Астана еліміздің бас қаласы атанғаннан кейін қазақтың игі-жақсыларының, зиялыларының көпшілігі осы қалаға қоныс аударды. Олардың келуімен жаңа қалада ғылым, білім, мәдениет дамыды. Жазушы, ақын, ғалымдардың қайнаған ортасы қалыптасты. Солардың ішінде Фариза Оңғарсынованың шығармашылығы да, өр тұлғасы да бөлек. Менің арманымның орындалуына да себепші болған Фариза Оңғарсынова шығармашылығы еді.
Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, шоқтығы биік ақындардың бірі өмірден озса да, халықпен бірге жасай береді. Оның шығармашылығына бойлаған жандардың бірі өзіммін. Ақынның мерейлі 80 жылдығына арналған мәнерлеп оқу сайысы Астанада өтетін болды. 2019 жылдың қыс айы. Қызылжардан алғаш Астанаға келген сәтім. Бас қала жұп-жұмыр жүрегіме сыймай, көз көрген сұлулықтан жас ытқып, қуанышымда шек болмады. Арман қала дәл қиялымда қалай болса, өмірде де сондай болғанына шаттандым. Биік-биік ғимараттар, ғажайып сәулет нысандары, ерке Есіл, Бәйтерек, Ақорда – осының барлығына мен сырттай сүйсіне қарадым. Сайыста бақ пенен бабым қатар шапты. Үмітіміз ақталып, бас жүлдені қанжығаға байлаған соң үйге кетуге тура келді.
Араға бір жыл салып, Қызылжардағы оқуымды аяқтадым. Бірден Астанаға кетемін деп бел будым. Әрине үйдегілер бастапқыда алаңмен қарағаны рас. Еліміздің әр түкпірінен мемлекеттік грант үшін таласқан талапкерлердің бірі ретінде, менің тағы да айым оңынан туды. Республикамыздағы ең үздік оқу орындарының бірі атанған Еуразия ұлттық университетіне грантқа түстім. Өмірімнің ең тәтті кезеңдеріне Астана куә болды. Жыл өткен сайын елордаға деген махаббатым беки түсті. Өзгелер үшін тас қалаға айналған мекен, менің екінші үйімдей болып кетті.
Жыл сайын елордаға мыңдаған жас арман қуып келеді. Астана – келген адамның бәрі биікке шыға берер ертегі қала емес. Мұнда жетістікке жетіп, өз орныңды табу үшін талмай еңбектеніп, тер төгу керек. Осындағы толассыз мүмкіндіктер адамға қанат бітіріп, шабыт сыйлайды. Қалада келген жанды өзіне тартып тұрар ерекше күш бар сияқты.
Осында өткізген бірнеше жыл ішінде мен жаңа қадамдар жасап, жаңа достармен таныстым. Өзіме ұстаз, әріптес, жолдас таптым. Есілдің жағасындағы еліміздің ең беделді оқу орындарының бірінде білім алып, маман атандым. Өзім бала кезден армандаған саланың қыр-сырын меңгеріп, мол тәжірибе жинадым. Бүгінде мен университетті тамамдап, өз өмірімнің тағы бір жаңа сатысын аттап тұрмын. Алда әлі де істелер іс, жетер биік көп. Сол жолда жалықпай ізденіп, еңбектене бермекпін. Менің осындай жетістіктерге жетуіме қолдау көрсетіп, жанашыр болған ару қаладағы жақындарыма, осында жолыққан жандарға алғысым зор.
Алмагүл ТАСТАНОВА,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың түлегі.