Жыл сайын жаздың ортасында жұртшылық Астананың төл мерекесін атап өтеді. Астана күні – азаттықтың, еркіндіктің, бейбітшіліктің мерекесі. Бұл күні халқымыз осынау бейбіт күнді аңсаған бабалар рухына тәу етіп, Арқа төріндегі жаңа қаланың келбетіне тамсанады. Қазаққа уақыттың берген сыйы болған елорданың тарихымыз бен танымымыздағы маңыздылығын айтысады. Осынау мереке тек бас қаланың өзінде ғана емес, еліміздің әр өңірінде аталып өтіледі.
Қызылжарда Астана күнін атап өту Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы ұйымдастырған шарадан басталды. “Сүйікті Астанам” атты байқауға қатысушылар бас қала туралы жылы лебіздерін жариялап, олардың арасынан үздіктері арнайы сыйлықтармен марапатталды.
– Астана – тарихы бай, көрікті қала. Еліміздің жүрегі саналатын елордамыз өркендеп, дами берсін! Әлемдік деңгейдегі түрлі іс-шараларды ел астанасында өткізу дәстүрге айналған. Дүниежүзі елдері біздің елордамызды дәулеті тасыған, берекесі мығым қала деп мойындайды, – деді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Елена Семидоцких.
С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана қызметкерлері де мерекеден шет қалған жоқ. Мұнда өткен әдеби-сазды кешке жиналғандар өлең оқып, би билеп, бас қаланың тарихы туралы ой қозғады. Ақын Марал Оспанова, жазушы, журналист Жақсыбай Самрат, азаматтық қорғаныс лейтенанты Алмас Қобдолла және басқалар елорда туралы өз лебіздерін білдіріп, тарихына шолу жасады.
– Мен үшін Астана өте ыстық қала. Өйткені онда жастық шағым өтті. Қаладағы мемлекеттік медицина институтында 6 жыл білім алдым. Сондықтан бүгінгі шараға өз үлесімді қосу үшін қатысып отырмын. Елорда жайлы жазылған өлеңімді жиналғандар жылы қабылдады, – дейді Марал Зейнел-Ғабиқызы.
Аталған шарамен қатар кітапхана қабырғасында “Ел жүрегі – Астана” атты викторина өтті. Онда кітапхана оқырмандары сұрақтарға жауап беріп, өз білімін көрсеткендерге сыйға кітап берілді. Дәл осындай акцияны қалалық жастар ресурстық орталығының белсенділері де ұйымдастырды. Олар қала көшелерінде тұрғындарға сұрақтар қойып, дұрыс жауап бергендерді естелік сыйлықтармен қуантты.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.