Алты айда өңірімізде интернет-алаяқтықтың 362 фактісі анықталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға көп. Мамандардың пікірінше, интернет алаяқтықтың жартысына жуығы “банктенмін” деп қоңырау шалу арқылы жасалынады.
Осы орайда полиция қызметкерлері тұрғындар арасында кезекті ақпараттық-түсіндіру шарасын ұйымдастырып, егде жастағы жандарға айлакерлерден қорғану амалдары жазылған жадынамалар таратып, сұрақтарына жауап берді.
Мамандардың айтуынша, бейтаныс нөмірден келген сілтемеге сенудің қажеті жоқ. Сондай-ақ белгісіз адамның айтуымен бөгде қосымшаны жүктеген болсаңыз, телефоныңыз алаяқтың иелігінде дей беріңіз. Өйткені қулар жүктелген қосымша арқылы қашықтан-ақ ұялы телефоныңызды басқарып, сіздің атыңызға несие ресімдей алады. Статистикаға сүйенсек, елімізде алаяқтардың арбауына түсетіндер – егде жастағы адамдар.
Полиция қызметкерлері жедел алдын алу шарасы аясында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттырып, алаяқтардан қорғану мақсатында “eGov.mobile” қосымшасындағы “Банктік несиелерді, микрокредиттерді алудан ерікті бас тарту” қызметі туралы баяндады.
– Бұл тетікті іске қосқан тұрғындар несие ресімдеуді 6 айға бұғаттайды. Содан кейін ешкім бейтаныс адамның сыртынан несие ресімдей алмайды, – дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Милена Балацкая.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.