер мен озық тəжіри­белерді қолдануға бағытталған ар­найы механизм əзірлеуді ұсынды.

Қазақстан Президентінің пікі­рінше, бүгін халықаралық ақпа­раттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мəселелері бойынша қабыл­данатын Өзара іс-қимыл жоспа­ры аталған мақсаттарға сай келеді.

Сауда байланысы артады

Президент сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту ын­тымақтастықтың басым бағыттарының бірі екеніне назар аударды.

– Əлемдік экономикада жа­ғымсыз үрдістер белең ала бас­тады. Дүниежүзілік банктің мəлі­меті бойынша биыл жаһандық экономиканың өсім қарқыны бəсеңдейді. Əлем экономикасы­ның өсіміне серпін беретін жаңа бағыт жəне мүлде басқа даму парадигмасы қажет екені анық. Сондықтан біздің ойымызша, сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен тех­нологияның еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттың сын-қатерлерімен күресу – Шанхай ұйымының маңызды міндеттері. Өзара сауда-саттықтың артуы ШЫҰ кеңістігі үшін ортақ үрдіске айналып келеді. Мəселен, Қазақ­станның ШЫҰ елдерімен сауда көлемі өткен жылдың қорытын­дысы бойынша 6,5 пайызға өсті. ШЫҰ-ға мүше елдердің техноло­гия­лық базасы үлкен жəне эко­номиканың барлық маңызды секторын дамыту үшін орасан зор нарығы бар. Арнайы салық, кеден жəне көші-қон режімде­рінің əзірленуі аталған бағытта ілгерілеуге айтарлықтай септігін тигізеді. Осы ретте ШЫҰ аясын­да Экономикалық жеңілдіктер базасын құру туралы Қазақстан­ның ұсынысы өзекті болып қала береді. Инвестициялық жоба­лар­ды талқылап, бекіту үшін бірыңғай алаң құру қажеттігі ай­қындала түсті. “Астана” халық­аралық қаржы орталығының ба­засында Жобалық қызметті қар­жымен қамтамасыз ету меха­низмін құруды ұсынамыз. Қытай, Ресей, Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан қазірдің өзінде атал­ған алаңда белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы АХҚО резиденттерінің 20 пайызы – ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің компа­ниялары, – деді Президент.

Мемлекет басшысы тиімді дəліздер мен сенімді тасымал тізбектерін құру арқылы көлік байланыстарын нығайтуды ын­ты­мақтастықтың келесі бағыты ретінде атады.

– Біз Қытайдың “Бір белдеу, бір жол” мегажобасын, Транскас­пий халықаралық көлік бағда­рын жəне “Солтүстік – Оңтүстік”, “Орталық Азия – Оңтүстік Азия” бағыттары бойынша транс еура­зиялық дəлізді одан əрі бірлесе дамытуға баса мəн береміз. Бұл жоспарларды жүзеге асыру үшін ШЫҰ аясында Стратегиялық порттар мен логистикалық орта­лықтардың серіктестік желісін құру жөнінде нақты шаралар қабылдау маңызды, – деді Қа­сым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымын реформалау жəне жаңғырту қажеттігіне арнайы тоқталды.

– Қарқынды жаһандық өзге­рістерге байланысты біздің ал­ды­мызда ШЫҰ қызметін одан əрі жетілдіруге бағытталған маңыз­ды міндет тұр. Ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндік­терге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді. Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынты­мақ­тастықтың бұдан да тиімді əрі көпжақты механизміне ай­налдыруды көздейтін теңгерімді ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшы­лығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті айтыл­ған барлық ұсыныс ШЫҰ-ға мүше елдерге ортақ игі мақсат­тарға қол жеткізуге барынша үлес қосуға деген шынайы ниет­тен туындағанын атап өтті.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында қолдағандары үшін Ұйымға мүше елдердің басшы­ларына ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді ШЫҰ-ға мүше мем­лекеттер басшыларының кеңе­сіне төраға болуымен шын жү­ректен құттықтап, Қытай тара­пына табыс тіледі.

Сонымен қатар саммит ба­ры­сында Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Иран Пре­зидентінің міндетін атқа­рушы Мұхаммед Мохбер, Қытай Төр­ағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пəкістан Премьер-министрі Шах­баз Шариф, Ресей Президенті Владимир Путин, Тəжікстан Пре­зиденті Эмомали Рахмон, Өз­бекстан Президенті Шавкат Мир­зиёев, Үндістан Сыртқы істер ми­нистрі Субраманьям Джайшан­кар, ШЫҰ Б а с хатшы­сы Ч ж а н М и н , ШЫҰ Аймақтық тер­­­ро­ризмге қарсы құрылымы Атқару­шы комитетінің дирек­торы Руслан Мирзаев сөз сөйледі.

25 құжатқа қол қойылды

Қасым-Жомарт Тоқаев оты­рысты қорытындылай келе, көп­жақты ынтымақтастықты ілге­рілету жөніндегі ауқымды мə­селелер талқыланғанын, Ұйым­ды одан əрі дамыту бағыты ай­қындалғанын атап өтті.

– Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының келешегінен үміт күтеміз. Қазір біз қол қоятын құ­жаттар ШЫҰ аясындағы ынты­мақ­тастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына, Ұйымның жүйелі əрі жан-жақты дамуына септігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүше мемлекеттер бас­шылары кеңесінің отырысы ба­рысында 25 құжатқа қол қойыл­ды. Атап айтқанда:

1. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Астана декларациясы;

2. “Əділ əлем, келісім жəне даму жолындағы жаһандық бірлік туралы” Шанхай ынты­мақтастық ұйымының бастама­сын бекіту жөніндегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңе­сінің шешімі;

3. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2035 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;

4. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің Шанхай ынтымақтастық ұйымы­ның қызметін жетілдіруге қатысты ұсыныстары туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары ке­ңесінің шешімі;

5. Беларусь Республикасын Шанхай ынтымақтастық ұйымы­на мүшелікке қабылдау рəсімінің аяқталуы жəне оған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мəртебесін беру ту­ралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;

6. Беларусь Республикасына Шанхай ынтымақтастық ұйымы­на мүше мемлекет мəртебесі берілуіне байланысты Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлестік жарнасы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;

7. Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүше елдердің терро­ризмге, сепаратизмге жəне экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағ­дар­ламасын бекіту туралы Шан­хай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;

8. Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының 2024-2029 жылдарға арналған Есірткіге қарсы стра­те­гия­сын жəне оны жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымына мүше мемле­кеттер басшылары кеңесінің шешімі;

9. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы ынтымақтастығын дамытуға қатысты 2030 жылға дейінгі стратегияны бекіту туралы Шанхай ынты­мақтастық ұйымына мүше мем­ле­кеттер басшылары кеңесінің шешімі;

10. Шанхай ынтымақтастық ұйымының 2030 жылға дейінгі экономикалық стратегиясын жү­зеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңе­сінің шешімі;

11. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Инвесторлар қауымдастығы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;

12. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің қорғалатын аумақтар (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қор­ғалатын табиғи аумақтар) жəне экологиялық туризм сала­сын­дағы ынтымақтастығын дамыту жөніндегі бағдарламасын бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;

13. Қытай Халық Республи­касының Циндао қаласын Шан­хай ынтымақтастық ұйымының 2024-2025 жылдардағы туристік жəне мəдени астанасы ретінде жариялау туралы Шанхай ынты­мақтастық ұйымына мүше мем­лекеттер басшылары кеңесінің шешімі;

14. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер мен Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы аясындағы диалог се­ріктес­тері арасындағы Ықпалдастық­ты нығайту жөніндегі жол карта­сын бекіту туралы Шанхай ынты­мақтастық ұйымына мүше мем­лекеттер басшылары кеңе­сінің шешімі;

15. Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының жобалық қызметін қаржылық қолдау тетіктері тура­лы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;

16. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Хатшылығы мен Есірткі, психотропты заттар жəне прекурсорлардың заңсыз айналымымен күрес жөніндегі Орталық Азияның өңірлік ақпа­раттық үйлестіру орталығы ара­сындағы өзара түсіністік ме­морандумына қол қою туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымы­на мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі;

17. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің халықаралық ақпараттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мəселе­лері бойынша өзара іс-қимыл жоспарын бекіту туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңе­сі­нің шешімі;

18. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымы­на мүше мемлекеттер басшы­лары кеңесінің шешімі;

19. Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы ко­ми­те­тінің директоры туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымы­на мүше мемлекеттер басшы­лары кеңесінің шешімі;

20. Шанхай ынтымақтастық ұйымының былтыр атқарған қызметі жайындағы Шанхай ын­тымақтастық ұйымы Бас хатшы­сының баяндамасы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымы­на мүше мемлекеттер басшыла­ры кеңесінің шешімі;

21. Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының 2023 жылы атқарған қызметіне қатысты Шанхай ынтымақтастық ұйымы Өңірлік терроризмге қарсы кеңесінің баяндамасы туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымы­на мүше мемлекеттер басшы­лары кеңесінің шешімі;

22. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер бас­шылары кеңесінің тату көр­шілік, сенім жəне ынтымақтас­тық қағидаттары туралы мəлімдемесі;

23. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер бас­шылары кеңесінің ауызсу қауіпсіздігін жəне санитарияны қамтамасыз ету туралы мəлім­демесі;

24. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің қал­дықтарды тиімді басқару туралы мəлімдемесі;

25. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер үкіметтері арасындағы қорша­ған ортаны қорғау саласы бо­йынша ынтымақтастық туралы келісім.

* * *

Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүше мемлекеттер бас­шылары кеңесінің отырысынан кейін саммит “ШЫҰ плюс” форматында жалғасты. Еуразия құрлығындағы беделді халық­аралық ұйымның алқасы жиыны “Көп жақты диалогті нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу” деген тақырып аясында өтіп, диалог форматында дамы­татын елеулі ұсыныстар айтыл­ды.

Қауіпсіздік архитектурасының сын-қатері

Қазақстан Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев “ШЫҰ плюс” саммитіне қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының халықаралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды.

– Бүгінде əлем бұрын-соңды болмаған геосаяси қайшылық­тар мен қақтығыстардың кү­шеюіне байланысты туындаған күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Халықаралық қауіпсіздіктің архитектурасына қа­уіп төніп тұр. Тұтас адамзат үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Осындай сын сағатта бізге өңірлік жəне жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық жəне ада­ми ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсе­ру үшін тиімді шешімдер əзірлей алады. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген “Көпжақты диалогті нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу” атты ұраны ортақ мис­сиямыздың мəн-маңызын айқын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт жəне үйлесімді даму мəселесін ілгерілетуді ШЫҰ аясындағы көпжақты ын­тымақтастықтың басты міндеті ретінде атап өтті. Мемлекет басшысы “Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана əлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тар­қатып, дүниежүзінде ұзақмер­зімді тұ­рақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенім­дімін” дей келе: “Осы орайда келесі жылы сексен жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйы­мына зор үміт артылады.

Бұл əмбебап ұйымның ба­ламасы жоқ, оның əлеуеті əлі де мол. Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықара­лық институт ретіндегі рөлін күшейту. Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде “ШЫҰ дауысы” халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек жəне солай болуға тиіс. Сондық­тан біз қабылдаған Тату көрші­лік, сенім жəне ынтымақтастық қағидаттары туралы мəлімдеме өте өзекті”, – деді.

Ұйымның экономикалық əлеуеті зор

Қазақстан Президенті Бірік­кен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына қарай “Əділ əлем, келісім жəне даму жолындағы жаһандық бірлік туралы” бастаманы қол­дау үшін БҰҰ Бас Ассамблея­сының резолюциясын қабыл­дауды ұсынды.

Мемлекет басшысының пікі­рінше, сауда-экономикалық бай­ланыстарды нығайтуға айрықша мəн берген жөн. Себебі санк­циялық даулар жаһандық эко­номикаға айтарлықтай зиян келтіріп, оның даму перспективала­рының аясын тарылтып жатыр. Осындай жағдайда бізге оң ди­намиканы сақтауға жəне əлеуе­тімізді арттыруға бағытталған сауда-экономикалық ықпалдас­тықтың неғұрлым икемді стра­тегиясын құру қажеттігін жеткіз­ген Президент “Қазіргі кезеңде ШЫҰ-ға мүше елдердің эконо­ми­ка­сы 4 пайыздан 9 пайызға дейінгі жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. ШЫҰ мемлекет­терінің əлемдік ІЖӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 30 пайызды құрайды. Бүгінде Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы сау­дасы 8 трлн. доллардан асты. Бұл – əлемдік сауданың төрттен біріне тең”, – деді.

Мемлекет басшысы Азия­ның экономикалық тұрғыдан өркендеуіне көбіне ШЫҰ-ға мүше елдердің ықпалы зор еке­нін де атап өтті. Сондай-ақ Қа­зақстан тарапы Қытайдың ішкі ауқымды нарығына ШЫҰ елде­рінің қолжетімділігін арттыру жəне Ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 трлн. дол­ларға дейін жеткізу ниетін құп­тады.

– Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық əле­уеті орасан зор. Біз оны толық­қанды пайдалануымыз қажет. Бүгін ШЫҰ экономикасын да­мытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспа­рын қабылдадық. Аталған құжат осы басты мақсатқа сай келеді. ШЫҰ-ның ЕАЭО, БРИКС жəне АСЕАН секілді интеграциялық бірлестіктермен өзара ықпал­дас­тығы кең мүмкіндіктерге жол ашады. Көлік жолдарының өзара байланысын одан əрі нығайту əлемдік сауданың тұ­рақты өсіміне зор ықпал етеді. ШЫҰ-ға мүше елдердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам темір жол өтеді. Əлемдегі жүк тасымалының үштен екі бөлігі осы жолдарға тиесілі. Сондықтан ШЫҰ кеңістігі жа­һандық сауданы дамытуға арналған Үлкен Еуразиялық белдеуге айнала алады, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қа­зақстан Еуразиялық көлік жүйе­сінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналады. Сондай-ақ елі­міздің “Бір белдеу, бір жол” мега-жобасын, Транскаспий көлік бағытын жəне “Солтүстік – Оң­түс­тік” дəлізін өзара ұштастыру, стратегиялық порттар мен ло­гистикалық орталықтардың се­ріктестік желісін құру ісіндегі бастамалары туралы мəлімдеді.

Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда экология жəне климат­тың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтас­тықтың өзектілігі арта түскеніне тоқталып: “Біз түрлі табиғи катаклизмдердің айтарлықтай көбейгеніне куə болдық. Əлем­дегі барша мемлекет бұдан орасан зор зардап шегіп отыр. Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді. Мамандардың пікірін ше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну үдерісімен тікелей байланысты. Климаттың сын-қатерлерін жал­ғыз еңсеру мүмкін емес екені анық. Əлемдік қауымдастық экономиканы декарбониза­ция­лау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санай­мын. Бірақ бұл мемлекеттердің дамуға жəне жаңғыруға ба­ғытталған маңызды міндеттеріне зиянын тигізбеуі керек”, – деді.

Сындарлы ұсыныс серпін береді

Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі су көздерінің деградацияға ұшы­рау проблемасын шешу, жаңа су үнемдеу технологияларын ен­гізу жөніндегі іс-қимыл жоспа­рын əзірлеуді ұсынды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бұл ба­ғыттағы ортақ күш-жігері БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы аясындағы мақ­сат­тарды жүзеге асыруға ШЫҰ-ның қосқан нақты үлесі болмақ.

Президенттің пікірінше, ШЫҰ қызметінің аса маңызды бағыты­ның бірі – мəдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту. Бұл сала Қазақстанның Ұйымға төрағалығы кезінде ұдайы назарда болды.

– Қазақ жері – ежелден түрлі өркениеттер тоғысқан мекен. Үлкен Еуразияның бірегей мəдени кодын бойына сіңірген ШЫҰ-ның алып кеңістігі халық­тар арасын жақындатуға дəне­кер болып, өзінің тарихи рөлін одан əрі атқара беруге тиіс жəне солай боларына сенімдімін. Осы орайда мəдени орталықтар ашу пəрменді шара саналады. Бүкіл ШЫҰ аумағында осындай жобалардың жүзеге асырылуы елде­ріміз арасында барынша тығыз мəдени-гуманитарлық байланыс орнатуға ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл іске жастарды белсенді тарту маңызды. Осы ретте олардың жан-жақты да­муына жəне өзара қарым-қатынасын жандандыруға барынша жағдай жасау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдердің жас көшбасшылары мен таланттарының жыл са­йынғы кездесуін өткізу, диалог аясындағы серіктестердің жаңа оқу орындарын қосу арқылы ШЫҰ университеттері желісін кеңейту, техникалық мамандықтар үшін бөлінетін грант санын жылдан-жылға көбейту жөнінде ұсынысын жеткізді.

Бұдан кейін сөзін қоры­тын­дылай келе Мемлекет басшысы Қазақстанның ШЫҰ аясындағы жəне “ШЫҰ плюс” фор­ма­тын­дағы жан-жақты əрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін мəлімдеді. Сондай-ақ серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы Ұйымның одан əрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Алқалы жиында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Беларусь Президенті Александр Лука­шенко, Иран Президентінің мін­детін атқарушы Мұхаммед Мох­бер, ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пин, Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Пəкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Прези­денті Владимир Путин, Тəжік­стан Президенті Эмомали Рах­мон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Үндістан Сыртқы істер министрі Субра­маньям Джайшанкар, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Əзірбайжан Президенті Ильхам Əлиев, Түрікменстан Халк Мас­лахатының төрағасы Гур­бан­гулы Бердімұхамедов, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, БАƏ Жоғарғы кеңесінің мүшесі, Рас-Əл-Хайма əмірлігі­нің билеушісі шейх Сауд бен Сақр Əл Қасими сөз сөйледі.

Жаһандық өзгерістер ұйым қызметін одан əрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндет­тер­дің тізімін арттырары анық. Ал ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол аша түсті. Мəні зор жиынның маңызы сол, əлемдік деңгейдегі қауым­дастық саяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кілтіне айналуға тиіс.

(“Egemen Qazaqstan”

5 шілде, 2024 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp