«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Домбыра — ұлттың үні

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Орталық алаңда Ұлттық домбыра күніне арналған “Ұлы дала үні” атты мерекелік концерт өтті. Бекзат өнерді ұрпағына аманат еткен Құрманғазы, Тәттімбет, Дина, Қазанғап, Сүгір, Дәулеткерей сынды күй қырандары мен Қожаберген жырау, Сегіз сері бабаларымыздың дәстүрлі жолын жалғастырған өнер ұжымдарының концерті жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Жанат Айтбаев, Дәмеш Құрманкина, Біржан Есжан, Еркебұлан Қарыпов, Ғалымжан Нұрпейісов, Асхат – Динара Таушевтар орындаған әндер кештің шырайын кіргізе түсті.

– Мен – мәдениет саласының үздігі Біржан Есжаннан тәлім алып жүрген жастардың бірімін. Бала күнімнен домбыра тартуға әуес болдым. Бүгінгі шарада “Харарау” деп аталатын халық әнін орындадым. Алдағы уақытта үлкен сахнада өнер көрсеткім келеді. Ұлттық домбыра күні баршамызға құтты болсын, – деді Есіл ауданынан келген Жансая Сәулет.

Асхат Ғалеев, Бәйімбет Құбайдолла, Әсет Ерманның нақышына келтіріп орындаған күйлері, Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен орындалған әндер, “Әдемі-ау” ансамблінің биі жиналғандарға ерекше шабыт сыйлады. Есіл, Ақжар, Аққайың аудандарынан арнайы келген Мейрамгүл Здуалиева, Рахмет Айғожин, Тоймырза Абашовтар төл өнердің құдіретін әспеттей түсті.

– Шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні аталуы мерейімізді үстем қылып, абыройымызды асқақтата түсті. Мұндай іс-шаралар жастарды отансүйгіштікке баулиды. Домбырада ұлттың сан ғасырлық тарихы, үні, тағдыры жатыр, – дейді облыстық халық шығармашылығы және мәдени-бос уақыт қызметі орталығының директоры Жанболат Мұқанов.

Бұл күні дәл осындай концерт “QYZYLJAR Art” орталығында да ұйымдастырылды. Оны “Теріскей” фольклорлық-этнографиялық ансамблі өткізді.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp