Президент 2050 жылға таман Қазақстан үшін су ресурстарының тапшылығы өте-мөте күшейе түсетінін бірнеше рет ескертіп, тіршілік көзін ысырапсыз, тиімді пайдаланудың кешенді жолдарын ұсынған болатын. Үкіметке су секторын жаңартуға нақты тапсырмалар берілді. Ол бойынша 20 су қоймасын салу, кем дегенде 15 су қоймасын қалпына келтіру, 3500 шақырымнан астам каналды жаңғырту және цифрландыру міндеттері қойылды. Елімізде қолданылатын “Су туралы” кодекс өзге де заң нормалары– халықтың және қоршаған ортаның тіршілік жағдайларын сақтау мен жақсарту үшін су пайдалану және су қорын қорғауды, сумен жабдықтаудың және су бұрудың экологиялық қауіпсіз және экономикалық оңтайлы деңгейіне қол жеткізуді реттеп отырады. Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі “Есіл” бассейндік инспекциясының қызмет аймағына Есіл, Шағалалы, Шат, Қарасу, Ащысу өзендерінің бассейндері кіреді. Ал Есіл өзені бассейнінің аумағы Солтүстік Қазақстан облысын түгел және Астана қаласы мен Ақмола (83.2 пайыз), Қарағанды (4,8 пайыз), Қостанай облыстарын (2,9 пайыз) біріктіреді. Мекеменің негізгі міндеті су объектілерінің экологиялық орнықты жай-күйін, су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыру болып табылады. Бұдан бөлек, ірі су қоймаларының жұмыс режіміне күнделікті бақылау жүргізіліп, Астана, Сілеті, Шағалалы, Петропавл, Сергеев су қоймаларының жұмысы су қоймаларын пайдалану ережелеріне сәйкес реттеліп отырады. Бассейннің жалпы ауданы 237,23 мың шаршы шақырымды құрайды, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының үлесі – 41,3, Ақмола облысы – 51,5, Қарағанды және Қостанай облыстары – 7,2 пайыз. Бүгінде жалпы сыйымдылығы 10 млн. текше метрден астам кешенді мақсаттағы 5 су қоймасы бар, оның екеуі – Солтүстік Қазақстан, үшеуі Ақмола облысында орналасқан. 221 кәсіпорын-шаруашылық тіршілік көзін пайдаланып, сапасы экологиялық қызмет зертханалары және штаттық құрамдағы инспекторлар арқылы бақыланады. Есіл бассейні аймағы 34 әкімшілік-аумақтық бірлікке бөліне отырып, жерді, балық шаруашылығын жүргізу үшін су айдындарын пайдалануға беру жөніндегі облыстық, қалалық ведомствоаралық комиссиялардың құрамында судың жай-күйіне әсер ететін өндірістік, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілерді пайдалану, жергілікті атқарушы органдармен, табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, су ресурстарын, жер қойнауын қорғау шараларына қатысады.
Есіл өзені бассейнінің негізгі көзі – жер үсті сулары. Үкіметтің 2016 жылғы 19 тамыздағы №367 бұйрығына сәйкес 2016-2025 жылдарға арналған су пайдалану лимиттері бекітілген (Есіл өзенінің бассейні бойынша – 187,5 млн., Шағалалы – 36 млн. текше метр). 2023 жылы бассейннен алынған судың мөлшері 457, 861 млн.текше метр болды. Одан коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге – 121,21 млн., өнеркәсіпке – 292,959 млн., ауыл шаруашылығына – 15,54 млн., балық шаруашылығына – 38,6 млн. жасыл желектерді суаруға 1,4 млн. текше метр жұмсалды. 2009 жылдан бері су тұтыну нормасы сақталғанымен, өндірістік қажеттіліктер бойынша суды тұтыну біртіндеп ұлғайып келеді. Шағын және орта бизнеске тексеру жүргізуге мораторий жариялануына байланысты оларға қатысты тұтыну көлемін анықтау мүмкін болмай отыр. Тоған-балық шаруашылығы бойынша да суды пайдалану мөлшерінің артқаны байқалады. Есіл бассейні аумағында тұратын халықтың саны 2,748 млн. адамды құраса, оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысында – 530,124 мың, Ақмола облысында –788,01 мың, Астана қаласында 1430,5 мың адам тұрады. Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларында тұрғындардың шоғырлануы жоғары (84 пайыз).
Су кодексі бойынша инспекция ауыл шаруашылығы саласының сұранысы мен қажеттілігін өтеу мақсатында жерүсті және жерасты су ресурстарын пайдалануға рұқсат беруді жүзеге асырады. Мәселен, жасыл желектерді тұрақты суару ауданы 12233 гектарға жуық. Вегетациялық кезеңде бассейн аумағында арнайы су пайдалануға берілген рұқсаттар бойынша суаруға арналған кең таралған дақылдар – көкөніс пен жемшөп дақылдары. Өңірде ең ірі су пайдаланушылар – “Астық-STEM” ЖШС (Тайынша ауданы, суару алаңы – 285 гектар, су алу лимиті – 885,5 мың м3), АЗКО” ЖШС (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан, 232,4 гектар, 1019 мың м3), “Астық-Привольный” ЖШС (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан, 1919 гектар, 77,828 мың м3), “ES Global Agro” ЖШС (Ғабит Мүсірепов атындағы аудан, 300 гектар, 1191,7 мың м3). Ал жерді пайдаланушылардың басым бөлігін шағын кәсіпкерлік субъектілері құрайтындықтан, инспекция тарапынан профилактикалық бақылау, жоспардан тыс тексеру жүргізу өте шектеулі. Бұдан бөлек, кәсіпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру, су объектілерінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде құрылыс және басқа да жұмыстарды жүргізу секілді мемлекеттік қызметтер атқарылады. Былтыр бұл бағытта 180 келісімшарт жасалды. Су объектілерін санитарлық-гигиеналық және экологиялық талаптарға сай күтіп-ұстау және жерүсті суларының ластануын, бітелуін, сарқылуын болдырмау, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау үшін ерекше пайдалану жағдайлары бар су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу басты назарымызда. 86 су объектілерінде, оның ішінде 76 көлде, Шарық су қоймасында, Есіл өзенінде және оның екі саласы – Ақан-Бұрлық пен Иман-Бұрлықта, Жембарақ, Мұқыр, Аралтөбе, Қамысақты, Шарық өзендерінде, Шудасай өзендерінің учаскелерінде су қорғау аймақтары мен белдеулері орнатылған.
Әсия ЕСІМСЕЙІТОВА,
су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі “Есіл” бассейндік инспекциясы республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық аумақтық бөлімінің басшысы.