«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Атқа міну адамды қанаттандырады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің агротехнология факультетінің 1 курс студенті Мария Патошкина Астана қаласында өткен “Жамбы ату” республикалық федерациясы кубогының солтүстік өңірлік кезеңінде жүлделі екінші орынға ие болды. Жарыста шеберліктің жоғары деңгейін көрсеткен шабандозбен болған әңгімені оқырман қауымның назарына ұсынамыз.

– Жамбы атумен қашаннан бері айналысасың? Оған дейін басқа спорт түрлерімен шұғылданып көрдің бе?

– Ат спорты туралы айтпас бұрын оның пайда әкелетін тұстарына тоқтала кетейін. Жүйке жүйесін тыныштандыратын, эмоцио­нал­ды күйді қалпына келтіретін, қан айналымды, жүрек жұмы­сын, ас қорыту, тыныс алу жүйе­лерін жақсартатын спорт түрі екенін естен шығармайық. Және барлық психологиялық про­цестерді қайта қалпына келтіреді. Адам сабырлы, көңіл күйі көтеріңкі, салмақты болады. Атқа мінсең, стресстен ары­ласың.

Мен 6 жасымнан бастап ат спортымен айналысып келемін. Жорға жарыс, аламан бәйге және басқа да көптеген жарыс­тарда тәжірибе жинадым. Ал жам­бы атуды соңғы 4 жыл жаттығып жүрмін.

– Атқа мініп, садақ ату бол­мысыңа, мінезіңе қалай әсер етті?

– Атқа мінген адамның міне­зінде мақсатқа жетуге деген тал­пыныс, нақтылық және төзімді­лік сияқты қасиеттер дамиды, бір сөзбен адамды қанаттанды­рады. Тарихы тым тереңде жат­қан спортпен айналысу оңай еместігін осы жолда жүрген адамдар ғана біледі. Ертеде кең тараған мергендер сынының ұмытыла бастағаны рас. Деген­мен соңғы уақытта қазақтың ұлт­тық ойыны ретінде дамып, өр­кен­деп келеді. Бірақ соны әлі дұ­рыс көрсете алмай жүрміз.

– Жамбы атумен айналы­сатын спортшының бойында қандай қасиет болуы керек?

– Жамбы ататын спортшы­ның мінезінде табандылық сияқ­ты қасиет болуы керек деп санаймын. Себебі бұл – күн­де­лікті жаттығулар, дағдылары­ңызды шыңдау және оны жетілдіру.

– Атқа мініп, садақ атып жүргеніңе ата-анаң қалай қа­райды?

– Менің ат спортына деген сүйіспеншілігімді оятқан адам – анам Ольга Юрьевна Патошки­на. Ол ұзақ жылдар бойы менің жаттықтырушым болды. Демек ата-анам мені қолдайды, қиын спорт түрімен айналысуыма көмектеседі.

Жүйрікке де, тұлпарға да міндетті түрде бапкер қажет. Жал­пы әрбір адам тәлімгердің алдынан өтеді. Мен ұлттық ат спорты түрлері бойынша об­лыстық балалар мен жасөспі­рімдерге арналған спорт мекте­бінде жаттығамын.

Ат спорты маған күн тәртібін ұтымды жоспарлауды үйретті. Тұрақтылықта береке барын көр­сетті. Қазір жаттығуларды уни­верситеттегі оқуға кедергі келтірмейтіндей үйлестіремін. Бұл ісімді оқытушылар құптап, жеткен жетістіктеріме қуанып, тілеулес екендіктерін білді­ріп жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp