«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бильярд – өнер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Белгілі журналист, қаламы қарымды жазушы, облысымыздың құрметті азаматы Жарасбай Сүлейменовтің 75 жас мерейтойына орай бильярд турнирі өтті. Халық жазушысы Ғабит Мүсірепов бильярдты өнерге теңеген екен. Жарысқа қатысқан Қызылжар мен Көкшетаудың ақын, жазушы, журналист, әншілері мен ұстаздары бұл өнерді жақсы меңгергендерін көрсетті.

– Қаламы қарымды қаламгер Жарасбай Қабдоллаұлын облыста танымайтын адам жоқ. Жәкеңнің атақтарын тізсек, сағаттап айтуға болады. Әдемі қартаюдың үлгісін көрсете білген жанға қарап, бой түзейміз. Ағамызбен талай мәрте сапарлас болдым, қасында көп жүрген жандардың бірімін, руханиятқа сіңірген еңбегі орасан. Бүгінгі жарыста тек бильярд ойнап қана қоймай, рухани байып қайтатындарыңызға кәміл сенемін, – деді облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов турнирдің ашылу салтанатында.

Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерік Нұрақаев қаламгердің азаматтық қырына тоқталса, жарысқа қатысушылардың атынан сөйлеген кәсіпкер Балдырған Ілиясов есімі елге белгілі азаматпен бір ауылда туғанын мақтан тұтатынын жеткізді.

24 қатысушы бақ сынасқан сайыста дәстүрлі әнші Біржан Есжан жүлдеге сынық сүйем жетпей тоқтап, “Көрермен көзайымы” аталымымен марапатталды. Қола медаль білім беру саласының қызметкері Данияр Шакеновке бұйырды. Турнирге қатысқан жалғыз нәзік жан Наталья Рогозина екінші орынға тұрақтаса, руханият жанашыры, “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының басшысы Қайрат Пішенбаев жеңімпаз атанды.

– Турнир жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қатысқандардың барлығы шеберлігін көрсетті. Осындай турнирлер жиі ұйымдастырылып тұрсын. Тек ойнап қана қоймай, дидарласып, рухани сусындайтын кездесулер көптеп өте берсін. Жарасбай ағамыздың мерейтойы құтты болсын, – деді Қайрат Сәкенұлы.

Мерейтой иесі Жарасбай Қабдоллаұлы жеңімпаз бен жүлдегерлерге медаль, кубок және ақшалай сыйлық, ал барлық қатысушыларға төл туындылары топтастырылған кітаптарын тарту етті.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp