Қызылжар ауданына қарасты Большая Малышка ауылында көктемгі су тасқыны кезінде 300-ден астам үйге зақым келді. Бүгінде елді мекенде баспаналарды қалпына келтіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Оның жұмысымен Парламент Мәжілісінің депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода танысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Большая Малышка ауылында 321 үйдің 66-сы апатты деп танылды. Су тасқынынан зардап шеккендердің бір бөлігі көршілес ауылдардан және облыс орталығынан тұрғын үй алуға дайын. Ал қалғандарына баспананы жөндеуге материалдық көмек берілді. Павел Вожжов та тасқыннан зардап шеккен, үйі бір айға жуық уақыт суда тұрған. Қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
“Тұрғын үйді қалпына келтіруге 5 миллион 700 мың теңге бөлінді. Оның 2 миллион 300 мың теңгесі материалға жұмсалса, қалғаны баспананы жөндеп жатқан жұмысшыларға төленеді. Бүгінгі күнге дейін еден ауыстырылып, бірқатар шаруа тындырылды. Барлық жұмыстар шілденің соңында аяқталмақ. Жалпы бағалаушының жұмысы мен өтемақының мөлшері көңілімнен шықты”, – дейді Павел Вожжов.
Алайда сарапшы-бағалаушының жұмысына барлығының бірдей көңілі тола бермейді. Өңірде іссапармен жүрген мәжілісмендерге осыған қатысты көп сауал түскен. Сондай-ақ су тасқынынан зардап шеккендер сметалық құжатты қайта қарау, тұрғын үйге меншік құқығын растайтын құжаттардың болмауына қатысты мәселелерді шешуге көмектесуді сұрайды. Халық қалаулылары аталған мәселелер бойынша түсініктеме берді.
“Тасқыннан зардап шеккендердің 90 пайызы – Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының тұрғындары. Су тасқыны кезінде біз өтемақы төлеу ережелерін терең зерделедік.
Ол жерде өтемақы тек тұрғылықты жері бойынша тіркелгендерге ғана төленеді деп жазылды. Біз бұны қате санап, өз атымнан салалық министрлікке депутаттық сауал жолдадым. Бұл тармақ алынатын болды”, – деді Дмитрий Колода.
Бүгінгі таңда Большая Малышка ауылында 900 адам тұрады. Ауылда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. Жалпы Қызылжар ауданында су тасқынынан барлығы 1546 үй зардап шекті. Қазіргі уақытта 60-қа жуығы жаңа үйлерге қоныстанды.
* * *
Өңірге сапары барысында Мәжілістің “Ауыл” партиясы фракциясының депутаттары шаруашылық нысандарын аралап, ондағы ұжымдармен кездесіп, тұрғындарды қабылдады. Мәжіліс депутаты Николай Арсютинге жүгінген қызылжарлықтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларына жас мамандарды тарту туралы ұсыныстарын жеткізді.
Сонымен қатар Николай Арсютин Қызылжар ауданындағы “Молсервис” серіктестігінде болды. 1991 жылы негізі қаланған сүт өңдеу кәсіпорнында 30-ға жуық өнім түрі шығарылады. Өнімдері Қызылжармен қатар Астана, Көкшетау, Қарағанды дүкендерінде де сатылады.
Мәжіліс депутаты барған “Петерфельд Агро” серіктестігі де Қызылжар ауданында орналасқан. Онда сүтті және етті бағыттағы ірі қара бағылады. Бүгінде серіктестік қарамағында бірнеше сүт фермасы бар.
Николай Арсюгин көкөніс өсіретін “Зеленый север” ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын “Avagro” серіктестіктерінде және қағаз фабрикасында болып, өндіріс барысымен танысты. Сапар соңында депутат “Есіл су” серіктестігінің ұжымымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді, партияның жаңа мүшелеріне билеттерін табыстады.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.