«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тіршілік нәрі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент 2050 жылға та­ман Қазақстан үшін су ресурс­та­рының тапшылығы өте-мөте күшейе түсетінін бірнеше рет ескертіп, тіршілік көзін ысырап­сыз, тиімді пайдаланудың ке­шенді жолдарын ұсынған болатын. Үкіметке су секторын жа­ңар­туға нақты тапсырмалар бе­рілді. Ол бойынша 20 су қойма­сын салу, кем дегенде 15 су қой­масын қалпына келтіру, 3500 ша­қырымнан астам каналды жаң­ғырту және цифрландыру міндеттері қойылды. Елімізде қолданылатын “Су туралы” ко­декс өзге де заң нормалары– халықтың және қоршаған орта­ның тіршілік жағдайларын сақ­тау мен жақсарту үшін су пайда­лану және су қорын қорғауды, сумен жабдықтаудың және су бұрудың экологиялық қауіпсіз және экономикалық оңтайлы деңгейіне қол жеткізуді реттеп отырады. Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ша­руа­шылығы комитетінің су ре­сурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі “Есіл” бассейндік инспекциясының қыз­мет аймағына Есіл, Шағалалы, Шат, Қарасу, Ащысу өзен­де­рінің бассейндері кіреді. Ал Есіл өзені бассейнінің аумағы Солтүстік Қазақстан облысын түгел және Астана қаласы мен Ақмола (83.2 пайыз), Қарағанды (4,8 пайыз), Қостанай облыс­та­рын (2,9 пайыз) біріктіреді. Ме­кеменің негізгі міндеті су объек­тілерінің экологиялық орнықты жай-күйін, су ресурстарын ұтымды пайдалануды қамтамасыз ететін су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мем­ле­кеттік басқаруды жүзеге асы­ру болып табылады. Бұдан бө­лек, ірі су қоймаларының жұмыс режіміне күнделікті бақылау жүргізіліп, Астана, Сілеті, Шағалалы, Петропавл, Сергеев су қой­маларының жұмысы су қой­маларын пайдалану ережелеріне сәйкес реттеліп отырады. Бассейннің жалпы ауданы 237,23 мың шаршы шақырым­ды құрайды, оның ішінде Сол­түстік Қазақстан облысы­ның үлесі – 41,3, Ақмола облысы – 51,5, Қарағанды және Қостанай облыстары – 7,2 пайыз. Бүгінде жалпы сыйымдылығы 10 млн. текше метрден астам кешенді мақсаттағы 5 су қоймасы бар, оның екеуі – Солтүстік Қазақ­стан, үшеуі Ақмола облысында орналасқан. 221 кәсіпорын-шаруашылық тіршілік көзін пайда­ланып, сапасы экологиялық қыз­мет зертханалары және штат­тық құрамдағы инспекторлар арқылы бақыланады. Есіл бас­сейні аймағы 34 әкімшілік-ау­мақтық бірлікке бөліне отырып, жерді, балық шаруашылығын жүр­гізу үшін су айдындарын пай­далануға беру жөніндегі облыс­тық, қалалық ведомствоаралық комиссиялардың құрамында су­дың жай-күйіне әсер ететін өн­дірістік, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй-азаматтық мақ­саттағы объектілерді пайдала­ну, жергілікті атқарушы орган­дар­мен, табиғат қорғау проку­ра­турасымен бірлесіп, су ре­сурс­тарын, жер қойнауын қор­ғау шараларына қатысады.

Есіл өзені бассейнінің негізгі көзі – жер үсті сулары. Үкіметтің 2016 жылғы 19 тамыздағы №367 бұйрығына сәйкес 2016-2025 жылдарға арналған су пайдалану лимиттері бекітілген (Есіл өзенінің бассейні бойын­ша – 187,5 млн., Шағалалы – 36 млн. текше метр). 2023 жылы бас­сейннен алынған судың мөл­шері 457, 861 млн.текше метр болды. Одан коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге – 121,21 млн., өнеркәсіпке – 292,959 млн., ауыл шаруашы­лы­ғына – 15,54 млн., балық ша­руашылығына – 38,6 млн. жа­сыл желектерді суаруға 1,4 млн. текше метр жұмсалды. 2009 жылдан бері су тұтыну нормасы сақталғанымен, өндірістік қа­жет­тіліктер бойынша суды тұ­тыну біртіндеп ұлғайып келеді. Шағын және орта бизнеске тек­серу жүргізуге мораторий жа­рия­лануына байланысты олар­ға қатысты тұтыну көлемін анық­тау мүмкін болмай отыр. То­ған-балық шаруашылығы бо­йын­ша да суды пайдалану мөл­ше­рінің артқаны байқалады. Есіл бассейні аумағында тұратын халықтың саны 2,748 млн. адамды құраса, оның ішінде Сол­түстік Қазақстан облысында – 530,124 мың, Ақмола облы­сын­да –788,01 мың, Астана қа­ла­сында 1430,5 мың адам тұра­ды. Астана, Көкшетау және Пет­ропавл қалаларында тұрғын­дардың шоғырлануы жоғары (84 пайыз).

Су кодексі бойынша инспек­ция ауыл шаруашылығы сала­сы­ның сұранысы мен қажеттілі­гін өтеу мақсатында жерүсті және жерасты су ресурстарын пайдалануға рұқсат беруді жү­зе­ге асырады. Мәселен, жасыл желектерді тұрақты суару ауда­ны 12233 гектарға жуық. Вегета­циялық кезеңде бассейн аума­ғын­да арнайы су пайдалануға берілген рұқсаттар бойынша суаруға арналған кең таралған дақылдар – көкөніс пен жемшөп дақылдары. Өңірде ең ірі су пай­даланушылар – “Астық-STEM” ЖШС (Тайынша ауданы, суару алаңы – 285 гектар, су алу лимиті – 885,5 мың м3), АЗКО” ЖШС (Ға­бит Мүсірепов атындағы ау­дан, 232,4 гектар, 1019 мың м3), “Астық-Привольный” ЖШС (Ғабит Мүсі­ре­пов атын­дағы аудан, 1919 гектар, 77,828 мың м3), “ES Global Agro” ЖШС (Ғабит Мүсірепов атында­ғы аудан, 300 гектар, 1191,7 мың м3). Ал жерді пайдаланушы­лар­дың басым бөлігін шағын кә­сіп­керлік субъектілері құрайтын­дық­тан, инспекция тарапынан профи­лак­тикалық бақылау, жос­пар­дан тыс тексеру жүргізу өте шек­теулі. Бұдан бөлек, кәсіп­орын­­дар мен басқа да құрылыс­тар­­ды орналастыру, су объектіле­рінде, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде құрылыс және басқа да жұмыстарды жүр­гізу секілді мемлекеттік қызмет­тер атқарылады. Былтыр бұл ба­ғыт­та 180 келісімшарт жасалды. Су объектілерін санитарлық-ги­гиеналық және экологиялық та­лаптарға сай күтіп-ұстау және жерүсті суларының ластануын, бітелуін, сарқылуын болдыр­мау, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтау үшін ерекше пайдалану жағдайлары бар су қорғау аймақтары мен бел­деулерін белгілеу басты на­зарымызда. 86 су объектіле­рін­де, оның ішінде 76 көлде, Ша­рық су қоймасында, Есіл өзенін­де және оның екі саласы – Ақан-Бұрлық пен Иман-Бұрлықта, Жембарақ, Мұқыр, Аралтөбе, Қамысақты, Шарық өзендерін­де, Шудасай өзен­дерінің учас­келерінде су қорғау аймақтары мен белдеу­лері орнатылған.

Әсия ЕСІМСЕЙІТОВА,

су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі “Есіл” бассейндік инспекциясы республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық аумақтық бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp