“Саламатты Қазақстан” медициналық пойызы 24-31 шілде аралығында өңірімізде 7 стансаға аялдап, МӘМС аясында тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетеді.
Дәрігерлік бригаданың құрамында терапевт, хирург, педиатр, психолог, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика маманы, жалпы практика дәрігері, рентгенолог, кардиолог, тіс дәрігері, офтальмолог, отоларинголог, онколог-маммолог, гинеколог және уролог бар. Пойыз заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған.
Медициналық пойыз 24 шілде – Ақсуат пен Қайранкөлге, 25 шілде – Пресногорьковскаяға, 28 шілде – Тайыншаға, 29 шілде – Чкалово мен Дәуітке, 30 шілде – Қызылтуға тоқтайды.
Дәрігерлер тұрғындарды сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін тегін қабылдайды. Түскі үзіліс 13.00 – ден 14.00-ге дейін. Тұрғындар өздерімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттарын және бар болған жағдайда медициналық құжаттарын алулары қажет.
Әлеуметтік жоба Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Денсаулық сақтау министрлігінің және “Samruk-Kazyna Trust” әлеуметтік жобаларды дамыту қорының “Самұрық-Қазына” АҚ компаниялар тобының және әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ-ның бірлескен әріптестігі аясында іске асырылуда.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.