«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Заманауи кітапхана

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қала салу тек – бүгінгі күннің игі­лігі ғана емес, алдағы жүздеген жылдарға жоспар құрып, болжам жасау деген сөз. Бүгін таңдай қақтырып, қол соқтырған ғимарат күні ертең сәннен шығып, тасада қалмауы керек. Бой көтерген ны­сандар алдағы уақытта да тұрғындардың көзін қуантып, қала мәдениетінің үлгісі болып тұруы шарт. Сондықтан да Аста­наның құрылысына әлемдегі үздік архи­текторлар мен ірі құ­рылыс ком­паниялары тартылды. Олардың мақсаты әрқайсысы жеке дара әдемі көрінетін құры­лыстар салу емес, барлығы бі­ріге келе ортақ үндестік, үйлес­кен оркестр құрайтын шаһар тұрғызу еді.

Қала салғанда сол маңның табиғат жағдайларын да ескер­ген жөн. Тек Есіл өзені ғана жал­ғыз су көзі болып саналатын қуаң далада салынатын астана табиғатпен үйлесімді болуы керек еді. Осы және өзге де талаптарды тү­гел орындап, жаңа ғасырға ла­йық­ты жаңа астана салу үшін қа­ланың бас жоспарына халықара­лық байқау жарияланды. Оның нәтижесі бойынша Кишо Курока­ваның ұсынған жоспары үздік деп танылды. Оның жұмысы Сем­биоз, Метаболизм, Абстрактілі символизм идеяларына негіз­дел­ген. Яғни жаңа астана қорша­ған ортамен үйлесімде дамымақ. Осылайша қала дамуының жаңа философиялық доктринасы қа­былданды. Сол уақыттан бері жос­пар үнемі жетілдіріліп, құры­лыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Алдағы уақытта да та­лайды таң қалдырар кереметтер бой көтерері анық.

Қаланың қақ ортасындағы көкке шаншылған Бәйтеректің ма­ңы да бір-бірімен үйлескен ғи­мараттарға толы. Солардың ішін­де Ұлттық академиялық кі­тапхана алыстан бірден көзге көрінеді.

Үлкен аумақты алып жатқан 5 қабатты ғимарат осыдан 20 жыл бұрын 2004 жылы ашылған. Ал­ғашында бұл кітапхананы салу оңайға соқпағаны анық. Өйткені құрылысшылардың алдында ғимараттың биіктігі мен архитектурасы маңайындағылардың көркі­не нұқсан келтірмеуі, кітапхана қыз­метінің дамуына мүмкіндік болуы, бюджеттік шығын мейлін­ше аз болуы міндеті тұрды. Мұ­ның бәрі сәтті жүзеге асып, кі­тапхана еліміздің ең ірі рухани орталықтарының біріне айналды.

Ауданы 15 мың шаршы метр кітапхананың әр қабаты қызметі­не қарай бөлінген. Бір қабатта оқырмандарға қызмет көрсетіл­се, бірінде кітап қоры сақталады. Мұнда жайлы оқу залдары, қо­лайлы жұмыс орындары, қалам­герлер атындағы бөлмелер мен музей, түрлі залдар бар.

Елімізде екі Ұлттық кітапхана болса, соның бірі Астанада. Жә­не тек осы кітапхананың акаде­миялық дәрежесі бар. Оның жұ­мысы оқырманға қызмет көрсе­ту­ден гөрі, кітапхана ісін цифр­ландыру, елдегі кітапханалар­дың жұмысын үйлестіру, жаңа жо­балар мен бастамаларды жүзеге асыру, қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын насихаттауға бағытталған.

“Әлемдегі ең биік табалды­рық – кітапхананың табалдыры­ғы” деген сөз бар. Астана кітапханасының есігінен ену үшін де шын мәнінде биік баспалдақпен көте­рілу керек. Ғимараттың сырты қандай көз тартарлық болса, іші де сондай көркем. Биіктегі үлкен әйнек пирамидалардан күн сәу­лесі түсіп, жанға шуақ сыйлайды. Онымен қоса мұнда ауаны ар­найы тазартатын құрылғылар бар. Мұндай жағдайлар адам­ның зейінін арттырып, оқуды өнімді ететінін психолог маман­дар да растаған.

Кітапханада 1,5 миллионға жуық кітап қоры болса, оның үш­тен бірі – қазақ тіліндегі туынды­лар. Мұнда ғасырлық тарихы бар басылымдар мен жинақтарды да кездестіруге болады. Қорда 13 мыңнан астам сирек қолжазба­лар мен кітаптар жинақталған. Ме­кемеде осы жәдігерлерді зерт­теп, ғылыми айналымға енгі­зетін арнайы мамандар да бар. Мұндағы қордың бай болғаны сон­ша, оны толық зерттеу жұ­мыстары аяқталған жоқ. Жуырда ескі жинақтардың арасынан Ах­мет Байтұрсынұлының еңбегі табылғанынан бәріміз хабардармыз. Демек кітапхананың қазақ ғылымының дамуындағы маңы­зы зор. Белгілі қаламгерлер Дү­кенбай Досжан, Тұрсынбек Кәкі­шев, Нұрғожа Ораз, Әкім Тарази, Хамит Ерғалиев, Шөмішбай Са­риевтердің жеке қорлары да осында өткізілген.

Өткен жылы Ұлттық акаде­мия­лық кітапхананың оқырманы 575 мыңға жетті. Бұл – әдебиет­тер­ді цифрландырып, электрон­ды кі­тапхана құрудың арқасында жет­кен нәтиже. Бүгінде электрон­ды кітапхананы әлемнің 110 елінен 800 мыңнан астам адам пайдаланады. Онда өткен ға­сырдың басынан бастап күні бү­гін­ге де­йінге 70 мыңға жуық кітап бар. Электронды кітапхана қоры ал­дағы уақытта да толыға бермек.

Роза СӘРСЕКОВА,

Дәуқара ауылдық кітапханасының

кітапханашысы.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp