«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мәшһүр Жүсіп ғибратнамасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұлтымыздың дана перзенттерінің бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Ағартушы, шежіреші, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, көрнекті ақын, ойшыл, рухани қайраткердің бітім-болмысы, шығармашылық мұрасы зерделеніп біткен жоқ. Халықтың оны көзі тірісінде-ақ “әулие” атауы – өз алдына бөлек зерттеуді талап ететін тақырып. Ғұмырын халқының бақытты болашағы жолына сарп еткен тұлғаның өмірін зерттеген ғалымдардың бірі жерлесіміз – Серік Негимов. Ғалымның жуырда жарық көрген еңбегін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Көрнекті ақын, тарихшы-этнограф, ағартушы, дала данасы, көріпкел, көсемсөзші, табиғаттанушы, мұратанушы, ғұлама-хакім Мәшһүр Жүсіп 9 жасында “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Ер Тарғын”, “4 жігіттің өлеңі” жырларын жатқа айтқан екен. “Толғадым тоғызымда толағайдай” деуі тұп-тура шындық. Елдің: “Мәшһүрде тоқтау, жалығу, еріну, мүдіру, кідіру болмайды. Жарық шамдай жайнап, мөлдіреп аққан бұлақтай қайнап, тасыған судай төгілдіріп, маржандай тізілдіріп, бұлбұлдай сайрап, тыңдаушылардың көңілін әбден жайнатып, таңырқантып, тамсантып, мейірлерін қандырады” деуі, тегін болмаса керек.

Мәшһүр Жүсіптің атағын естіп, сонан соң өнер­паздығына куәгер болған ел ұстарлық өнер-білімі мен ақылы асқан дуанбасы Мұса Шор­манұлы: “Өз заманында адамзаттың сырттаны, жігіттің сұлтаны атанып, халыққа мәшһүр болатын жан екен” деп, оған ілтипат көрсеткен екен.

Мәшһүр Жүсіптің ұстазы – Қамаралдин (кейде Қамареддин, Қамардин, Қамар) хазірет еді. Аға сұлтан Мұса Шорманұлы Қамаралдин хазіретке сәлем беру мақсатында үйіне келеді. Мәс­лихат құрады. Жақсылардың кеңесінде сөзден сөз, ойдан ой туындап отырғанда: “Көпей сопының қарғадай баласының білмейтін сөзі, жырламайтын қиссасы жоқ, сайрап тұрған бұлбұл!”– деген сөзді естіп, Көпейге қарата: “Сопы, сіздің бір балаңыз: “Әңгімешіл, қиссашы, өлеңді, жақсы айтады”, – дейді. Өзін көріп, әңгімесін тыңдайық, депті. Бұл өз заманында халыққа мәшһүр болатын бала екен! Бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз!” – депті.

Мәшһүр Жүсіп “Қамаралдин хазірет” дейтін толғауында “аузынан дүрлер тамған” “дін ислам­ның шамшырағындай” ұстазының дарабоз тұлғасын әдемі сомдайды. Өмірі дастанға ла­йық “Арқада дін исламның жалғыз туы” болған Қа­маралдиннің өмірінен мәнді мағлұматтар береді.

Мәшһүр Жүсіп “Қамаралдин хазіреттен естіген сөз” дейтін жазбасында, ұстазының қазыналы жүрегінен құйылған ой маржандарын еске түсіріп отырады.

“Арыстандай атағы, тұлпардай дүбірі” бар, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген, бейнебір “қорындай үзілмейтін қара саба” Мәшһүр Жүсіптің ұстазы – Қамаралдин хазіреттің тарау-тарау мағыналы ғұмыры оның өмір жолының алтын арқауы секілді.

Мәшһүр Жүсіп 1863-1868 жылдарда Баянауыл медресесінде Нәжметдин молдадан, 1868-1872 жылдарда Қамаралдин хазіреттен оқып, араб, парсы, шағатай және түркі тілдерін үйренеді. Шығыс елінің мәдениеті мен ғылымына қанығып сусындайды. Қазақтың ескілікті ауыз әдебиеті нұсқаларын жинақтап, жүйелеп хатқа түсіреді.

1872-1874 жылдарда Бұқарадағы Көкілташ медресесінде жан-жақты білім алады. Көрегендік, болжампаздық қасиеттерге ие бола бастайды. Ой-пікірлерімізді айшықтай түсу үшін, Мәшһүр Жү­сіптің адами болмысына, өмір тарихына қатысты мынадай деректерді келтіре кетсек дейміз.

“Жұма намазына барғанда үстінде қара шапаны, қолында аса таяғы бар ақ сақалды адам ал­дымнан кес-кестей берді. Сәлем бердім. Сә­лемім­ді аларда аса таяғын жерге шанши салды. Ұшында үшкір темірі жоқ таяқ жерге қадалып, сәл дірілдегендей болды. Іле таяғын қолына алып, өзімді үш айналып, таяғымен әр жерімнен түрткіледі де: “72, 73” деп кері айналып жүре берді”, – дейді.

Мына бір Мәшһүр Жүсіптің басынан өткен тосын жайды айтпасқа болмас.

“Бір күні монша іздеп келе жатыр ем, бір ақ сақалды адам кез бола кетіп: “Жүр, балам, мына жерде монша бар”, деп ерте жөнелді. Көп ұзамай-ақ кішірек, көзге қораштау бір моншаға әкеліп, мені шомылдыра бастады. Арқа-басымды ысып, кәнігі бір моншашы іспеттес қимыл жасайды. Ойладым, осыны кәсіп еткен бір пақыр болар деп. Ақша ұсынып едім. Алмады. Құдайы шайхы адам болды ғой деп, киініп алып біраз жүріп барып артыма қарасам, әлгі жерде тұрған не монша жоқ, қария да көз алдымда ғайып болған.

Сөйтіп, таңғажайып оқиғаны ұстазыма таңыр­қана отырып баяндаған едім, о кісі былай деді: “Құдай жарылқаған екен. Ол Қожабауеһдиннің моншасының ескі орны еді. Сені шомылдырған сол адамның өзі болар. Бұдан былай аузыңнан шыққан сөздің бәрі лепес, қабыл болады”. Осы екі көріністегі кереметке қалай таңданбайсың!?

Мәшһүр Жүсіп Көкілташ медресесін тамамдап елге қайтарда сабақтастары, ұстаздары Балқаш көліне дейін жеткізіпті. Сонда олар: “Бізге Сары­арқадан енді Мәшһүр Жүсіптей шәкірт келіп дәріс алмас”, – дейді екен.

Ол 1874-1876 жылдарда ұстаздық қызметпен шұғылданады. 1880 жылдардан бастап Мәшһүр Жүсіп шежірелік деректерді, ұлт тарихына қатысты мәліметтерді тиянақты түрде жинауға кіріседі. Көсемсөздер туындатады. 1880-1885 жылдары “Дала уалая­ты” газетіне, 1887 жылы Ташкенттен шығатын басылымдарға, 1911-1912 жылдарда “Айқап” журналына материалдар ұсынады. “Дала уалая­ты” газеті Мәшһүр Жүсіптің шығармашылығы жөнінде мынадай пікір білдірген: “Сөзі қарасөзбен болса да, өлеңмен болса да дәмді болып көрінеді. Көпеевтің сөзінен сөз танушыларға ғибрат көп табылып тұр”.

Мәшһүр Жүсіп 1881 жылы Мейрам қажы Жанайдарұлымен танысады. Ол өз заманының айтулы білімпазы болған. Орыс тілін жетік білген. Шығыс халықтарының және қазақ халқының атақты бишешендерін, ақындарын, батырларын, хандарын, тарихи-әдеби жәдігерлерін жиып, жүйелеп, зерделеген. Мейрам қажы Мекке, Мәдина, араб жұртының Ташкент, Түркістан, Бұқара шаһарларынан шыққан ғұламаларға қатысты тарих пен әдебиет мұраларын жинаған. Оны В.В.Радлов жоғары бағалаған.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

(Жалғасы бар).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp