«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Туған жер төрінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірдің қонысқа жайлы, та­би­ғаты сұлу, тарихы терең аймақтарының бірі – Шал ақын ау­даны. Қасиетті мекеннің жасыл даласы, өзен-көл, орман-тоғайы, тіпті қазақы қалпынан айны­маған ақжүрек халқы да бұл жердің ежелден қазақтың ән-жырына, асыл сөзіне бесік болған атырап екенін еске са­лып, көңілді ерекше әсерге бө­лейді.

Кешегі жыраулар поэзиясы­ның соңы, жаңа заман әдебиеті­нің басы саналған Шал ақыннан бастап бұл ауданда небір әде­биет майталманы құндақталды. Сөз қонған киелі топырақтан қазақтың небір майталман ақын-жазушы, ғалымдары өсіп шықты. Мұндағы ел де өзінің асыл перзенттерін жадынан шығарған емес. Ауданда жергілікті ақын-жазушылардың мерейтой­лары үнемі атап өтіліп, ірілі-ұсақты шаралар ұйымдасты­рылып тұрады. Биыл да мұнда қуаныш көп. Соның ішінде жазушы, журналист, қо­ғам қайраткері Жарасбай Сү­лейменовтің 75 жасқа толған мерей­тойына аудан халқы ерекше дайындалыпты.

Қаламгер мерейтойына орай Жарасбай Сүлейменовпен бірге ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегма­нов Шал ақын ауданында бо­лып, жұртшылықпен кез­десті.

Аудандағы мерейтойлық ша­ралар осындағы Шал ақын ес­керткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Белгілі ақынға тағзым ету рәсімінен кейін Жарасбай Қабдоллаұлы жиылған жастар­мен кездесіп, ақ жол тілеп, ақ батасын берді.

Кейін аудан әкімі Рахат Сма­ғұлов келген меймандарды орта­лықта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Соң­ғы бірнеше жылда Сергеевка қа­ласының кейпі біршама жақ­са­рып, тұрғындар серуендеп, бос уақытын өткізетін орындар пай­да болған. Бұл жоспарланған жұмыстардың нағыз қызған шағы екен. Мәдениет үйі жөн­деліп, бірнеше көшеге асфальт төселіп жатыр. Одан басқа да іс­теліп жатқан дүние көп. Қаланың орталық көшесімен серуендеген қаламгерлер мұндағы нысан­дарға, орнатылған ескеркіш­лерге оң пікірлерін білдіріп жат­ты. Жұртшылыққа жаяу серуен­деуге арналған ұзын көше халықтың жиі қыдыратын орны екені көрініп тұр. Екі жағы гүлге оранған, ағаштардың саясын­да­ғы жол жанға тыныштық сыйлай­ды. Соңғы жылдары іске қосыл­ған маңызды нысандар да осы көше­нің бойында. Жуырда бұл маңға саяси-қуғын сүргін құр­бан­дары, өзге де кеңестік саяси науқандардан зардап шеккен­дерге арналған ескерткіш ашыл­ған. Ауданда дүниеге келген, қыз­мет еткен, осы мекеннің тари­хында өшпес ізін қалдырғандар­ға арналған Даңқ аллеясы да оңтайлы ұйымдастырылған. Кө­шенің екі жағындағы ескерткіш тақталарда Зейнел-Ғаби Иман­баев, Кәкімбек Салықов, Ермек Қонарбаев, Герольд Бельгер, Ніл Болатбаев, Евней Бөкетов, Ғалым Малдыбаев, Ахметжан Нұртазин т.б. тұлғалардың суре­ті салынып, өмірбаяны қаша­лып­ты. Өткен жылы жарық көр­ген аудан өмірі туралы “Ақын­дардың атасы” атты кітапта да осындай асылдар туралы ақпа­раттар жинақталыпты. Сая­бақ­ты аралаған қонақтар мерейтой иесінің ұстазы, қаламгер Сейтен Сауытбековтің ескерт­кіш тақта­сына гүл шоқтарын қойды.

Одан әрі аудан орталығын­дағы музейде ақын-жазушылармен кездесу өтті. Кеш тізгінін ұс­таған аудан әкімі Рахат Смағұ­лов Жарасбай Сүлейменовті мерейлі жасымен құттықтады.

– Жарасбай Сүлейменов жа­зушылық пен журналистикада көп жыл тер төгіп, шәкірт тәр­биеледі. Ағамыздың еліне, жұртына деген ерекше ыстық сезімі ешқашан басылған емес. Халқыма пайдам тисе екен деген таза ниеттегі азамат күрделі мәселелерді қопарып жазып, түйткілдерді шешуге ат­салысты. Осылайша ол өзінің өткір мақалаларымен оқырман қауымның жүрегінен орын алды, – деді аудан әкімі.

Шараға жиылған жұрт қа­ламгер шығармашылығынан сыр шертетін көрме мен шағын бейнефильмді тамашалады. Мұнда жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты. Белгілі ақын Ғалым Жайлыбай өзі­нің қаламдас досына арнаған жырын оқыды.

Балуанда туылдың да, Шал ақында,

Сөз алдың саңлақтардың санатында.

Нар нұлғаң байтағыңа баян тілеп,

Ар тұнған арманыңның қанатында, – деп жырлады ақын.

Жазушылар одағы төрағасы­ның орынбасары, ақын Қасым­хан Бегманов та мерейтой иесіне арнаған жылы лебізін жеткізді.

– Кешегі Шал ақын, Мағжан, Сәбит, Ғабит туған далада өсіп, бүкіл қазақ даласына танылған қаламгер ағамызға әрдайым ба­сымызды иеміз. Жуырда Жазу­шылар одағы тағайындайтын халықаралық “Алаш” әдеби сый­лығын осы өңірден алғаш болып Жарасбай ағамыз иеленді. Аға­мыздың шығармашылығын үне­мі бақылап, оқып отырамын. Әсі­ресе “Ноғайбай би” романының орны бөлек. Ардақты ағамыз­дың кіндік қаны тамған өлкеге ке­ліп, осындағы ағайынмен кез­де­сіп отырғаныма қуаныштымын, – деді ақын.

Жиында жазушының ауыл­дас, замандас, сыныптастары да сөз алып, естеліктерін айтты. Соңында аудан әкімі қаламгерге “Шал ақын ауданының құрметті азаматы” атағын табыстап, ша­пан жапты. Жарасбай Сүлейменов жерлестеріне жаңадан бас­па бетін көрген 5 томдық шы­ғар­малар жинағын сыйға тартты.

– Осы кешке келген азамат­тардың бәрін жақсы білемін. Бә­ріңізге бүгінгі шараға келгендері­ңіз үшін алғыс білдіремін. Қазақ­тың белгілі ақындары Ғалым Жайлыбай мен Қасымхан Бег­мановты өздеріңізбен кездестір­сем деген ниетім де орындалды. Осы кешке келген жастар бір ойды жүрегіне түйсе, біз үшін үл­кен олжа. Ауданға келген бүгінгі сапарда қуанып әрі толқып тұрмын. Сіздерге өте ризамын, – деді шара соңында Жарасбай Қабдоллаұлы.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp