Жер бетінде “менікі” деп айтар меншікті жері, қорғайтын шекарасы, айбарлы астанасы жоқ қаншама ұлт бар. Өз алдымызға ел боламыз деп арпалысып жүріп жоғалып кеткендері қаншама? Кейде маған қазаққа Құдайдың өзі қарасатындай көрінеді. Ұлтымыз қанша қырғын мен қасіреттен аман өтіп, ақыры азаттығын жариялап, жеке дара шаңырағын көтерді. Аз ғана уақыттың ішінде әлем таңдана қарайтын астанасын салды.
Бүгінгі Астана – өсіп-өркендеген, батыс пен шығыстың архитектурасын бойына жиған, зәулім ғимараттары таңдай қақтырарлық заманауи қала. Астана тарихы ел тарихымен тығыз сабақтасып жатыр. Қай кезде де Қазақстанның орталығы маңызды стратегиялық аймақ саналған. Бұл жерде талай би-сұлтандар билік айтып, бұрын да өркендеген қалалар болған. Оған соңғы уақытта табылған тарихи деректер мен жүргізілген зерттеулер көз жеткізіп отыр.
Зерттеушілер Астана тарихы біздің заманымызға дейінгі 3 мың жылдықтан басталатынын алға тартады. Бұл уақытта ұланғайыр даламызда алпауыт ғұндар империясының әмірі жүріп тұрған еді. Қазіргі қала маңына ең алғаш құрылыс салған да осы ғұн бабаларымыз деп болжауға негіз бар. Бұл туралы шетел саяхатшыларының жазбаларында да кездесіп қалады. Ғұн тілінде “ақ” батыс, “мола” қамал деген мағына береді. Демек Ақмола атының тарихы әлдеқайда тереңде жатыр деген сөз. Ал бұл аймақ туралы ең алғашқы жазба деректерді ХІІІ ғасырда француз патшасының тапсырмасымен қазақ даласында болған саяхатшы Рубрук Виилем қалдырған. Тәуелсіздік жылдары отандық ғалымдар қаладан 15 шақырымдай жердегі Тайтөбеден көне қамалдың орнын тапты. Есіл-Нұра маңында осындай өзге де орындардың табылуы – бұл аймақтың ғұндар үшін маңызды өңір болғанын көрсетеді. Өзінің зерттеуінде Әлкей Марғұлан: “Есіл, Нұраның арасындағы үлкен айдын – Тоғаныстың тоқсан екі көлі ноғайлы-қазақтардың жойқын егін салған жерлері. Қызыл мола, Сұлу там, Сырлы там, Хан сүйегі солардың жәдігерлері” деген дерек келтіреді.
Ғұндардан кейін бұл далада айбынды қыпшақтар билік құрды. Ол уақытта қала мәдениеті дамып, қазіргі Астана маңайында бірнеше елді мекен болды. Соның бірі – Бытығай қаласы. Аталған қаланы 1694 жылы әз Тәуке ханға келген орыс елшілері картаға түсірген. Орыс елшілерінің деректеріне сенсек, олар Есілден өтіп Қорғалжың көлінен алыс емес жердегі хан ордасына барған екен. Бұл жер Бытығай қаласынан да алыс емес. Ал 1762 жылы П.Рычаков “Бытыгай – развалины великого города в киргиз-кайсацкой средней орде на реке Нуре, впадающей в озеро Кургальджино…” деп жазады. Астана маңындағы көне ескерткіштер туралы А.Шангин, А.Левшин және т.б. зерттеушілердің жазбаларында бар. Олар осы маңнан қорғандар,әскери мұнаралар мен діни нысандардың қирандыларын көргенін жазады. Орындары аталған жазбалардан белгілі бұл ескерткіштерді зерттеу бүгінгі ғылым үшін өзекті. Әз Тәукені өзінің жазғы ордасын осында тігуі де бекерден бекер болмаса керек.
ХІІІ-ХІV ғасырларда Италия, Франция, Испания әміршілері қазақ даласымен қандай да бір қақтығыс бола қалса, дайын болу, мұндағы жұртты христиан дініне үгіттеп, мүмкін болса крест жорықтарын ұйымдастыру үшін өз саяхатшыларын жіберіп тұрған. Саяхатшыларды, саудагер көпестердің деректері негізінде олар құрастырған қазақ даласының картасы үнемі толықтырылып тұрған. Онда Астананың орнында да елді мекендер болғаны көрсетілген.
Астана тарихы туралы сөз еткенде сол маңдағы Бозоқ қалашығы туралы да айта кеткен жөн. Қалашықты әйгілі академик Кемел Ақышев тапқан. Тарихи деректер қалашықтың Көкшетау, Қызылжар жаққа қатынайтын керуен жолының бойында орналасқанын көрсетеді. Онда керуен сарайлар, қорғаныс нысандары болған. Өкінішке қарай қарқынды құрылыс уақытында бұл көне ғимараттардың біразы жоғалып кетті.
Бұның бәрі бұрын да даламызда қала мәдениеті өркендеп, мұндай қалалардың маңызды орын алғанының дәлелі. “Есіл-Нұра бойындағы археологиялық қазбалар және Ақжол (Бозоқ) деректері бізге Ұлы далада өзара үндестірілген, көне елдің бай әскери-тұрмыстық тәжірибесіне негізделген құрылыс мәдениетінің болғанын көрсетеді”, – деп жазады Алдан Смайыл.
Содан бері орыс отаршылдығы басталғанға дейінгі аралықта да бұл далада талай өзгерістер орын алды. Қазіргі Астана маңында талай қазақтың сұлтандары билік құрып, үлкен атырапты қазақ ауылдары жайлады. Тіпті осы маңда 10-14 атаға дейін тұрмыс құрған рулар туралы деректер бар.
Орыс отаршылдығының басталуымен қазақ даласына бекіністер салына бастағаны белгілі. 1832 жылдың 22 тамызында ресми түрде Ақмола бекінісінің құрылысы аяқталып, округ болып жарияланды. Ал 1838 жылы бекіністі Кенесары әскері талқандады. 1862 жылы Ақмолаға қала дәрежесі берілді.
1909 жылғы есеп бойынша қалада 6939 ер адам мен 7304 әйел тұрған екен. Оның ішінде 94 дворян, 33 құрметті азамат, 93 көпес, 442 әскери тіркелген. Қалада 1221 үй, 185 сауда дүңгіршектері, 2 мешіт, шіркеу мен синагога болған. Өкінішке қарай, құрылысы қарқынды дамыған қалада көне ғимараттардың басым бөлігі сақталмай қалды.
Кешегі патша үкіметінің миллионерлік саясаты, орыс шаруаларының, казактардың қоныстандырылуы, билікке қызылдар келгеннен кейін ашықтан-ашық жасалған қызыл террор т.б. оқиғалардың бәрі Ақмоланы айналып өткен жоқ. Сол кездегі Ақмола қаласы тың өлкесінің бір орталығы ретінде қарастырылды.
1979 жылы КПСС орталық комитеті Ерейментау өңірінде неміс автономиясын құру туралы шешім шығарады. Сол жылдың 16-19 маусымында Целиноградтың орталық алаңына мыңдаған адам жиналып, аталған шешімнің күшін жойғызады. Бұл еңсесі әбден езілген халықтың билікке өз сөзін батыл айтып, шешімін қайта қаратқан ерлігі еді.
Қазаққа азаттық таңы атқаннан кейін де бұрынғы саясаттың ызғары қайтқан жоқ. Сол кездегі кей әсіребелсенділер “Қазақстан мемлекет құрып, жаңа астана салмақ түгіл индустриялық қалаларына ие бола алмайды” деп Ақмола, Қызылжар, Павлодар, Екібастұз, Теміртау сияқты қалаларды Екатеринбургтегі “Қалалар ұйымының” басқаруына беруді ұсынды. Қала тарихын білмейтін енді бір топ “Тың көтерушілер салған қаланың тағдырын да солар шешуі керек”, – деді. Енді біреулер дегеніміз орындалмаса шекарада тұрған казак әскері әрекетке кіріседі деп қағаз тарата бастады.
Осындай үміт пет күдік аралас уақытта арқа төсіндегі қала Қазақстанның астанасы болып жарияланды. Осылайша тәуелсіз еліміздің жаңа тарихы басталды. Астана тарихы егемендік тарихымен егіз ұғым. Соңғы 25 жылдан астам уақыт ішіндегі өзгеріс, оқиғалардың бәрі Астанамен байланысып жатыр. Осынша уақытта шағын ғана қалашық үлкен мегаполиске дейін өсіп, әлемдік саясаттың алпауыттар ат байлайтын биік мінберге айналды. Бүгінде Астананың өзіндік қала мәдениеті, қайталанбас архитектурасы, даму философиясы бар. Жаңа қала тек саяси шешімдер қабылданар жер емес, мәдени, ғылыми, қаржылық орталыққа айналды. Астананы Тәуелсіздігіміздің жемісі, қиындықтан аман өткен халқымыздың жеңісі десе болады.
Қаланың орталығында салынған ғимараттардың әрқайсысы қазақтың байырғы тарихынан хабар беріп, билік пен бірліктің символындай асқақтап тұр. Алғашқы он жылдықта салынған нысандар үңіле білген адамға оқылатын кітап сияқты талай жайдан хабар береді.
Сарыарқаның сайын даласына қоныс тіккен жаңа Астананың алдында әлі талай даму мүмкіндіктері бар. Шаһардың орналасқан жері де оған қолайлы мүмкіндік туғызып отыр. Алаш баласы әлі күнге Астанаға таңдана қарайды. Еліміздің жүрек соғысына құлақ түріп, оның тілеуін тілейді. Өйткені Астана – еліміздің тірегі, мемлекеттігіміз бен дербестігіміздің кепілі.
Аслан КАИРОВ,
Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаты тарих пәнінің мұғалімі.