Президенттің Жарлығына сәйкес облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов облыстың бір топ журналисіне мемлекеттік наградалар табыс етті. “Qуzуljar” телеарнасының бас редакторы Ақерке Қабыкеева, “Хабар” телеарнасының операторы Төлеген Иманов, “Qazagstan Media” ақпараттық порталының корреспонденті Светлана Дроздецкая “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталды. “МТРК” телеарнасының тақырыптық бағдарламаларының редакторы Әлия Икамбаеваға “Ақпарат саласының үздігі” төсбелгісі табысталды. Өңір басшысы мемлекеттік наградаларға ие болған журналистерді құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
Марапат алған “Qуzуljar” телеарнасының бас редакторы Ақерке Қабыкеева журналистика саласында жиырма жылдан астам еңбек етіп келеді. Еңбек жолын облыстық телеарнада редактор болып бастаған ол кейіннен “Qazaqstan” ұлттық телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі болды.
– Биыл бұл салаға келгеніме 21 жыл толды. Кәрібай Мұсырман, Нәзира Құрманкина секілді белгілі журналистердің мектебінен өттім, шыңдалдым. Өзіме артылған міндетті жауапкершілікпен орындауға тырыстым. Бүгін еңбегімнің еленіп жатқанына қуаныштымын. Телеарна – ұжымдық жұмыс. Бір минуттық материал көрерменге жетпес бұрын қаншама маман еңбектенеді. Сол себепті бұл марапат қарашаңырақ –“Qуzуljar” телеарнасының жұмысына берілген лайықты баға деп есептеймін, – дейді Ақерке Дәуренбекқызы.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.